Сәрсенбі, 09 Қараша 2016   |   845 рет оқылды

МҮМІННІҢ МҰРАТЫ – КӨРКЕМ МІНЕЗ

Көркем мінез – адамның іс-әрекетін, ішкі және сыртқы сезімдерін қамтитын бесаспап ауқымды жүйе. Ал оны толық қамтитын – бүкіл адам баласына ортақ діни қағидалар.

«Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал Аллаһтан қорқу мен көркем мінез»

(Хадис)

Адам баласы қауым болып өмір сүруге бейім жаратылған. Жеке және қоғамдық қатынастарды рет¬теуде, жүйелеуде көркем мінездің орны ерекше. Көркем мінез – адамның іс-әрекетін, ішкі және сыртқы сезімдерін қамтитын бесаспап ауқымды жүйе. Ал оны толық қамтитын – бүкіл адам баласына ортақ діни қағидалар. Жаратушы адамды жаратқанда оның неге мұқтаж екендігін жақсы білгендіктен, өмір сүруін жеңілдету мақсатында елшілер жіберіп отырған. Қандай да бір жүйені пенденің өз еркіне салса, ол жүйесіздікке ұрындырады. Бүгінгі қоғамымыздағы түрлі мінез-құлық нормалары соның айғағы. Батыс пен шығыстың құндылықтары екі бөлек болғандықтан, жалпы адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың болуы заңды. 

Осындай адам баласына тән ортақ құндылықтар бір бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) болды. Пайғамбарымыз:

إنَّما بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاقِ

«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осы¬лайша ол Ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан.    

Аллаһ елшісінің саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды.  

 «Көркем мінез» жайлы білмек болған бір кісіге пайғамбары(мыз (с.а.с.): 

«(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер»   деген аятты оқып:

– Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп қорытқан. 

Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр ба¬сатын бірден-бір амал – Аллаһтан қорқу мен көркем мінез»   екенін айтқан.

Бір кісі Пайғамбарымызға келіп:

– Дін деген не? – деп сұрағанда:

 – Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар. 

Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан «Көркем мінез» деген жауапты алған.

– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз:

– Көркем мінез, – деген. Тағы басқа бірнеше хадистерінде:

– Аллаһ бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер;

أكْمَلُ المؤْمِنِينَ إيمانًا أحْسَنهُمْ خُلُقاً

– Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны;

إنَّ مِنْ أحَبِّكُمْ إلَيَّ وَ أقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْم القِيامَةِ أحاسِنُكُمْ أخْلاقًا..

– Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз ...; 

–Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді);

اِتَّقِ اللهَ حَيْثُما كُنْتَ ، و اَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا ، وَ خالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ

– Қайда болсаңдар да Аллаһ Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуып-шаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар!  деп, бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан. 

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны жыққанмен бірдей.    

Пайғамбарымыздың басты ерекшелігінің бірі – халыққа тек құрғақ үгіт-насихат айтып қана қоймай, оны өзінің нұрлы өмірі арқылы өрнектеп көрсете білуі. Сондықтан да жомарттық, әділдік, шынайылық, шыншылдық, сенімділік, мейірімділік, тақуалық, сабырлық қасиеттерінің ең биік шыңында қашан да ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.)  тұрады. 

Пайғамбарымыздың бөле-жара айта кетер бір қасиеті – адам баласындағы бір-біріне қарама-қайшы мінездерді өз бойында ерекше үйлесімділікпен жинақтай білуі еді. Асылында мінез тепе-теңдігін әркез сақтау  жеңіл іс емес. Мысалы, бір адам аса жомарт бола тұра оның сол жомарттығы дарақылыққа, ысырапқа апаруы бек мүмкін немесе аса үнемшіл, ұқыпты боламын деп жүріп сараңдыққа бой алдыруы да ықтимал. Батыр, қаһарман болуы мүмкін, бірақ бұл қасиеттің де өз арнасынан шығып, алды-артын аңдамайтын, жақсы-жаман деп талғамайтын бірбеткей қатігездікке ұласуы да ғажап емес. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) болса, ешбір жақсы қасиетті екінші бір қайшылық тудыратын қасиетпен шатасты¬рмаған және өз арнасынан асырмаған. Аллаһ елшісі (с.а.с.) ержүрек, батыр және мұнысымен қоса мейірбан, рақымды һәм кішіпейіл. Алайда, тым кішіпейіл, мейірімді болса да ешқашан қорқақтық пен қорлануға бас имеген. Өте салмақты, байсалдылығымен қоса жанындағы адамдарға шаттық сыйлай алатын, күлкісі күміс шашқан, жүзі жарқын нұрлы.  Күллі ғаламға ұстаздық етіп, ауқымды мәселелерді қозғаған Пайғамбарымыз кішкентай бүлдіршіндермен құмда отырып ойыншық ойнайтындай қарапайым. Яғни, Аллаһ елшісі (с.а.с.) әркез таразының екі басын тең ұстап, тепе-теңдікті сақтай білген. 

Жан-жақты жетілген, кемел адамның бойынан табылуға тиіс көркем мінездерді өз жүйесімен бір-бірімен шатастырмастан үмбетіне іс жүзінде көрсете білген адам – пайғамбар болмағанда, кім болмақ?

Тарихта болған ұлы тұлғалардың өміріне зер салсақ, олардың жалғыз ғана қасиеттерімен дараланып көзге түскенін көреміз. Айталық, кейбіреуі Атымтай¬дай жомарт, бірақ дәл сондай дәрежеде кешірімді, кішіпейіл емес. Кейбіреуі кешірімді, кішіпейіл, бірақ ашуын ақылға жеңдіре алмайтын сабырсыз. Ержүрек батыр, бірақ, мейірбан емес. Ал, Пайғамбарымыз болса – асыл қасиеттердің бәрін бойына жинақтай білген әрі әрбір қасиетті өз биігінде қолдана білген теңдессіз жан.

«Иә, Пайғамбарымыз қияметке дейін келіп-кетер күллі адамзатты тәнті еткен осы ұлы қасиеттер мен көркем мінез-құлықты қайдан үйреніп, қайдан алды? Оны (с.а.с.) тәрбиелеп өсірген кім? Әке-шешесі дейін десек, Пайғамбарымыз әкесінен анасының құрсағында алты айлық кезінде, шешесінен алты жасында айыры¬лып,  тұл жетім қалды. Демек, Аллаһ елшісінің тәлім-тәрбиені әке-шешесінен алуы еш мүмкін емес. Ал, өскен ортасы, өмір сүрген қоғамынан дейін десек, ол қоғамның тарихта «надандық, қараңғылық» дәуірі деп қара таңбамен қараланғаны бәрімізге мәлім. Мұндай қараңғы қоғам өзінде жоқ қасиеттерді  басқаға қалай бермек? Олай болса, Пайғамбарымызға бұл көркем де әсем қасиеттерді беріп, арнайы тәрбиелеп жетілдірген Әлемдердің Раббысы – Аллаһ екендігі айдан анық. Адам баласына қыстың күні мұз бетінде бЕйшешек сыйлаған Раббымыз «надандық дәуірде» Пайғамбарымыздай нұрлы тұлғаны жетілдіріп, ғаламға рақым сыйлады. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисінде:

أدَّبَني رَبِّي فَاَحْسَنَ تَأدِيبِي

«Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» – деп осы шындықты айқындап берген. 

Иә, Пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған кемел мінез-құлық – оның пайғамбарлығының белгісі мен нышаны екені хақ.

Енді Пайғамбарымыздың пайғамбарлық келгенге дейінгі өміріне көз жүгіртер болсақ, ол (с.а.с.)  қырық жасына дейін ел ішінде ең сенімді тұлға ретінде танылған. Мекке халқы оны «Мухаммадун Амин», яғни, «Сенімді Мұхаммед» деп атайтын. Кез келген адам  сапарға шығар болса, қолындағы ең құнды зат¬тарын еш күмәнданбастан Пайғамбарымызға аманат¬тап тапсыратын. Пайғамбарымыз өмірінде ешбір аманатқа қиянат жасамаған. Өйткені, оның дінінде аманатқа қиянат ету, уәдеде тұрмау және жалған сөйлеу – екіжүзділіктің нақ белгісі. Тіпті, Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшуге мәжбүр болған кезде де қолындағы Мекке халқының аманатын иелеріне тапсыру үшін хазірет Әлиді орнына қалдырған. 

Міне, ол (с.а.с.) осылайша өзіне қарсы шығып, тіпті  өлтіруді жоспарлап, елінен, жерінен кетуге мәжбүр еткен пенделердің де аманаттарына қиянат ет¬пеген. Не деген сенімділік, не деген туралық десеңізші!

Мекке халқы оның қырық жасына дейін бір рет болсын жалған сөйлегеніне куә болмаған. Жалғандық оның (с.а.с.) үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін. 

Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасына дейін бір де бір өтірік айтпаған адам мінез-құлқы әбден толысқан қырықтың қырқасына шыққанда қалайша өтірік айт¬сын?», – деп Пайғамбарымыздың дінін еш күмәнсіз қабылдап, бірден мұсылман болған-ды.  

Міне, өзі өмір сүрген қоғамда титтей де өтірік ай¬тып көрмеген жан бойында қалыптасқан бар қасиетін бір-ақ күнде өзгертіп, дін сияқты салмақты мәселеде дүйім жұрттың, тіпті, қияметке дейін келіп-кетер адамзаттың алдында қалайша еш шімірікпестен «Мен пайғамбармын» деп жер-жаһанға жар салып жалған сөйлесін?!...» . 

Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деу арқылы көркем мінездің өзінің пайғамбарлық ұлық мақсатымен тікелей байланысты екенін көрсетіп кеткен. Оның мінез-құлқы – Құранның тәлім берген сүттен ақ, судан таза ұстанымдарының жиынтығы. Айша анамыздан біреулер Пайғамбарымыздың мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы – Құран ғой»  деп жауап беруі осының дәлелі.  

Бірде біреулер Халид ибн Уәлидтен Пайғамбарымызды суреттеп беруін өтініпті. Халид болса Пайғамбарымыздың болмыс-бітімін тілмен ай¬тып жеткізудің мүмкін еместігін айтады. Бірақ, ел-жұрт Халидтің ең болмағанда өз түсінік дәрежесінде айтып беруін өтінгенде: 

– Жіберілген (елші) Жібергеннің ұлылығына сай болды. Ал Жіберуші күллі әлемнің жаратушысы болса, онда жіберілгеннің қандай болғанын өздерің ойлай беріңдер, – деп жауап берген екен.

Аллаһ елшісі (с.а.с.) пайғамбарлығынан бұрын да қара қылды қақ жарған әділдігімен, сөзіне беріктігімен, сенімділігімен, мейірімділігімен және қол ұшын беруге әзір тұратын елгезектігімен теңдессіз үлгі көрсетті . 

Өзіне алғаш рет уахи келген кезде бұдан қорыққан Аллаһ расулын жан жары хазірет Хадиша анамыз: «Сен әрқашан шындықты айтасың. Аманатқа қиянат жасамайсың. Туған-туыстарыңмен сәлемің түзу, қабағың ашық. Көршілеріңе мейірімдісің. Кембағалдар мен кедейлерге қол ұшын беріп, мүсәпірлерді үйіңнің төріне шығарып, оларды қадірлеп, қонағыңдай күтесің. Халқың қиындыққа ду¬шар болғанда жәрдеміңді аямайсың. Уаллаһи, сені бұл үмбеттің пайғамбары болар деп үміттенемін” , – деп басу айтқан болатын.

Пайғамбарымыздың ғұмыры – адамзатты жеке әрі қоғамдық-саяси әрі материалдық-рухани тығырықтан алып шығар көркем мінезге көмкерілген сара жол. Оның көркем мінезі мен туралығы, шипалы кәусар сөздері, салған нұрлы жолы күнәға белшесінен батып, өмірден күдер үзген жандарға үміт сыйлады.  

Пайғамбарымыздың:

أوَّلُ ما يُوضَعُ فِي الْمِيزَانِ ألْخُلُقُ الْحَسَنُ

«Таразыға ең алғаш тартылатын нәрсе –  көркем мінез» ,- деген хадисі – кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам іспетті. Ешкімді сөзімен және қылығымен ренжітпей, таспен атқанды аспен ата білу де – көркем мінез бен парасаттылықтың белгісі. Жақсымен жақсы қарым-қатынас жасау кім-кімнің болса да қолынан келеді. Алайда, жақсылықтан үрке қашатын жандармен де жақсы қатынас жасай білу – екінің бірінің қолынан келе бермейді.    

Көркем мінезділікке қол жеткізу – жүрек тазалығының белгісі. Жүрек күпірліктен азат болғанда ғана тазалыққа жол ашылмақ. «Жүрегім таза, халықты жақсы көремін, үнемі қол ұшын беруге дайын тұрамын» деумен іс бітпес. Негізінде адами құндылықтарды құрметтеу өте маңызды. Алайда, сол құндылықтардың мән-мағынасын біліп, үнемі есте ұстау иманмен тікелей байланысты.  Адамның иман болмаса істеген жақсылығын жалғасы да болмайды. Өзегі қуыс ағаш секілді үдей соққан дауылға шыдас бермей, шорт кетіп сынған күйі жер жастана құлары сөзсіз. 

Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүтін адамзатқа пайдалы қызмет етті делік, алайда, жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін. Сол сияқты әлемнің Жара¬тушысын, Иесін танымаған адам отанына, халқына қанша қызмет жасаса да ақиретте пайда бермейді. 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Аллаһумма ахсин хулуқи кәма ах¬санта халқи» «Аллаһым, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет»  деп үнемі Аллаһ Тағаладан жалбарына сұраған. 

Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен са¬хабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек.  

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы