Дүйсенбі, 22 Мамыр 2017   |   659 рет оқылды

ОРАЗАНЫҢ ӘРБІР СӘТІН САУАП АМАЛДАРҒА АРНАСАҚ...

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-185-аяттарында барша адамзат баласына:

«Уа мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер, кәрі не аурулар бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – деп әмір еткен.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны! Өйткені, бұл айда қасиетті Құран Кәрім түсті. Сондықтан рамазан айындағы ораза – Исламдағы төртінші негіз. Демек, ораза ұстау әрбір мұсылманға – парыз.

Осы ретте көпшілік жамағаттан ораза кімдерге парыз немесе қандай адамның ораза ұстамауына болады деген сұрақтар толассыз түсіп жатады. Осыған тоқтала кеткен абзал.

Біріншіден, мұсылман адам балиғат жасына жеткен және ақыл-есі дұрыс болуы керек. Балиғатқа жетпеген, ақыл-есі дұрыс емес адам парыз амалдарын дұрыс орындай алмайды.

Екіншіден, мұсылманның ораза ұстауға денсаулығының болуы. Мәселен, кәрілік оразаға кедергі келтіреді. Сондықтан қарттық жеткен адамға ораза парыз емес.

Сонымен қатар рамазан айында аяғы ауыр немесе омырауда баласы бар әйелдер болса перзентінің яки өзінің денсаулығы үшін қауіптенсе өтелмеген ораза күндерін рамазан айынан кейін өтесе болады.  

Жоғарыда баяндап кеткеніміздей, Алла Тағала Құранда:

«Сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер», – деген.

Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) бір күні пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенін баяндайды. Сол кезде Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскі асын ішіп отырған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Отыр да тамақтанып ал!» – дейді. Сонда Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын): «Мен – оразамын», – дейді. Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл сөзіне былай деп жауап берген екен:

«Отыр! Мен саған намаз бен ораза жайында бір нәрсе айтайын. Шын мәнінде, Алла Тағала намаздың жартысы мен оразаны жолаушының және бала емізген немесе екі қабат болған әйелдің мойнынан алды».

Ораза ұстамауға тағы бір орынды себеп – ауру болу. Егер өткінші ауруға шалдыққан адам ораза кезінде науқастанып қалса, сол күндері емделіп, айыққан соң оразасын жалғастырады. Ал қаза болған күндерін рамазаннан кейін өтейді.

Үшіншіден, жолаушыға ораза парыз емес. 90 шақырымнан астам жол жүрген адам жолаушы саналады. Сапардағы адам ұшақпен жүрсе де ораза ұстамаса және намазын қысқартып оқыса болады. Бұл – Алланың кеңшілігі.

Ислам ғалымдары егер жолаушы ораза ұстаса оның оразасы дұрыс болады деген пікір айтқан. Хамза Әл-Асләми (Алла оған разы болсын) былай деп баяндайды: «Мен: «Уа Расулулла! Мен жолда ораза ұстағанға шамам жетеді. Жолда ораза ұстамасам күнә істеген боламын ба?» - деп сұрадым. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Бұл – Алла Тағаланың кеңшілігі. Алла Тағаланың кеңшілігінен пайдаланамын деген жақсы іс істеген болады. Ал кім ораза ұстаймын десе ол күнәһар болмайды».

Төртіншіден, хайыз немесе нифас болған әйелге ораза ұстау міндеттелмейді. Өйткені, етеккірі келген әйелдің оразасы дұрыс болмайды. Тіпті, ондай әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынған. Егер етеккірі тоқтаса, яғни тазарғаннан соң оразасының қазасын өтейді.

Құрметті бауырлар! Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деген. Сондықтан біз үшін, мұсылман баласы үшін оразаның әрбір сәті қымбат. Мұны ғалымдар «алтын мүмкіндік» деп атаған екен. Сондықтан осы айда әрбір уақытымызды құлшылықпен өткізіп, мұқтаж кісілерге садақа беріп, барынша көмек көрсеткеніміз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Өздеріңізге белгілі, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы халқымызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуін жолдады. Осы үндеуде Бас мүфтиіміз: «Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын. Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр», – деп атап өтті.

Ендеше, қасиетті рамазан айында Алланың разылығын көздеп жасаған әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болып, үлкен сауаптан жазылғай! Әмин!

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікірлер  

 
+1 # Карашаш 2017-05-26 17:24
салеметсиздерме . Оразаларыныз кабыл болсын.Талғат Омаров мырза. менин бир сауалым бар еди.
мен 4баланын анасы яғни коп балалы ана ретинде сиздерден ораза айында комек сурай аламын ба. комек болса азык ретинде болсада. Алла разы болар. тел 87783181573
Жауап жазу
 

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы