Жұма, 23 Маусым 2017   |   461 рет оқылды

«АСПАННАН АЛТЫННАН ЖАҢБЫР ЖАУМАЙТЫНЫН БІЛІҢДЕР...»

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Мұсылман баласы барлық тілегін Алладан сұрап, бір Жаратушыға тәуекел етеді. Тәуекел – адам өзіне емес, Аллаға деген сенімі. Құдіреті күшті Иенің алдында дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Ұлы Алланың берген тағдырына риза болуды – тәуекел дейміз.

Тәуекел сөзі «сенім арту, істі біреуге тапсыру» деген мағыналарды білдіреді. Адам жасап жатқан істерінің нәтижесі қандай боларын білмейді. Сол себепті адамдар әрбір ісінде құдіреті күшті Алла Тағалаға тәуекел етеді. Олай болса, шынайы тәуекел Алла Тағалаға деген кәміл иманмен байланысты. Иманы кәміл болмаған жан шынайы тәуекел жасай алмайды. Өйткені, тәуекел ету үшін де иман қажет. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ибраһим» сүресінің 11-аятында: «Мүміндер Аллаға ғана тәуекел етсін», – деп әмір еткен.

Мәселен, адам баласының егіншілік уақыты келгенде жерін жыртып, тұқымын сеуіп, сосын суарып, арам шөптерін жұлып, қажет болса, түбін қопсытып, керекті тыңайтқыш дәрілерін шашқаннан кейін жақсы өнім беруін Ұлы Жаратушыдан тілеп, еңбегінің нәтижесін Одан күтуі, құдіретіне сенім артып, тапсыруы – Ислам құптаған тәуекелге жатады. Бұлардың ешқайсысын орындамай жатып «тағдырымда не болса, сол болады» деп қол қусырып қарап жату – тәуекел емес, жалқаулықтың дәл өзі. «Атыңды арқандап, тұсаулағаннан кейін ғана Жаратқанға тәуекел ет» деген атам қазақтың мақалы – дәл Исламдағы осы тәуекел түсінігіне сай айтылған. Тіпті, бұл мақал пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен алынған.

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен құдси хадисде Алла Тағала: «Ей адам баласы! Билік Иесінен әлбетте қорқыңдар, өйткені Менің Билігім Мәңгі және Жоғалып кетпейді!» – делінген.

Сахаба Әлидің заманында өмір сүрген Ияғлә ибн Марр деген кісі Аллаға тәуекел ету туралы былай дейді:

«Біз Әли ибн Әбу Талибпен (оған Алла разы болсын) бірге жорықта жүр едік. Сөйтіп кеш уақытында бір топ жауынгерлер жиналып:

«Мұсылмандардың басшысын күзетейік, қазір ұрыс болып жатқан уақыт. Қастандық жасап, қапыда қалмайық», – деп өзара келістік.

Әли ибн Әбу Талибті күзетіп тұрғанымызда, ол бөлмесінен намазға шықты. Бізді көріп:

– Неге тұрсыңдар? – деп сұрады. Біз:

– Уа, мұсылмандардың әміршісі! Қазір ұрыс уақыты. Біз сізге қастандық жасап қоя ма деп сізді күзетіп тұрмыз, – дедік.

Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын):

– Мені көктен түсетін періштелерден қорғап тұрсыңдар ма, әлде жердегі адамдардан ба? – деп сұрады. Біз:

– Жоқ, жердегі адамдардан. Әйтпесе, сізді періштелерден қалай қорғамақпыз? – дедік. Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын):

– Алла көктегі тағдырға жазбайынша, жер бетінде ешнәрсе болмайды. Алла әрбір пендеге екі періште қойған. Адамның ажалы жеткенше ол екеуі оны барлық нәрседен қорғайды. Ал ажал келген уақытта екі періште адамды өз ажалымен оңаша қалдырып, кетіп қалады, – деді.

Кейін бізді орындарымызға қайтарып, өзі күзетсіз қалды», – деп жеткізеді. Осы деректен Аллаға тәуекел етудің қандай болатынын түсінуге болады. Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың тағдырына иман келтіру – мұсылманның парызы. Алла Өзінің құдіретімен әр нәрсені жазып қояды деп иман келтіреміз.

Ибада ибн Самит (оған Алла разы болсын) есімді сахаба өзінің ұлына пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен хадисті өнеге етіп былай дейді: «Расында, мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп, оған: «Жаз!» – деп бұйырды. Ол: «Уа, Раббым! Не жазамын?» – деп сұрайды. Алла Тағала: «Қиямет күніне дейін күллі нәрсенің тағдырын жаз!» – деп бұйырды», – дегенін есіттім», – деген.

Сондықтан, Исламда тағдырға иман келтіру – парыз.

Асыл дінімізде тәуекел етудің де жолы бар. Кейде біз бір жұмыс бастамас бұрын «не болса да тәуекел» деп көз жұмып тәуекел етеміз. Шын мәнінде, тәуекел – жүректің тек Аллаға ғана сенім артуы. Әуелі жүректе сенім болмаса тәуекелге бару мүмкін емес. Бұл туралы мынандай оқиға бар.

Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) дәуірінде бір елді-мекенде оба ауруы тарайды. Омар бұл аймақтан тезірек кетуге бел буады. Сонда Әбу Убайда ибн Жаррах оба ауруынан сақтанған Омар ибн Хаттабты (Алла ол екеуіне разы болсын) көріп, әзіл мен шын араластырып:

– Ей, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың? – дейді.

Омар:

– Иә, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын) – деп жауап береді.

Кейін Омар былай деп жауап береді. «Егер малды шөбі мол жерге жаю үшін шөл жерден көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу», – деп түсіндіреді.

Бұл оқиғадан ұғатынымыз Омар (оған Алла разы болсын) оба ауруы тараған жерде «Аллаға тәуекел, мен ауырмаймын» деп ол жерде тұрақтап қалған жоқ. Ауырмаудың себептерін іздеп, басқа жерге қоныс аударды.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», делінеді. Шайтан да одан алыс жүреді», – деген.

Сеніммен тәуекел еткен құлын Алла жалғыз қалдырмайды, істің нәтижесін Аллаға табыс еткендіктен, Ұлы Жаратушы пендесіне жақсылықты нәсіп етеді.

Тәуекел – өз-өзіне сеніп кету емес, өзінің дәрменсіз, әлсіз екенін мойындай отырып, Алланың құдіреттілігіне сүйеніп, Оның еркі мен тағдырына ризашылықпен көну. Атақты ғалым Зун-нун бұл туралы былай деген екен: «Құл «Алла Тағала менің бойымдағыны, әрқашанғы қал-жағдайымды көріп-біліп тұр» деген сенімге толық жетпейінше тәуекелі күшеймейді».

Тәуекел – себептер тұрғысынан алғанда дүниелік заңдылықтарға толық бағынуды білдіреді. Алайда, себептерге бағыну – оларға толығымен тәуелді болып қалу дегенді білдірмейді. Себептердің Жаратушысын әсте естен шығармауымыз тиіс.

Халқымызда:

«Уайым түбі теңіз,

Батасың да кетесің.

Тәуекел түбі қайық,

Мінесің де өтесің», – деген тауып айтылған қанатты сөз бар. Демек, кейде бір сынақ іске тап болғанда, сары уайымға батып, езіліп, қол қусырып, шарасыз, шешімсіз, әрекетсіз отыра беру дұрыс емес. Бұл кезде Аллаға тәуекел етіп, дереу іске кірісу қажет. Әр нәрсенің себебін алу деген қағиданы ұмытпау керек. Мәселен, отбасын асырау мақсатында нәпақа табу үшін тек Алладан сұрап, жұмыссыз жүру – толық тәуекелге жатпайды. Демек, тәуекелдің негізгі шарты – амал ету, себебін алу. Мұндайда халқымыздың:

«Мір тәуекел бұзады,

Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер,

Мың көңілдің жарасын», – деген мақалы еріксіз еске түседі.

Осы ретте өз дәуірінде мұсылмандардың әміршісі болған халифа Омардың (оған Алла разы болсын) оқиғасын айта кеткеніміз абзал. Бір күні Омар (оған Алла разы болсын) мешітте отырған адамдармен әңгімелеседі. Мешітте отырғандардан: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрағанда, олар: «Біз – Аллаға тәуекел етушілерміз», – деп жауап береді. Сонда әмірші Омар (оған Алла разы болсын): «Сендер Аллаға емес, адамдарға тәуекел етушісіңдер. Тәуекел етуші жерге дән сеуіп, оның нәтижесін Аллаға тапсырып, тәуекел жасайтын адам», – деп ренжіген екен.

Халифа тағы бір ғибратты сөзінде: «Сендердің ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын. «Уа, Алла, маған ризық бер!» деген сөзбен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен болатын жаңбыр жаумайтындығын білесіңдер ғой», – деген екен.  

Тәуекел – құлдың дүниелік, мейлі ақыреттік бүкіл істерінде Алла Тағаланы өзіне уәкіл етіп, істің нәтижесі жақсы болуы үшін тағдырына ризашылық білдіруі деп ұқсақ болады.

 

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,

облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы