Жұма, 17 Ақпан 2017   |   351 рет оқылды

ӨЗІҢЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ ЕМЕС

Өткен жылы қоғамдық сананы сансыратқан мәселелердің ішінде өзін-өзі өртеу, асу, жарып жіберу, өз баласын терезеден лақтыру, жаңа туған нәрестесін көміп кету оқиғалары жиілеп кетті. Мұны суицид оқиғасы ретінде әлеуметтік, психологиялық, медициналық тұрғыдан жауап беріп жатқандар бар.

«Ауруын жасырған арам өледі» демекші, пайда болған осы тәріздес құбылыстарды өз алдына талдаған жөн секілді. Мәселе біреуге кінә арту немесе жазықтыны табуда емес, алдымен осындай оқиғалар қалай орын  алуда, діни таным бұған не дейді, не істеу керек деген сұрақтарға ойыссақ.

Құқықшылар мен психиатр ғалымдардың айтуынша, өзіне-өзі қол жұмсау құбылысы көбінесе, депрессиялық ауруларға шалдыққандар, психитриялық ауытқуы барлар, ішімдікке салынғандар және нашақорлар, аспа ауруы кездесетіндер; жыныстық жағынан, әйелдерге қарағанда еркектерде; жас ерекшеліктері бойынша да 15-34 жастағы сосын 65 жастан жоғары жастағыларда, жүктілік кезеңдерінде; әлеуметтік тұрғыдан, бойдақтарда, әсіресе ажырасқан отбасыларда, жұмыссыздар мен зейнеткерлерде; психологиялық хронологиялық ауруға шалдыққан үміті үзілгендерде, материалдық қысымнан жапа шеккендерде; саяси-діни фанаттарда өзі және өзгені өлімге қию фактілері артып отыр екен.

Жалпы адамның дүниеге келуі мен кетуі де өз еркі мен таңдауындағы мәселе емес. Сондықтан, өз өмірін де өзгенің өмірін де қию, адамдықтың өлшемінде қарастырылмақ емес. Шындығында о баста, адамға мына дүниеге қашан келетінін, кімнен туатынын, қай жерде туып, өлетінін таңдау еркі де, құқы да берілмеген. Адамдағы жан да, хақ та, құқық та, ерік те ол аманат. Яғни, оның иесі, сұраушысы бар деген сөз. Енді сол аманат жанды, иесінің еркінен тыс өлтіру не азаптау ол қиянат. Аллаға деген сатқындық. Ислам діні бойынша, тегіне, түсіне, руына қарамастан әрбір адам өмірі ол ең басты құндылық. Оған ешкімнің қол сұғуына хақысы жоқ. Ислам соғыс, өлім, асылық, төңкеріс сияқты әлеуметтік жүйеге, қоғамға қауіп төндіретін лаңкестіктер болмаса, адам құқына қол сұғылуын қабылдамайды. Керек десеңіз ислам, күпірліктің өзін өлім себебі ретінде қабылдамайды. Иасауи айтпақшы, «Кәпір де болса, зарар берме» деген ұстаным, осы ислам дінінің әділет өлшемі. Ислам діні, өзіне қол жұмсау үлкен күнә деп есептеп, ақыретте ауыр азап шегетінін ескертеді. Кейбір фиқх ғұламалары ондайларды жаназасыз, мұсылман моласынан аластап, жалғыз мола қылып жерлеген.

Мысалы, Құрандағы Маида сүресінің 32-ші аятында, бір адамның өмірін құтқарған адам, барша адамзатты құтқарушы, оның ісі де ізгі амал, ал біреуді қасқана өлтіру барша адамзатты өлтірумен тең, бұл өте ауыр күнә ретінде баяндайды. Бұл аяттың үкімі, өзін-өзі өлтірушілерге де қатысты. Бұһаридің Хадистер жинағында айтылғандай, пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл құбылысқа, жардан өзін тастағандарды, у ішкендерді, сондай ақ өзін-өзі азаптап өлтіргендерді жатқызып, олар тозақта азапталатынын ескертеді. (Бұһари, «Тыб», 56)

Адамның мына дүниеге келуінің өзі сынақпен анықталады. Адам мына өмірде сыналады. Сол сында небір қиыншылық пен төзгісіз азаптарды да көреді. Бір аштықтықтың соңында бір тоқтығы бар. Адам өмірі ақ пен қара өрілген жіп сияқты. Өмірің ақ жолаққа келгенде шүкір ет, қара жолаққа келгенде сабыр ет деген. Тарихымыздағы ең үлкен ұстаз Қожа Ахмет Иасауи, адам психологиясында, көңілінде, әрдайым екі хәл жұптасып жүреді: «кабз және баст». Қысылу мен ашылу, қатаю мен жұмсару, үміт пен күдік. Сондықтан адам өткінші хәліне сену керек. Шындығы да сол, кез келген хәл адам басында мәңгілік емес. Ислам адамды өлімге апарар кез келген жағдайларға жол ашып қойған. Мысалы, адамның өзі аштықтан құтқаруы үшін де керек болса, харам нәрселерді жеуіне рұқсат берген. Ал адамдардың бүгінгі күні, наразылық акциясында, өзі аштықпен азаптауы исламда тыйым салынған амалдар қатарында. Себебі, адамның аштық жариялауы да өзі-өзін өлтірумен тең. Керек десеңіз адамның өлімге мойынсұнып, мысалы, өзін іштей тастап жіберіп, өлім күтуі де, өзі қорғауға, жанын сақтауға тырыспауы да исламда қабылданбайды. Сонымен қатар, айықпас дертке шалдыққан кісінің сауықпайтын белгісі болса да, медицинаның араласуымен қолдан өлтірілуі де харам. Матуриди және Имам Ағзам құқық жорасы бойынша, өзін-өзі өлтіргендердің тозақта мәңгі азап шегетінін айтқанменен, олардың «имансыз немесе кәпір болғандығына» үкім бермеген. Себебі, Матуриди ақидасы бойынша, иман мен амал екі бөлек мәселе. Өйткені, иман мен күпірлік адамның жасаған амалдарымен емес, оның иманы мен ойына қатысты үкім. Ол адам өзіне қол жұмсап, үлкен күнә істесе де, оның иманы Алла мен екуінің арасында жеке мәселе. Оған Алладан басқа ешкім араласа алмайды. Сондықтан өзіне-өзі қол жұмсаған адамның мәйіті жуылады, кебін кигізіледі, жаназасы шығарылады және мұсылман ретінде мұсылмандардың моласына жерленеді. Мұсылман фиқх ғұламаларының көпшілігі осы пікірде. Бір мұсылманға, яғни өзін мұсылманмын деп «шаһадат» келтірген адамға, тірісінде де, өлісінде де, жаназасына дейінгі қатынаста мұсылман мәмілесін жасау парыз, қалғанын Аллаға тапсыру керек.

Бірақ өзін-өзі өлтіру харам, ең үлкен күнә. Бұл біреуді нақақтан өлтірудің күнәсінен де үлкен.

Өзін өлтіру барлық қиындықтан құтылудың жолы емес. Егер бұл дүниеден кейін басқа ақырет болмаса, онда өзін өлтірумен құтыламын деуге  болар еді. Бірақ тәннің өлуімен, жан өлмек емес. Рух ақыретте жаңа бір өмір бастайды. Ақырет тіршілігі ол мәңгілік. Ал енді осы дүниеде өзін өлтіргендер, рухын мәңгі Алланың азабына қиып кеткенін біле ме екен? Өзін дүниеде өлтіргендер, ақыретін де өлтіреді деген сөз.

Құранда Ниса сүресінде «...өзіңді өлтірме», деп физикалық өлімнің харам екендігін айтады. Өмір деген ең қиын сәттерде де көркем. Оның көркемдігі адамның үмітінде жатыр. Алысқа бармай ақ, қазақ мұсылмандық тәжірибесінде Иасауи салған методологиялық кешен бар: Тәубе мақамынан басталады. Бұл адамның Аллаға оралуы, одан жәрдем тілеуі, қиындықтар мен зомбылықтардан құтылу үмітінің негізгі тұғыры. Адамның хәлі жұп болып келеді. Адамда ешқашан бір хәл мәңгі болмайды. Қиындық рахатқа, аштық тоқтыққа, азап тыныштыққа, қараңғылық нұрға айналып шыға келеді. Себебі Алла адамға бар мейірімін төгіп, күтпеген жерден әрдайым жаң бір есік жаңа бір жол, жаңа бір белес ашып отырады. Аллаға сенген адам ғана мына дүние азабынан да ақырет азабынан да құтылады.

Досай Кенжетай

Философия және теология ғылымдарының докторы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы