Сәрсенбі, 08 Наурыз 2017   |   561 рет оқылды

САУАБЫ ӨТЕ КӨП АМАЛДАР

Алла құзырында ең ұнамды және сауабы мол амалдар хақында көптеген хадистер бар. Мәселен:

1.Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: Алла елшісінен (с.ғ.с.) адамдар: 

- Қай амал абзал ?

- Аллаға және елшісіне иман ету

- Сосын қай амал?

- Алла жолында күрес.

- Сосын қай амал?

- Қабыл болған қажылық[1],-деді.

2.Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Мен пайғамбардан (с.ғ.с.) Алла Тағалаға ең ұнамды амал жайлы сұрадым. Ол кісі: «Уақытында оқылған намаз»,-деді. Мен: «Сосын қай амал?» «Ата-анаға жақсылық». «Сосын қай амал?» «Алла жолында күрес»,-деді.

3.Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

 «Алла Тағала: адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін...,-дейді[2]».

Дініміздің тірегі бес парыз амалының сауабы көп және Алла Тағалаға ұнамды амал. Ешбір түнгі нәпіл намаз, күндізгі нәпіл ораза және қайыр садақа парыздың деңгейіне жетпейді. Алайда, парыз және нәпіл құлшылықтың сауабын шынайы ниет пен ықылас көбейтеді. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім мұсылмандығын ықыласпен орындаса, жасаған әрбір ізгі амалына оннан жеті жүзге дейін еселеп сауап жазылады. Ал, бір қате-күнә амалына бір күнә боп жазылады[3]»,– деген.

Сонымен бірге, тұрақты түрде жасалған амал Жаратқанға ұнамды боп саналады. Бұл жөнінде Айша анамыз (р.а.):

 «Алла Тағалаға ең ұнамды амал аз болса да ұдайы орындалатыны[4]» деген риуаят жеткізген. Иә, амалда нәтиже болуы үшін тұрақтылық қажет.

Сонымен қатар, мына хадистерге назар салыңыз. Әбу Мұса (р.а.) риуаяты:

 «Адамдар: Уа, Алла елшісі! Мұсылмандықтың қайсысы абзал? –деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Мұсылмандар тілі мен қолынан зиян көрмеген адам мұсылмандығы[5],– деді».

Және Абдулла бин Амр (р.а.):

 «Бір кісі пайғамбардан (с.ғ.с.): Мұсылмандықтық қайсысы абзал?– деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): Тамақ беру, таныған және танымаған адамдарға сәлем беру, – деді[6]»

Осы санаттаға хадистер жайлы Тирмизи Сүнәні түсіндірмесі «Тұхфат Ахуазида» «Осы және осы мағыналас хадистер төңірегінде ғұламалар абзал амалдар жайлы жауап сұраушы кісілердің жағдайына қарай берілген. Амалдың абзалдығы уақыт пен адамдардың жағдайына байланысты», – деп түсіндірген.

Демек, парыз амалдан соң ең сауапты амал шынайы ниет және ықыласпен, тұрақты түрде жасалатыны һәм адамдарға пайдасы көбірегі деп білген жөн.

[1] Бұхари, Муслим, Насаи
[2] Мұттафақұн ғалейһи
[3] Бұхари, Муслим
[4] Мүслим
[5] Бұхари
[6] Бұхари

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікірлер  

 
0 # Berik 2017-03-14 06:53
Алла разы болсын
Жауап жазу
 
 
0 # Almas 2017-03-14 06:54
Керемет, рахмет!
Жауап жазу
 

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы