Жұма, 19 Мамыр 2017   |   372 рет оқылды

Ойламаған жерден келген ризық-несібелер

Ибн Мәсғудтың мұсылман болмастан бұрын басынан кешкен таңғажайып оқиғасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Утба ибн Әбу Муайттің шопаны едім. Бір күні қасыма Алла елшісі мен Әбу Бәкір келді. Аллаһ елшісі (с.а.у.):

– Жігіт, сүтің бар ма? – деп сұрады.

– Бар. Бірақ бере алмаймын. Өйткені менің малым емес, – дедім.

– Мақұл, қойларыңның ішінде қысыры жоқ па? – деді. Мен:

– Бар – дедім де қысыр қалған бір қойды ұстап алып, алдына әкелдім. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның желінін сипап, идіріп, сауа бастады. Сауып алған сүттен өзі де ішті, Әбу Бәкірге де ішкізді. Содан кейін қойдың емшегін ұстап: «Баяғы қалпыңа кел», – деп еді, қойдың емшектері қайта жиырылып сүт тоқтап қалды. Кейін мен оған:

– Маған Құран үйретші, – дедім. Алла елшісі (с.а.у.) басымды сипап тұрып:

–      Сен онсыз да көп нәрсені білесің. Оны да бір күні міндетті түрде үйренетін боласың, – деді».

Алла елшісі мен Әбу Бәкірге және басқа сахабаларға келген ризық-несібелер

Әбу Бәкір (р.а.) әңгімелейді: «Алла расулымен (с.а.у.) бірге Меккеден жолға шыққанбыз. Жолда әлдебір араб тайпасына ұшырастық. Алла елшісі жападан жалғыз оқшау тұрған бір үйге назары түсіп, сол үйге түскісі келді. Табалдырықтан аттағанымызда, жалғыз әйелден өзге ешкім көзімізге шалына қоймады. Әйел бізді көре сала:

– Ей, Алланың құлы! Мен жар дегенде жалғыз ұлымнан басқа ешкімім жоқ жесір әйелмін. Егер сый-сыяпат көргілеріңіз келсе, тайпа басшысының үйіне түсіңдер, – деді.

Алла елшісі (с.а.у.) әйелге жауап қатқан жоқ. Кеш батып қалған еді. Сол сәтте әлгі әйелдің ұлы алдына төрт-бес ешкіні салып, өрістен оралды. Әйел дауыстап:

– Балам, мына пышақты қонақтардың қолына ұстат. Қоңдылауын сойсын деп айт, – деді. Бала Пайғамбарымызға келіп, шешесінің айтқанын жеткізді. Пайғамбарымыз:

– Бізге пышақ керек емес, орнына бір ыдыс алып кел, – деді.

– Бұл ешкіде сүт қайдан болсын. Оның үстіне, қас қарайып қалды, – деді бала. Пайғамбарымыз жұмсақ үнмен:

– Сен менің айтқандарымды орында, – деді. Бала жүгіріп барып, ыдыс алып келді. Алла елшісі (с.а.у.) ешкінің емшегін біраз сипап, идіріп, ыдыс толғанша сүт сауды. Содан кейін балаға:

– Мынаны анаңа апарып бер, – деді. Бала қайтып оралған соң, Алла елшісі (с.а.у.):

– Мынаны апар да, басқа ешкі алып кел, – деді.

Оны да идіріп, сауып алды. Бұл жолғысын Әбу Бәкірге ұсынды. Тағы бір ешкінің сүтін өзі ішті.

Бұл жөнінде Әбу Бәкір (р.а.): «Сол жерде түнеп шыққаннан кейін қайта жолға шықтық. Әйел Пайғамбарымызға «Мүбәрак» –деп ат та қойып үлгерді. Уақыт өте келе әйелдің уақ малдары көбейеді. Тіпті бірде оларды сату үшін Мәдинаға да әкелген болатын.

Баласы сол жерде мені (Әбу Бәкірді) көріп қалып:

– Анашым, қарашы! Әлгі мүбәрак адамның қасындағы кісі ғой, – деп дауыстады. Баланың анасы маған:

– Ей, Алланың құлы! Сенің қасыңдағы адам кім еді? – деп сұрады. Мен:

– Сіз оны танымаушы ма едіңіз? – деп қарсы сұрақ қойдым. Ол:

– Жоқ, танымайды екенмін, – деді.

– Ол Пайғамбар ғой, – дедім.

– Олай болса, мені дереу сол кісіге алып бар, – деп маған жата жабысты. Әйелді Алла елшісіне ертіп әкелдім. Алла елшісі (с.а.у.) оны жылы жүзбен қарсы алып, алдына ас қойды және түрлі сыйлықтар тарту етті. Әйел де Пайғамбарымызға құрт, ірімшік және бәдәуилерге тән көптеген сыйлықтар берді. Алла расулы да оны киіндіріп, тағы да тарту-

таралғылар жасады. Әйел сол жерде мұсылман болды».

Сахабалардың алып теңіз жануарымен қоректенуі

Жабир ибн Абдуллаһ (р.а.) әңгімелейді: «Бір күні аштықтан бұратылып, Алла елшісіне бардық. Ол (с.а.у.) бізді:

– Жақында Алла тағала сіздерге мол ризық жібереді, – деп жұбатты. Көп кешікпей Алла елшісі (с.а.у.) арамыздан Әбу Үбәйданы қолбасшы етіп, бізді Құрайыштың бір тобын барлауға жіберді. Өзімізбен бірге жолға басқа азық болмағасын құрма алып шықтық. Оның өзі дертке қуат. Әбу Үбәйда күніне әрқайсымызға бір-ақ құрмадан тарататын.

– Жұмырынға жұқ болмайтын жалғыз құрмамен қалай жан сақтадыңыздар күні бойы? – деп сұрағандарға Жабир:

– Сәбидің емізік емгені тәрізді құрманы таңдайымызға салып, соратынбыз. Артынан су ішетін едік. Күн батқанша осылай талғажау етеміз. Содан соң сырықпен ағаш бұтақтарын қағып, түскен жапырақтарды сулап жедік. Ақыры теңіз жағалауына да келіп жеттік. Алдымыздан үлкендігі үйдей бір мақұлық көрінді. Жақын келгенде, оның «анбар», – деп аталатын балық екенін білдік. Әбу Үбәйда алдымен оны жеуге болмайтынын айтқанымен, сәлден кейін:

– Біз Алла расулының (с.а.у.) елшілеріміз және Алла жолындамыз. Қиын жағдайда

тұрғандықтан да жеуге болар, – деді. Үш жүз кісі болатынбыз. Ол жерден табан аудармай тура бір ай тұрақтадық. Сәл толысып, әжептеуір салмақ жинап алдық. Балықтың көз майын бөшкелерге толтырдық. Балықтың қоңынан кейде құнан етіндей ет ойып алатынбыз. Әбу Үбәйда бір күні он бес жолдасымен бірге балықтың бір көзіне үймелеп отырып алыпты. Тіпті бірде оның бір қылтанағының астынан түйемен өткен еді. Қайтар кезімізде қалған етін пісіріп, жол азығымызды қамдап алдық. Мәдинаға келіп жеткенде,

басымыздан кешкен оқиғаларды тегіс Алла елшісіне баяндап бердік:

–      Ол Алланың сіздерге сыйлаған ризығы болатын. Егер еттен қалса, біз де ауыз тиейік, – деді. Біз қалған еттен сыбаға бердік. Пайғамбарымыз бен жанындағы сахабалар бір тойып қалды».

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы