Сәрсенбі, 22 Ақпан 2017   |   553 рет оқылды

«Тәкфир» идеологиясын таратқан Абдухалил Абдужаббаров Қазақстанға қайтарылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Қазақстан азаматы А.Абдужаббаровтың Сауд Арабия Патшалығынан елімізге депортацияланғаны туралы хабар таратты.

Баспасөз баянында А.Абдужаббаровтың дінаралық алауыздық тудырғаны, терроризмді насихаттағаны үшін 2015 жылы халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланды.

А.Абдужаббаров 2000 жылдар басында Қазақстанның батыс аймағындағы діндарлар арасында «тәкфир» идеологиясын таратқаны анықталған.

Ислам атын жамылып, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында теріс уағыз таратып, жасырын радикалды ұяшықтар құрған. Оның идеясын қолдаушы кейбір азаматтар елімізде болған террористік акцияларға қатысып, кейбір бөлігі Ауғанстан және Сириядағы қарулы соғысқа аттанған.

2006 жылы А.Абдужаббаров Сауд Арабиясындағы діни оқу орындарында оқып жатқан Қазақстан азаматтарына «тәкфир» идеологиясын таратуын жалғастырған.

Айта кетейік, соңғы кездері еліміздің кейбір азаматтары жүректеріне күмән салатын адамдармен жиі кездесуде. Олар – «тәкфиршілер» деп аталатын жамағат өкілдері. Бұл жамағат өкілдері өздерінің жалған сенімдері арқылы көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік («таухид» және «ширк»), бірқұдайылық пен серік қосу («иман» және «ширк») мәселесінде адастырып, өздерінен басқа мұсылмандарды адасқан деп айыптауда.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы «тәкфир және хижрет» жамағаты туралы өзмәлімдемесін жариялады.

Атап айтқанда, тәкфир жамағаты діннің ақиқатын білмейді, дәлел-құжаттарды түсінуге зер салмайды, харам үкімдерінде шектен шығады, діни көзқарастары тұрақсыз, тарихты, саясатты, өмір мен қоғамды және әһл ас сунна уәл жамағат ұстанымын түсінгісі келмейді.

Тәкфир мұсылмандардың арасына іріткі салып, олардың бірлік-ынтымағын кетіреді, үлкен дау-жанжал шығарады, мемлекеттің саяси-экономикалық бағдарламасының нығаюына бөгет салады, әрдайым діни экстремисттік және лаңкестік әрекеттерге дайын тұрады, халықтың дінге деген ықыласын сөндіріп, үлкен зиян келтіреді.

Ендеше, «тәкфир және хижрет жамағатының» құрылымы әһли сүнна ұстанымына қарама қайшы, әрі Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес, бұл ұйымға тыйым салынған.

Сондықтан ханафи мәзһабын негіз етіп ұстанған Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы діндар бауырларымызды бұл ағым мүшелерінің жалған уағыздарына ермеуге шақырады. Ғаламтордағы тәкфирлік сайттардың адастырушы ақпараттарынан өздерін аулақ ұстауды ескертеді.

ҚМДБ баспасөз қызметі

www.muftyat.kz 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы