Сенбі, 27 Желтоқсан 2014   |   2029 рет оқылды

ИСЛАМДАҒЫ ОТБАСЫ

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Жаббар иеміз Хақ тағалаға сансыз мақтаулар болсын. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұсафаға, ардақты жанұясына, саңлақ сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Бұл, неке, отбасы деген сонау адамзаттың жаратылуынан яғни Адам ата мен Хауа анамыздан бастап келе жатқан өте қасиетті ұғым. «Отан отбасыдан басталады»-деп дана халқымыз айтқандай, бір қоғамның және халықтың негізгі ірге тасы жанұя болып табылады. Егер отбасымызды Исламға сай етіп құратын болсақ, жәннәттағы сарай секілді іші тыныштық пен берекетке толы болмақ. Осындай мықты отбасыдан құралған мемлекет те, бейбітшіліктің қайнар көзіне айналмақ. Асыл Ислам дініміз әрбір жеке тұлғаның және қоғамның тыныштығын қамтамасыз ету үшін жанұяға өте қатты көңіл бөледі. Отбасы іргесін сақтау һәм ішіндегі берекетті арттыру үшін өзіндік қағидалар, міндеттер қойған. Отбасыдағы әрбір жанның құқығы және міндеті бар. Егер осы міндеттер орындалып, құқықтар сақталған жағдайда жанұяның тұғыры биік, керегесі кең болмақ.

Құметті оқырмандар! Біздердің дара көшбасшымыз, еліктейтін жалғыз тұлғамыз сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасы құруға ынталандыратын хадистеріне назар салайық:

«Отбасы құрыңыздар, християн діндарлары секілді болмаңыз».

«Құл үйленген сәтте дінінің жартысын толықтырған болады».

«Әрбір мүмин ахиреттегі бақыты үшін жәрдемші болатын өмір жолдасымен үйленсін».

«Ризық-несібені отбасы құрудан іздеңіздер».

«Үйленіңіздер, көбейіңіздер! Өйткені қиямет күні Мен сіздердің көптікткріңізбен қуанамын».

«Үйлену менің сүннетім. Кім мұны тәрк етсе менен емес».

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осынау сөзіне құлақ аса отырып, сәті келгенде уақыт өткізбестен балаларын үйлендіру әрбір ата-ананың міндеті. Қоғамнан ар-ұят кеткен осындай заманда түрлі себептермен үйлендіруді кешіктіруге мүлде болмайды. Екі қолымызды сыбана кірісіп баршамыз осы жастарға жәрдемші болуымыз қажет. Қазіргі кезде көптеген жастар болмашы сылтаулармен үйлендіруді кешіктіріп жатыр. Осының салдарынан жаңылыс жолдарға қадам басып жатады. Басым көпшілігінің айтатын себептерінің бірі «Қалың малға ақша жоқ, тойға ақша жоқ». Еуропаға, өзгелерге еліктеп, шамамыз келмесе қарызданып, не болмаса несие ақша алып ысырапшылыққа жол беріп жатамыз. Мұндай істерді шариғатымыз құптамайды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жеңілдетіңіздер, қиындатпаңыздар» деген. Мемлекетіміздің, халқымыздың ірге тасы бекем болып жалғасын табуы, ұрпағымыздың көбейуіне, отбасыға байланысты. Сондықтан мұндай болмашы себептермен жастарымыздың бойдақ жүріп, нәсіліміздің көбейуін кешіктіру орны толмас өкініштерге алып келері ақиқат. Дана халқымыз: «Көрпеңе қарап көсіл» десе Абай атамыз:

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды,

Әдеті надан адамның. – дейді.

Өзгелерге еліктеп жалтақтамай, жалған, негізсіз ойлардан арылып ұрпағымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Ең бастысы бабаларымыз жүріп кеткен сара жолдан айнымай, шариғаттың шеңберінен ауытқымай әрекет жасауымыз керек. Сонда ғана екі дүниеде де жүзіміз жарық, абыройымыз асқақ болмақ. Енді хақ Ислам дініміз бойынша отбасы қалай құрылады және отбасыдағы жандардың өзара міндеттері қандай, соларды қысқаша атап өтсек:

Әуелі үйленетін қыз бен жігіттің мұсылман болулары керек. Дінімізде, мұсылман еркектің тек християн және яһудилік дінін ұстанушы әйелдермен үйленуге рұқсат етілген, ал мұсылман әйелдерге өзге діндегі адамдармен үйленуге тыйым салынған. Үйленетін қыздың әке-шешесінің разылығы керек. Әке-шешсінің хабарынсыз жасырын некелесуге болмайды. «Тең теңімен, тезек қабымен» дегендей, үйленетін екі жас бір-біріне тең болуы керек. Мәселен материалдық тұрғыдан, діндарлық, білім деген секілді. Ең бастысы болашақ жардың имандылығына, ибалығына қарап алған жөн. Өйткені отбасын айрандай ұйытып, береке кіргізетін, ұл-қызды тәрбиелеп ұрпақты өсіретін сол аналар. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әйелді үш нәрсесіне қарап таңдайды, сұлулығына, байлығына және діндарлығына. Сен діндар болғанын таңда» деген. Ал Абай атамыз өлеңінің бірінде былай деген:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме.

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей көңіл берме.

 

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ұяты бар, ақылы бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Отбасын құру өте жауапты іс, бұған немқұрайды, селқос қарауға болмайды. Өкінішке орай бүгінгі күнде жаңа құрған отбасылардың ажырасуы белең алып отыр. Мұның басты себебі материялдық нәрселерді бірінші кезекке қойулары. Діндарлық, тәрбие деген қалды, дипломға, байлыққа, мамандыққа қарап үйленетін болды. Өмірдің өзі түрлі ауыртпалықтардан, сынақтардан тұрады. Жеңіл жүріске үйренген жастарымыз қиындықтарды бірге жеңіп, асуларды бірге асудың орнына айрылысып кете барады. Егер отбасыдағы әрбір адам өз міндетін атқарса, мұндай келеңсіздіктер болмас еді. Енді осы міндеттерге тоқталсақ:

Ер мен әйелдің өзара міндеттері: Ер мен әйел бір-бірінің қате-кемшіліктерін көрместікке алып, ар-ұяттарын қорғаулары керек. Осылайша бір дене секілді шаңырақтың тұрақтылығын сақтау қажет. «Еркек үйдің егесі, Әйел үйдің шегесі» дегендей, үйдің басшысы ер кісі болып саналады. Бүкіл ғаламды жаратқан жалғыз Алла. Алладан басқа тәңір жоқ. Бір елде екі басшы болмайды. Бұл табиғаттың заңдылығы. Міне сол секілді ер кісіде үйдің басшысы. Айрандай ұйып отқан отбасының бытшыт болып, ұрыс-керістің туындауы, үйден құт-береке қашып жанжалдан арылмауы еркек пен әйел тең деген жалған ұранды жаттап алып байбалам салуымыздан келіп шығады. Бұл Алла тағаланың жаратқан заңдылығы. Мұны жоққа шығарып кім бұзбақ. Егер осы жаңсақ пікірден арылмасақ, қасіреттен арыла алмаймыз. Ер кісі үйінің басшысы болғаннан кейін сол үйдің, бала-шағаның, әйелдің қажетін тауып беріп, тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуі керек. Ал әйел болса, бала-шағасын тәрбиелеп, үйінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, жарының тауып келген нәпәқасын ысырап етпестен, орынды жұмсай білуі қажет. Міне, сонда ғана шаңырақ шайқалмай, үйдің құт-берекесі артып, ырысқа толы болмақ.

Әке-шешенің балаларының алдындағы міндеттері: Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде былай деген: «Ата-ананың баласының алдында үш міндеті бар: туылғанда жақсы есім қою, жақсы тәрбие беру, ұл бала болса, иманды қызға үйлендіру, қыз бала болса, иманды жігітке беру». Шетелге еліктеп ұл-қызымызға кез келген атты қойып жатамыз, бұл дұрыс емес. Бұл ата-ананың міндеті болғаннан кейін жауапкершілікпен қарап мән мағыналы ат қойған жөн. Екінші Алланы танытып, дінді үйретіп тәрбиесіне баса назар аудару керек. Егер ұрпағымыз жақсы болса, өзіміздің пайдамызға, ал егер жаман болатын болса керісінше зиянымызға болады. Өйткені Пайғамбарымыз (Оған Аллнтың игілігі мен сәлемі болсын): «Артында өзіне дұға ететін ұрпақ қалдырған адамның амал дәптері жабылмайды, үнемі сауап жазылып отырады»-деген. Әрі олардың қажеттіліктерін өтеу де ата-ананың міндеті екені айтпаса да белгілі. Тек ысырап жасамау керек және сараңдықта танытпай орта жолды ұстану қажет. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Бір адамның жақсылық үшін жұмсаған ақшасының ең абзалы, жанұясы үшін жұмсаған ақшасы»-деген. Сондай-ақ балалардың арасын бөліп жармай тең қарау керек. Бес саусақтың бірдей болмағаны секілді балалардың да бірдей болуы мүмкін емес. Сол себепті ағаң жақсы сен болсаң..., әпкең жақсы ал сен..., деген секілді салыстырудан, кемсітуден, айыптаудан қатты сақ болу лазым. Бұл баланың тәрбиесіне өте қатты кері әсер етеді. Және соңғысы, егер қыз балаңыз болса иманды жігітке тұрмысқа беруіңіз, ал ер балаңыз болса, иманды да ибалы қызға үйлендіруіңіз қажет. Бұған жастарғой, өздері біледі деп немқұрайды қарауға болмайды. Үнемі ұл-қызымыз үшін дұға етіп жақсы тілекте болуымыз керек. Себебі Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ананың баласына жасаған дұғасының кері қайтарылмайтындығы жайлы айтқан.

Балалардың ата-анасының алдындағы міндеттері: Балалар ата-аналарына мойынсұнып үнемі жақсылық жасаулары қажет. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде «Біз адамдарға ата-аналарына жақсылық жасауды әмір еттік»-деген. Балалар әке-шешелерін құрметтеп, қалауларын орындап, соңғы демдеріне дейін қызметін жасау керек. Қаншалықты қызметін жасасақ та бір түнде тұрып емізгенінің ақысын өтей алмаймыз. Сол себепті дініміз әке-шешеге жақсылық жасауды, қарсы келіп жекімеуді бұйырады. Бір адам Пайғамбарымызға (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп әуелі кімге жақсылық жасайын дегенде үш рет анаңа кейін әкеңе деген. Осыған қарап дінімізде ата-ананың орны қаншылықты маңызды екенін байқаймыз. Және бір хадисінде «Жәннат ананың аяғының астында»-деген. Егер Аллаһ тағаланың разылығын қаласақ ата-анамызды разы етуіміз керек. Өйткені Аллаһтың разылығы ата-ананың разылығында. Бір күні сахабалардың бірі тілі кәлимаға келмей жан тапсыра алмай қиналып жатады. Мұнан хабар тапқан Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның әке-шешесі бар ма деп сұрайды. Әлгі сахабаның әкесі о дүниелік болып кеткенін, ал анасының бар екенін айтады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) анасын алдырады да, ұлы жайында сұрайды. Сонда анасы, жары қайтыс болғаннан кейін баласы кейімесін деп екінші рет тұрмысқа шықпай, бағып қағып өсіргенін, үйлендіргенін, кейін әйелінің айтқанын істеп анасына қарамай қойғанын айтып разы емес екенін білдіреді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасының неге жан тапсыра алмай қиналып жатқанының мәнісін түсінеді де, анасына разылығын бер дейді. Баласына қатты ренжіген анасы разылық бермейтінін айтады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына онда отын жинап келіңдер, баланы өретйміз дейді.  Анасы шошып не үшін өртемексіңдер дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) о дүниенің отына өртенгенше осы дүниеде күйіп жансын дейді. Сонда ананың ет жүрегі елжіреп, көзіне жас алып баласынан разы екенін білдіріп, кешірім береді. Сол сәтте әлгі сахаба кәлимасын айтып жан тапсырады. Ата-анаға қарсы келу үлкен күнәлардан болып саналады.

Бауырлардың бір-біріне деген міндеттері: Қандай жағдай болмасын айғайынды бауырлар бір-біріне құрмет етіп жақсы мәміледе болуы қажет. Кішкентайлары үлкендеріне мойынсұнып, үлкендері кішкентайларына мейіріммен қарап үлгі болуы керек. Бір-біріне деген қызғаныш, көре алмау деген сезімнен бойды аулақ ұстау керек. Бір-бірінің көзқарастарына, пікірлеріне құрмет көрсетіп, талас-тартыстан аулақ болу керек.

Құрметті оқырмандар! Исламдағы отбасы жайында және жанұядағы адамдардың бір-біріне деген міндеттерін қысқаша атап өттік. Біздерге жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін Алланың кәләмі Құран мен Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хаидстері. Егер өмір сүру салтымызды осы Ислам дініне негіздейтін болсақ, отбасымызда, отанымызда әрқашан тыныш болып, берекеге толып екі дүниенің бақытына қол жеткізеріміз анық. Әр біріміз өзімізге тиісті міндеттерді атқарып, бізге қатысы жоқ нәрселерден аулақ болсақ Алла алдында да, адамдар алдында да, кемелді тұлғаға айналып көркем мінезді мұсылмандардан боларымыз сөзсіз.

 

                                Қалалық "Айтбай" мешітінің найб имамы Ырысбай Базарбай

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы