Сейсенбі, 11 Сәуір 2017   |   582 рет оқылды

ЕГЕР АЛЛА БАР БОЛСА...

Мектеп оқушыларымен кезекті кездесу өтуде. Кезек сұрақ-жауап, пікір алмасу, ұсыныстарға келді. Біршама оқушылардың сұрақтарына жауап беріліп болғаннан кейін және бір бала орнынан көтерілді. Сұрақ шараға қатысушы дінтанушы, мешіт имамына бағытталған еді.

- Ағай, егер Алла бар болса, Сіз айтқандай шынымен әділ болса, неге кейбір орын алған жайттар дәлелденбей қала береді. Қанша шырылдасамда, кінәлі күйде қалып қоямын. Шындықтың беті сериалдарда ғана ашылатын секілді.

Баланың ойынан ұққанымыз, бұл жерде қандай мәселе, не жағдай екенін ашып айтып, куәларды жинап, ақтап алу емес, өзі айтқандай кейбір шындықтардың ашылмай қалуының себебін білуде және Алланың бар екеніне көзін жеткізгісі келетінінде еді.

«Әділдік қашанда, ерте ме кеш пе орнайды». Имамның алғашқы жауап сөзі осы болды. Кейін әңгіме Аллаға иман турасында өрбіді.

Алланың бар екенін мойындамау – тіпті шайтан жасамаған күнә деген сөз бар. Расында, әрбір пенде осы дүниеге Жаратқанға құлшылық үшін жаралғанын ұғына білу керек.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» деп аталатын еңбегінде: «Иман деген Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бəрі шындығына анық ақылмен нанбақ», — дейді. 

Қазіргі қоғамда тәкаппар, Алланы мойындағысы келмейтін, тәубеге келмеген адамдардың бар екенін де көріп жүрміз. Тіпті, «осы Алла барма?» деп күдіктенетіндерді де кездестіріп жатамыз.

Қазақ халқында «құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар.

Жүрегінде иманы жоқ, Алланы мойындамайтын пенде нәпсінің құлына айналып, сол нәпсінің жетегімен ойына келгенін жасап жүрері сөзсіз.

Қоғамда белең алып бара жатқан, әлеуметтік желілер арқылы көріп-біліп жүрген түрлі қылмыстар мен арсыздықтардың астарында адамдардың иманнан аулақтап, Алланы ұмытуы жатқаны даусыз.

Шын мәнінде ақылмен, санамен қарасақ, Ұлы Жаратушының пенделеріне берген игіліктері сансыз екенін көрер едік.

Әрине, Алла бар. Және ол жалғыз. Ол барлық уақытта бар болған. Мәңгілік бар бола береді.  Алланың жалғыз екендігі Қасиетті Құранда «Ықылас» сүресінде былайша  баяндалады: «(Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».

Жер жүзі, әсем табиғат, деніңіздің саулығы, өмірдегі қуаныш пен реніштер, пендеге тән сипаттар мен сезімдер бәрі-бәрі Алланың қалауымен болған дүниелер. Яғни, бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыс Алланың бар екендігіне толықтай айғақ. 

Алланың  бәрін  білетініне, әрбір түскен жапырақ  оның  бұйрығымен  түсетініне сенуіміз керек.

Біле білген пендеге Алланың бар екеніне сенбеуден, оған серік қосудан асқан күнә жоқ. Ниса сүресінде Жаратқан Аллаға ортақ қосудың ең үлкен кешірілмес күнә екендігі де айтылған. Яғни: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» делінген.

Егер Алла бар болса деген күмәнді ойды санадан шығарған абзал. Жақсылық та , жамандық та, әрбір сынақ та тек Алланың қалауымен болары ақиқат.

Егер Алла жоқ болса, мына әлем болмас еді, сенде болмас едің. Себебі, ол жаратылыс иесі. «Егер Алла бар болса...» деген ойды ешқашан санамызға жолатпайық бауырлар.

Шөменова Айнұр Махамбетқызы

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы