Жұма, 29 Қыркүйек 2017   |   298 рет оқылды

Мұхаррам айы мен Ашура күні туралы

Мұхаррам — мұсылмандардың хижра бойынша ай күнтізбесін бастайтын айы. Биылғы жылы Мұхаррам айының бірінші күні 21 қыркүйекке түседі деп күтілуде.

Бұл – Қасиетті Құранда айтылған қасиетті төрт айдың бірі:
 
«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар».

Сенімді хадистерге сүйенсек, бұл төрт айға Зүл-қада, Зүл-хиджа, Мұхаррам және Ражаб айлары жатады. Қасиетті Құранның барлық тәпсіршілері бұл мәселе жөнінде бірауыздан келіскен. Өйткені, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы рет жасаған қажылығы кезінде оқыған құтпасында былай деген:
 
«Бір жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі қасиетті болып табылады. Олардың үшеуі — зүл-қада, зүл-хиджа және мұхаррам — бірінен кейін бірі келеді, ал, (төртіншісі) ражаб мудара джумада (сәнийа) мен шағбан айларының арасында».

Осы төрт айдың ерекше атап өтілгені басқа айлар қасиетті емес дегенді білдірмейді. Себебі, жылдың ең қасиетті айы Рамазан айы емес пе? Бірақ, бұл төрт айдың қасиетті (тыйым салынған) ай деп ерекше аталған себебі – олардың қасиеттілігін тіпті Меккенің пұтқа табынушылары да мойындаған.

Шындығында он екі айдың әрбірінің дәрежесі әу бастан бірдей, олардың арасынан біреуін бөліп алып, айрықша қасиет берілмеген. Құдіретті Алла Тағала ерекше берекесін беру үшін ерекше уақытты таңдаса, сол уақыт Оның рақымымен, қасиетке ие болады.

Негізі, бұл төрт айдың қасиеттілігі Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманынан бастап мойындалған. Меккенің пұтқа табынушылары өздерін Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) үмбетіміз деп санағандықтан, осы төрт айдың қасиеттілігін қадағалаған және де тайпалардың жиі соғысып тұратынына қарамастан, бұл айларда соғысуға тыйым салынған деп есептеген.

Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шариғатында бұл айлардың қасиеттілігі мойындалған, сондай-ақ, Қасиетті Құранда ол айлардың қасиетті екендігі айтылған.
 
Мұхаррам айының өзіне тән басқа да біршама ерекшеліктері бар:
 
1. Мұхаррам айындағы ораза
 
Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 
«Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам».

Мұхаррам айында ораза ұстау міндетті болмаса да, сол күндері өз еркімен және өз қалауымен ораза ұстаған жан Құдіретті Алла Тағала тарапынан үлкен сауап алу құқығына ие болады. Жоғарыда келтірілген хадис Мұхаррам айындағы оразаның, яғни өз таңдауымен (бұл ораза міндетті болмаса да) ораза ұстаған адамның оразасының сауабы нәпіл ораза үшін берілетін сауаптан да көп екенін көрсетеді. Жоғарыдағы хадис Мұхаррам айының оразасы үшін уәде етілген сауап бір ай бойы ораза ұстасаң ғана беріледі дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл айда ұсталатын оразаның әрбір күні құндылыққа ие. Сондықтан, біз бұл мүмкіндікті қолымыздан келгенше пайдаланғанымыз абзал.
 
2. Ашура күні
 
Мұхаррам айы түгелдей қасиетті болып саналса да, оның ішіндегі ең қасиетті күн - 10-шы күні. Ол күн Ашура деп аталады. Қасиетті сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында ораза ұстайтынын байқаған. Олар Қасиетті Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен оның ізіне ерушілердің сол күні Қызыл Теңізді ғажайып түрде кесіп өтіп, перғауынның теңіздің суына батып өлгендігін тілге тиек еткен. Мұны яһудилердің аузынан естіген Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 
«Біз Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден де жақынырақпыз», - деп, мұсылмандарға Ашура күні ораза ұстауды әмір еткен. (Әбу Дауд)
 
Сондай-ақ, бірнеше сахих хадисте Ашура күні ораза ұстаудың бастапқыда мұсылмандарға уәжіп болғандығы жеткізілген. Кейінірек Рамазан айының оразасы парыз етіліп, Ашура күні ораза ұстау ерікті болған. Аиша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген:
 
«Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижрет еткенде, Ашура күні ораза ұстап, өзгелерге де сол күні ораза ұстауды әмір еткен. Бірақ, Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін оразаның парызы Рамазанмен шектеліп, Ашура күнгі оразаның уәжіптігі күшін жойған. Бұл күні қалаған адам ораза ұстап, қаламаған адам ұстамаса да болады». (Сунан Әбу Дауд)
 
Алайда, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының оразасы парыз етілгеннен кейін де Ашура күні ораза ұстауын тоқтатпаған.
 
Абдулла ибн Мұса (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнгі оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық көрген және Рамазан айындағы оразаның қадірін Ашура күнгі оразадан артық санаған. (Бұхари мен Муслим)
 
Қысқасы, бірқатар сахих хадистерді негізге алар болсақ, Ашура күнгі ораза — Әзіреті Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті және де бұл оразаны ұстаған адам үлкен сауапқа кенеледі.
 
Тағы бір хадиске сүйенсек, Ашура күніне қосып бір күн алдын немесе бір күн кейін ораза ұстау мүстахап болып табылады. Бұл дегеніміз – екі күн ораза ұстаған абзал: Мұхаррам айының 9-ы мен 10-ында немесе Мұхаррам айының 10-ы мен 11-інде. Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, қосымша тағы бір күн ораза ұстаудың себебі – яһудилер тек Ашура күні ғана ораза ұстаған, ал, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың ораза ұстау тәсілін яһудилердің тәсілінен ерекшелеп алғысы келген. Сол себепті, ол мұсылмандарға Ашура күніне тағы бір күн қосып ораза тұтуды кеңес еткен.
 
Кейбір хадистер Ашура күнінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Сол хадистерге сәйкес, бұл күні отбасымызға басқа күндерге қарағанда мол тамақ беріп, өзгеше жомарттық танытқан жөн. Хадис ғылымына сүйенер болсақ, бұл хадистер аса сенімді емес, дегенмен, Бәйхақи және Ибн Хиббан сияқты кей ғалымдар бұл хадистерді сенуге тұрарлық деп тапқан.
 
Жоғарыда айтылған деректердің бәрі Ашура күні туралы сенімді қайнар көздерде расталған.
 
3. Жоқтап жылау
 
 
Бұл аймен байланысты тағы бір жалған дәстүр – Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өліміне байланысты жоқтап жылау рәсімі. Осыған дейін де айтылғандай, Карбалада орын алған жағдай — тарихымыздағы ең қайғылы оқиағалардың бірі. Бірақ, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кім өлсе де жоқтап жылау рәсімін өткізуге тыйым салған. Жахилдік кезеңнің адамдары біреу дүниеден озғанда, үстіндегі киімдерін жыртып, беттерін, көкіректерін ұрып, бар дауыстарымен айқайлап, жоқтап жылайтын болған. Қасиетті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соның бәріне тыйым салып: «Иннаа лилляахи уа иннаа иляйхи рааджи'уун», - деген сөздермен мұсылмандарға сабырлы болуды бұйырған. Бұл мәселеге қатысты біршама сенімді хадистер бар. Солардың біреуін келтірейік:
 
«Алақанымен бетін ұрып, үстіндегі киімін жыртып, жахилдік кезеңнің адамдары айтқан сөздерді айтатындар бізден емес!» (Сахих Бұхари)
 
Ондай жоқтауға үзілді-кесілді тыйым салынатынына мәртебелі фиқһ ғалымдарының барлығы бірауыздан келіскен. Тіпті Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өзі өлеріне аз қалғанда сүйікті әпкесі Зайнабқа (Алла оған разы болсын) оның өлімінен кейін олай жоқтамауды кеңес еткен. Ол былай деген: 
 
«Қадірлі әпкем, жалынамын саған, мен өлгенде үстіңдегі киіміңді жыртып, бетіңді тырнап, маған бола біреуді қарғап, өз өліміңді тілеме.» (Әл-Камиль, ибн Кясир,4 том, 24 бет)
 
Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) кеңесінен белгілі болғаны, жоқтаудың кез келген түрін сол рәсімнің иесі – асыл азамат та құптамаған. Әрбір мұсылман мұндай әркеттерден аулақ болып, Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен оның аса сүйікті немересі Хусейн сахабаның (Алла оған разы болсын) өсиеттеріне адал болып қалуы тиіс.
 
azan.kz

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы