Жексенбі, 25 Қыркүйек 2016   |   657 рет оқылды

ТҰТ ЖАПЫРАҒЫ

Мұхаммед бин Идрис шежіресі Құрайыштан бастау алатын ғұлама. Қарапайым жұрт оны – имам Шафиғи есімімен таниды. Шафиғ – оның атасы. Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзін көрген кісі. Сахаба. Мұхаммед бин Идристің Шафиғи боп аталуды қалауының сыры да сондықтан.

Имам Шафиғиден философтар: «Жаратушының бар екеніне қандай дәлел бар?»,-деп сұрағанда имам: «Тұт жапырағы. Оның дәмі, иісі және түсі баршаң мәлім. Тұт жапырағын құрт жесе – жібек шығады, ара жесе – бал шығады, қой жесе – құмалақ шығады, ал киік жесе қош иісті миск шығады. Тұт жапырағынан осылайша түрлі нәрсе шығарып жатқан кім?»,-деп Жаратушының барлығын бір-ақ жапырақпен дәлелдеп береді. Ғалымның сөзі пәлсапашылар ойынан шығып, бірауыздан иманға келген деседі[1].

Құран Кәрімде: «Ақиқатында, аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің ауысуында ақыл иелері үшін белгілер бар[2]»,-деген иләһи нұсқаулар ғаламдағы әрбір туынды өз Иесінен хабар беретіндігін ескертуде.

Бір дала арабы: «Жаратушының бар екенін қайдан білесің?»,-деген сұраққа: «Тезек түйенің, жапа есектің ал іздер жүріп өткен жаяу жүргіншіден хабар береді. Ал, жұздызға тола аспан, шексіз шөл дала, толқынды теңіз  барлығын Білуші, асқан құдірет Иесінің барлығын көрсетпей ме?!»,-деп жауап берген екен.

Он сегіз мың әлем деген ұғым бар. Адамзат әлемі, жануарлар әлемі. Өсімдік әлемі. Осылай жалғаса береді. Әлем – белгі деген мағынаны білдіреді. Әрбір әлем Жаратушынының бар екеніне бір белгі. Әлемнің бар болуы Жаратушының бар екендігіне, ал әлемдегі мінсіз жүйе Жаратушының Жалғыз екенінің белгісі.



[1] Сираж әд-Дин Омар бин Исхақ Ғазнауи, «Шарх ақидат имам Тахауи», 42-бет

[2] Әли Имран сүресі, 190-аят

Мұхаммед Ибраһим
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы