Бейсенбі, 31 Тамыз 2017   |   649 рет оқылды

Құрбандық шалу туралы не білу керек?

 Біздердің Раббымыз Аллаһ Тағала, Оның еш бір теңдесі жоқ, Ол барлық нәрселерден пәк. Осындай теңдесі жоқ болған Аллаһ Тағала Құран Кәримде былай дейді:

قال الله تبارك و تعالى فى كتابه الكريم   أعوذ با لله من الشيطان الرجيم بسم الله الرحمن الرحيم : < فصل لربك و انحر> .  

Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!

Бұл аятта Аллаһ Тағала Пайғамбарға және біздерге намаз оқуға және құрбан шалуға бұйрады. Шамасы келген мұсылмандар құрбан шалады. Аллаһ Тағаланың әмірін орындау ниетімен.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: « Кімде-кім мүмкіншілігі бола тура құрбан шалмаса, біздің намаз оқыитын жерімізге жақындамасын!» - деп бұйырған. Осы хадистен, құрбан шалудың маңызды екенін білсе болады.

Құрбан (араб тілінде)- «жақындау» деген мағынаны береді. Ал шариғатта Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндері шалынатын малдың аты.

Құрбан шалу һижраның 2-жылында міндет болды.

Құрбан шалған мұсылманның, ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: « Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».

Пайғамбарымыз (С.А.У.) басқа хадистерінде Аллаһ Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін былай деп сүйіншілейді: «Сахабалар Расулімізге (С.А.У.) –Уа, Аллаһтың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық-сендердің Ибраһим (А.С.) бабаларыңның сүннеті-деді.  

– Одан бізге қандай сауап бар?                      

- Әрбір тал қылшығы үшін сауап бар.

- Қойдың жүнінен ше?

- Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады».   (Тирмизи)

Аллаһ Тағала ризалығы үшін сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай шінішке, қылыштай өткір Сырат көпірден өтер кезде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Сырат көпірінен өтерде өз көліктерің».

Құрбан шалудың тарихы

Құрбан шалу Ибраһим (А.С.) Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы. Ибраһим Пайғамбар өте мейрімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Аллаһ Тағаладан, өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Аллаһ Тағалаға жалбарынды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болды. Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим (А.С.) баласын өте қатты жақсы көретін.Бір күні Ибраһим Пайғамбар түс көреді. Түсінде Аллаһ Тағала былай деп аян береді. « Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!». Бұл Ибраһим Пайғамбарға қатты сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп Балам! – Аллаһ Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен ризасынба? - деді. Сонда баласы: Әке – Аллаһ Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы болам. Аллаһ Тағаланың әмірін бұлжытпай орындасын деп жаны ашыған баласы Исмайыл әкесіне қарап былай деді: Әке! – Менің қол аяқтарымды мықтылап байлаңыз. Киімдерімді шешіңіз, оған қаным шашыраса, анамның көңілі түсер.Пышағыңызды өткірлеп әбден қайраңыз.              

Әке, мені екпетімнен жатқызыңыз,- деді баласы. Өйтпесеңіз бет басыма көзініз түсіп тұрғанда, көңіліңіз түсіп, қолыңыз батпай қалмасың – деді баласы Исмайыл.

Ибраһим (А.С.) баласының екі қолын мықтылап байлап, оны жерге жатқызды да, қолына пышағын алды. Ол пышағын баласының тамағына ұстап, бар пәрменімен тартып жіберді. Бірақ пышағы өткен жоқ . Бірнеше рет қайталады, онда да пышағы өтпей қойды.

Сол уақытта Аллаһ Тағаладан аян келді: «Әй, Имбраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!»

Бала құтқарылды. Әке Аллаһ Тағалаға алғысын жаудырды.

Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Аллаһ Тағала семіз қой түсірді. Ибраһим (А.С.) бұрылып қараған шақта қастарынан бір қой көрді. Пышағын алып қойды құрбандыққа шалды. Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған қой еді. Сонан бастап мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп құрбандық шалатын болды.

Аллаһ Тағала Ибраһимді сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим Пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтықсыз орындауна тәнті болуды қалады. Әйтпесе, Аллаһ Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі.

Мұсылман бауырлар осы оқиғадан алатын   пайдамы ;- Аллаһ Тағалаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда жоғары болу керек.

Біз мұсылмандар құрбанды тек Аллаһ Тағала ризалығы үшін шаламыз. Өйткені Аллаһ Тағала осы нәрсеге лайық. Ол бізді жоқтан бар қылып жаратқан, ризық нәсібе берген. Тура жолды көрсетіп берді.

Аллаһ Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Аллаһ үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бой ұсынушылардың алғашқысымын», (Құран, 6:162,163) және басқа сөзінде « Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». (Құран, 108)

Ал Пайғамбарымыз (С.А.У.) бұл жөнінде былай дейді: Әли (Аллаһ Тағала оған разы болсын) былай деп айтқан: « Аллаһтың Елшісі маған төрт сөзбен мына нәрсені әңгімелеп берді; Алла, Алладан өзгеге құрбан шалған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла, ата – анасын қарғаған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла бұзақыға (дінге жаңа нәрселерді енгізетін адамға немесе қылмыскерге) пана берген адамды қарғысқа ұшыратады, Алла жер бетінде нұсқау белгісін (жол белгісін, шекараны) өзгерткен адамды қарғысқа ұшыратады».

Бұл хадистен білетін нәрсеміз Алла Тағала, Алладан басқаға құрбан шалғандарды жақсы көрмейді, ондай адамдар қарғысқа ұшырыайды.        

Айттың алғашқы күні ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, үстіге хош иіс сеуіп, мешітке барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалатын адамдар құрбандықтарын шалады да оны тиісті орындарға таратып береді.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс- туғандарды аралап айт мейрамымен құттықтайды.

Мұсылман айт күндері мейлінше көтерінкі көніл- күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысады. Айт күндері адамдар бір бірлерін кешірген жөн. Аурып жатқан адамдардың көңілін сұрау керек, және жесірлерге көмектесу керек және тағы басқа осы сияқты амалдар жасау керек.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұған дәлел мына хадис бола алады. Бәрә ибн Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (С.А.У.): Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген етпен айырмашылығы жоқ.Бұның құрбан болуы мүмкін емес».

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын». Осы хадистерден білетініміз намаздан бұрын шалынған құрбандық есептелмейді.

                     Құрбандыққа шалуға болатын малдар

Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын шалуға болады. Шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болу керек. Алты-жеті айлық қозы бір жасар қой сияқты семіз,етті болса, құрбандыққа шалуға болады.

Қой немесе ешкіні тек бір адам ғана шалады. Ал сиыр ,түйені яғни ірі қараны бір адам шалады және жеті адам бірігіп шалса болады. Әр бір кісі ниетпен ортақтасады.

                           Құрбандыққа жарамайтын малдар

Пайғамбарымыз (С.А.У.) құрбандыққа жарамайтын мал жөнінде былай дейді. «Анық соқыр, таза аурушаң, таза ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды» - деген.

Бір көзі соқыр

Сойылатын жерге жете алмайтын арық мал.

Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ, немесе басым бөлігі кесілген.

Тістерінін көбі түсіп қалған.

Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

                 Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандықтың етін жеуге болады. Құрбандыққа шалған малдың етін үшке бөліп тарату мустахаб. Бір бөлігін туған-туыстарға, екінші бөлігін кедей және муқтаж адамдарға, үшінші бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.

Аллаһ Тағала құранда былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жендер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіндер».

Пайғамбарымыз (С.А.У.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз(С.А.У.) шалған құрбандығының үштен бірін-отбасына, үштен бірін-кедей көршілеріне, қаған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедей-муқтаждарға беруге болады.

Биыл 2017 –жылы қасиетті құрбан айт мерекесі Қыркүйек айының 1,2,3 басталып, 4 –і күні аср намазына дейін жалғасады.Айт намазын оқу мұсылман адамға уәжіп болып саналады.Айт күндеріміз берекелі өтіп,сауапқа толы күндерден болуын Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін.Еліміз тыныш,жұртымыз аман болсын ағайын!

Қызылорда қаласы «Ыбрайым молда»мешітінің бас имамы Т.Нұрман.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы