Жексенбі, 25 Қыркүйек 2016   |   808 рет оқылды

ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ – ЖЕЛ ҚАЙЫҚ

Қысылтаяң шақтарда Жаратқанға жалбарынып, тәуекел ету нағыз мұсылмандықтың белгісі. «Ер жолдасы – тәуекел» деп Тәңірге шынайы тәуекел етуді тіршіліктің басты негізі етіп алған ата-бабаларымыз хақиқи иманның үлгісін көрсетті. Тіршілікте Алла Тағаланың қолдауына үміт артып, «нар тәуекел» деп білекті сыбана әрекет ету қазаққа тән қажырлылық қасиеті. Содан болар ел аузында мынадай ұлағатты сөздер кең тараған. «Уайым түбі − тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі − жел қайық, мінесің де өтесің». «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан өтпейді». «Ер жолдасы – тәуекел». «Тәуекелшіл тау жығар».

Мұндай шынайы имани ұстаным діннен алынған тағылымның нәтижесінде пайда болған. Ардақты аяттар мен хадистер осыны айғақтайды.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ﴾

Алла Тағала: «Егер бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Ақиқатында, Алла (Өзіне) тәуекел еткендерді жақсы көреді», – дейді[1].

عَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ «لَوْ أَنَّكُمْ تَوَكَّلْتُمْ عَلَى اللهِ حَقَّ تَوَكُّلِهِ لَرَزَقَكُمْ كَمَا يَرْزُقُ الطَّيْرَ: تَغْدُو خِمَاصًا، وَتَرُوحُ بِطَانًا».  رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.

Омар (р.а.) Алланың Елшісінің (с.а.с.): «Егер сендер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай ризық берер еді», – дегенін естігендігін айтады[2].

Тәңірге тәуекел етумен бірге лайықты әрекет ету де қатар жүреді. Әйтпесе, «алма піс, ауызға түс» деп босқа үміттеніп жата берудің еш жөні жоқ.

عَنْ أَنَسٍ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: قَالَ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَعْقِلُهَا وَأَتَوَكَّلُ، أَوْ أُطْلِقُهَا وَأَتَوَكَّلُ؟ - لِنَاقَتِهِ، فَقَالَ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اِعْقِلْهَا وَتَوَكَّلْ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбардан (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе, жоқ әлде бос жібере салып, тәуекел етейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет», – деген екен[3].



[1] Әли Имран сүресі, 159-аят.
[2] Ибн Мәже риуаят еткен.
[3] Термези риуаят еткен. 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы