Жексенбі, 04 Маусым 2017   |   527 рет оқылды

АҚЫРЗАМАННЫҢ ҮЛКЕН БЕЛГІЛЕРІ: ДӘЖЖАЛДЫҢ ШЫҒУ СЕБЕБІ

Дәжжалдың баруына рұқсат етілмеген мекендер

Дәжжал уақыты келіп, Жер бетіне шыққан соң адамдарды азғыру үшін бүкіл жер шарын шарлайды. Алайда, ол барлық елді-мекенді қалағанынша аралағанымен кейбір мекендерге кіруіне рұқсат етілмейтіндігі жайлы мына хадистерден білеміз:

«...Шығуыма рұқсат етілетін уақыт жақын қалды. Мен шыққан соң жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде бармаған елді-мекен қалмайды. Тек Мекке мен Мадинадан басқа. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол қалаларға қай уақытта кірмек болсам, қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, кіруіме кедергі болады. Олардың әрбір өткелінде бір періште бар және олар сол жерлерді қорғайды»[1].

«Дәжжалдың бармайтын ешбір мекені, ешбір мемлекеті қалмайды. Тек қана Мекке мен Мәдинадан басқа»[2].

Дәжжал шыққан кезде өзін «Алламын» деп жариялайды

Дәжжал халыққа өзін «Құдаймын» деп таныстырады. Ол сөзін сиқыр арқылы дәлелдеп бағады. Самура ибн Жундубтан жеткен риуаят бойынша:

«Дәжжал шыға сала, өзін «Алламын» деп жариялайды. Кімде-кім оған сенсе, артынан ерсе, оның алдыңғы жасаған жақсы амалдары ақыретте пайда бермейді. Егер Дәжжалды мойындамай қарсы келсе, алдыңғы жасаған амалы үшін Ақыретте жаза шекпейді»[3].

Кім де кім сол кезде Дәжжалдың айтқанына қарсы келетін болса, Дәжжал ондай пендені дереу өлтіреді. Сөйтіп өзгелерге: «Мына өлген адамды қайта тірілтсем, мені Алла деп қабыл етесіңдер ме?» - дейді. Олар да: «Иә, қабыл етеміз», - дегенде, Дәжжал қолындағы таяғымен өлген кісіні түртіп қайта тірілтеді. Бұл оқиғаға куә болғандар сол жерде Дәжжалды Алла деп сенеді екен. Дәжжалдың мұнан басқа да сиқырлары толып жатыр. Мысалы, жауын жауғызу, өзімен бірге тозақ пен жәннәтті алып жүруі, оған ергендердің рызықтары мол болатындығы айтылады[4].

Дәжжалдың шығу себебі мен оның мінген есегінің ерекшелігі

Хадистердегі белгілері бойынша, Дәжжал – ірі денелі, тепсе темір үзетіндей еңгезердей адам. Жоғарыда бір хадисте Дәжжалдың шіркеу ішінде аяқ-қолы шынжырлаулы екендігін айтып өттік. Сонымен қатар хадистерде Дәжжалдың мінген есегінің өте үлкен хайуан екендігі айтылады: «Дәжжал дін әлсіреген кезде, дін іліміне ат үсті қаралған кезде шығады. Дәжжал қырық күн жер бетін шарлайды. Қырық күннің бір күні бір жылдай, бір күні бір айдай, бір күні бір аптадай, қалған күндері жай күндердей болады. Дәжжалдың мінген есегі бар. Есектің екі құлағының арасы қырық құлаш. Дәжжал адамдарға:

- Мен сендердің Раббыларыңмын, - деп жар салады. Негізінде оның көзі соқыр. Раббымыз болса, соқыр емес. Дәжжалдың екі көзінің арасында «кәпір» деп жазылған. Ол жазуды әрбір мумин оқи алады. Дәжжал әрбір су ішілетін жерге барады. Бірақ Мәдинаға бара алмайды»[5].

Дәжжалдың сипаты мен оның есегі жайындағы хадистер негізінен астарлы ұғымда айтылады. Оның шынайы мағынасы мынадай деп нақты тәпсірлей алмаймыз. Мысалы, Дәжжалдың бір күні бір айға тең болады дейді. Ал, бүгінгі техногендік заманда бір айлық жолды ұшақпен бірнеше сағатта еңсеріп алуға болады. Сол сияқты оның да бір күні бір айлық уақытқа осылай сәйкес келуі мүмкін. Бұл әрине, пайымдаудың бір ғана қыры, негізгі мағынасы бір Аллаға белгілі.


[1] Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15

[2] Бұхари, Муслим

[3] Имам Шарани, ж.к.е., 485-бет

[4] Хадис ансиклопедиси, Кутуби ситте, 14-том, 95-бет

[5] Ахмед ибн Ханбал

Смайыл Сейтбеков
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы