Сенбі, 27 Желтоқсан 2014   |   2652 рет оқылды

ҚИЯМЕТТІҢ КІШІ БЕЛГІЛЕРІ

Барлық мақтау күллі ғаламды жаратып, біздерді жоқтан бар еткен, пенделерінің барша әрекетінен хабардар, көместі білуші Хақ тағалаға тән. Адамзаттың азаптан құтылып тура жолды табуы үшін барын салып жанталасқан, үмметім, үмметім деп көз жасын төгіп, біздер үшін қайғы жеген сүйікті Пайғамбарымызға, отбасына, сахабаларына сондай-ақ қияметке дейін Пайғамбарымыздың соңынан ілесуші барша мүминдерге Алланың игілігі мен есендігі болсын.

Бұл дүниеде кез келген жаңа нәрсе ескіріп түбінде жоқ болады. Тозбайтұғын дүние, ажал құшпайтын пенде жоқ. Қандай нәрсе болмасын уақыт өте келе тозығы жетеді. Мәселен адам баласы сәбиліктен бастап боз балалыққа қадам басады, боз балалықтан тепсе темір үзер ер жігіттік шаққа жетеді. Соңында бойынан күш қуат кетіп, белі бүгіліп, қауқарсыз қартқа айналып ажалын күтеді. Сол секілді ағаштарда ерте көктемде жасыл кілемдей жайқалып, тіл үйірер алуан түрлі жемістер береді. Араға біраз жыл салып уақыт өткеннен кейін әлгі ағаштардың жеміс бермек түгіл, жапырақсыз жалаңаш қалып, отыннан басқа нәрсеге жарамайтынын көресіз. Міне, тура сол секілді біз тіршілік етіп жатқан, іші таңғажайып құбылыстарға толы, сұлулығына көз тоймайтын, ұш қиыры көз жеткісіз мына алып ғаламның да әуелден Алла тағаланың белгілеп қойған бір мерзімі бар. Бұл дүние, жаратылғаннан бастап сан түрлі кезеңдерді, бастан өткеріп, қаншалаған оқиғалардың куәсі болды. Тек қана Аллаға құлшылық ету үшін жартылған адамзат жер бетінде Аллаға қарсы келіп азғындай бастағаннан кейін пайғамбарлар жіберіп отырды. Адам атадан бастау алып, пайғамбарлардың ең соңғысы, адамзаттың асылы, Алланың сүйікті құлы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді. Алла тағала Пайғамбарымызды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәл сондай адамдар адасып, Жаратушыларын ұмытып, азғындаған шақта бүкіл адамзатқа пайғамбар етіп жіберді. Аз ғана уақыттың ішінде сондай қоғамды тіпті періштелер ұялатын, қызыға қарайтын қоғам етіп тәрбиелеп Ислам мемлекетін құрды. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін ізін жалғастырушы орынбасарлары бұл жолды әрмен қарай жалғастырып Ислам діні кең етек жайды. Мұсылмандар биліктің тізгінін өз қолдарына алғаннан кейін жер жүзінде әділдіктің орнағаны сондай тіпті өзге дін өкілдері де сенімді, тыныш өмір сүретін болды. Әр нәрсенің шыңырау шегі бар. Тау қаншалықты биік болсын ұшына жеткеннен кейін кері қайтуға мәжбүр боласыз. Сол сияқты мына дүние де белгілі бір жерге барғаннан кейін шегіне бастады. Қазір айналаңызға, табиғатқа қарап ондағы нәрселердің бұзыла бастағанын көресіз. Мәселен ауаның, судың ластануы, жеміс-жидек, дәнді-дақылдардың дәмсізденуі, қоғамның адамилық қасиеттерден айрыла бастауы. Осылардың баршасына қарай отырып дүниенің соңы келіп, ақыр заманның жақындай түскенін көресіз. Иманның алты шартының бірі осы ақирет күніне иман келтіру. Ақыр заманның орнары бұлтартпас ақиқат, бірақ оның қашан болары тек Аллаға ғана аян. Мұның мерзімін ешбір пенде, тіпті пайғамбарда білмейді. Алайда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алланың қалауымен ақыр заман таяғанда жер бетінде жүзеге асып, орын алар оқиғалардан яғни қияметтің белгілерінен хабар беріп кеткен. Қияметтің белгілері үлкен және кіші деп екіге бөлінеді. Ғалымдар қияметтің кіші аламаттарының жүзеге асқандығын айтып, енді үлкен белгілері қалды деседі. Тақырыптан байқағандарыңыздай осы мақалада Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) білдіріп кеткен қияметтің кіші белгілері жайлы айтатын боламыз. Осы белгілерге қарап және қоғамда орын алып жатқан құбылыстарға қарап сеніміңізді шыңдай түсіп Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі қаншалықты ақиқат екеніне көз жеткізесіз.

Қияметтің кіші белгілері

Ақыр заман таяған уақытта әуелі қияметтің кіші белгілері бой көрсетеді. Бұл кіші белгілер төмендегіше:

1) Еркектер еркек, әйелдер әйел құмар болады: Бұл жайында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Еркек еркектерді, әйел әйелдерді қанағат тұтпайынша қиямет болмайды.» (Хатиб). Міне, Пайғамбарымыз (Оған Аллнтың игілігі мен сәлемі болсын) біздің заманымызды көріп тұрғандай қалай дөп басып айтқан десеңізші. Қоғамымызда мұндай жандар көптеп кездеседі. Тіпті Еуропадағы кейбір елдерде еркектер мен еркектер бір-біріне, әйелдер мен әйелдер бір-біріне некелесулеріне болады деп заңды түрде құптап, бекітіп қойған. Жануарларда ақыл жоқ деп өздерін жоғары, білімді санайтын, алайда сол жануарлардың өзі жасамайтын нәрсені жасап жүрген мұндай адамдарға не дейсіз?  Әрине бұл барып тұрған азғындық. Мұның баршасы Хақ тағаланы танымай, дін әмірлеріне мойынсұнбай, өз қалауларының жетегінде кетулерінен келіп шыққан нәрсе. Айтуға аузың бармайды. Мұндай адамдар біздің қаракөз әпке-қарындастарымыздың, аға-інілеріміздің арасынан да шығып жатыр.

2) Бала-шағаны тәрбиелеу өте қиын болады:Бұған байланысты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)былай деген: «Ит асырау, бала тәрбиелеуден ұнамды болады» (Хаким). Өкінішке орай бұл да қоғамымызда болып жатқан ащы шындықтардың бірі. Қаншама ата-ананың Алладан тілеп, дүниеге қандай қиындықпен алып келген балалрының тәрбиесіне көңіл бөлмей, құшағына баспай, тілдесуге уақыт таппай жүргенін көресіз. Бірақ сол адамдардың үйінің төрінде ит, мысық асырап, табиғатта серуендетіп, аймалап жатқанын көргенде қандай мейірімді жан деп ойлап қаласыз. Басқа да хадистерде «Ақыр заманда баланы тәрбиелеу итті тәрбиелегеннен де қиын болады», «Күң (әйел) өзінің қожайынын туады» делінген. Яғни қиямет жақындағанда бала тәрбиелеудің қиындыққа соғатынын білдіруде. Сондай-ақ өз балаларының ата-анасының сөзіне құлақ аспай, қарсы келіп, билік ететіндігі айтылуда. Расында қазіргі таңда бала тәрбиесі өте күрделі мәселе болып отыр. Сөзімізді итке тыңдата аламыз, жан-жануарға, тіпті аңдардың патшасы арыстанға айтқаныңызды істете аласыз. Мұны баршамыз цирктерден көріп, куәсі болып жүрміз. Ал бала-шағаға келгенде айтқанымызды жасата алмаймыз. Осы шындықты асыл Ислам дінінен сусындаған Мөңке би бабамыз сонау заманда қалай дөп басып айтып кеткен десеңізші:

Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын

Бедірей деген қызың болады.

Әрине бұл мәселеде тек қана баланы айыптау дұрыс емес, мұнда бал-шағасына тәрбие бере алмаған, тек тамағымен, киімімен қаматамасыз етіп, басқасына көңіл бөлмеген ата-ананың да үлесі бар. Өкінішке орай бүгінгі күнде ата-ананың міндеті тек баласының қарнын тойдырумен, киім-кешегін алып берумен ғана шектеліп қалды. Бірақ ата-аналық деген бұл емес қой. Олар шаңырағымыздың, отанымыздың келеші емес пе? Бұл нәрсеге қалайша немқұрайды қараймыз. Жастар болашағымыздың айнасы емес пе? Егер оларға дұрыс тәрбие бермесек  болашағымыздың тамырын өз қолымызбен шапқан боламыз.

3) Адамдардан ар ұят кетіп, ойнастық белең алады: Бұл турасында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Ант етейін, сараңдық болмайынша, ойнастық белең алмайынша, сенімді адамға сатқындық жасалып, ал сатқын адамға сенім артпайынша, жақсылар жоқ болып жамандар қалмайынша қиямет болмайды» (Хаким). Және басқа бір хадисте: «Үмметімнің соңғы уақыттарында киінген жалаңаш әйелдер шығады. Шаштары түйенің өркешіндей болады. Олар жәннәтқа кіре алмайды, тіпті жәннәттің иісін де иіскей алмайды.» (Әбу Дауд) деген. Бұл шындықты Мөңке би бабамыз былай деп тілге тиек етеді:

Бас қосылған жерлерде

Әйел жағы ден болар.

Жаман-жақсы айтса да,

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар.

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар.

Көрмеуге тырысып көзіңді қаншалықты жұмғаныңмен, жаныңа тікендей бататын ақиқаттардың бірі осы. Ар-намысын ештеңеге айыр бастамай қан кешіп, жан қиған, етек жеңін ұзартып, қызын қырық үйден тыйған ата-бабаларымыздың ұрпағы осындай хәлге душар болады деп кім ойлаған. Ілгеріде мұсылман түгіл өзге діндегі әйелдер де бұлай ашық-шашық жүрмеген. Бұл бір адамилық қасиет. Ұят, ар-намыс деген бір отбасыны, халықты сақтап қалатын ең басты құндылық. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Бүткіл пайғамбардан қалған бір сөз бар «Алладан ұялмасаң қалағаныңды істей бер» деген». Ар ұяттан жұрдай болған халықта ештеңе баянды болмайды. ХХІ ғасыр деп, заман талабығой деп, сәнғой деп ессіздерге еліктеп, етек жеңімізді қысқартып, жерден жеті қоян тапқандай шыға келдік.  Ал қазір осының салдарынан алданған қызды көріп, ойран болған отбасын көріп қасірет шегудеміз.

4) Ішімдік көбейіп, ішімдікке деген әуес артады: Ішімдік жайында да Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметімнен кейбір адамдар ішімдік ішіп, оны неше түрлі атпен атайды. Бас жақтарынан асбаптар ойнатылып әнші әйелдер ән айтады. Алла оларды жерге батырсын және оларды маймылға, доңызға айналдырсын» (Ибн Мәжә). Қазіргі кезде белең алған індеттердің бірі де осы ішімдік. Ішімдіктің көптігі сондай жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі барша адам ермекке ішетін затқа айналды. Барлық жамандықтың кілті осы ішімдік болып табылады. Осының салдарынан қаншама жастар қыршыннан қиылып, неше отбасының шырқы бұзылып, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды. Мұның баршасын көре-біле тұра атадан қалған астай ішетінімізге жөн болсын. Бұл ақиқатты Мөңке би бабамыз күйіне отырып былай жеткізеді:

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді,

Бірақ адам оған құмар болады.

5) Қиямет жақындағанда дінмен жүру қиын болады: Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан: «Адамдарға сондай бір заман келеді, ол күні дінді ұстану қолда шоқты ұстағанмен бірдей болады.» (Тирмизи, Әбу Дауд). Шынында қара бұлттай басымызға төнген ең үлкен алапаттардың бірі міне осы. Жаратушы Жаббар иесіне сәжде етіп, құлдық міндетін атқарып, дініміздің әмірлерімен жүріп, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстаған адамды  көрген сәтте жын көргендей шошынып күндейтіндер, тілдейтіндер көптеп кездеседі. Түсінігіміздің таяздап, санамыздың уланғаны сондай ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайтын жағдайға тап болдық. Ішімдік, шылым секілді адам түгіл жан-жануардың өзі ауызға алмай тіксінентін нәрселерден бойын таза ұстап, ешкімнің ала жібін аттамай намазын оқып жүрген жандарға «Не үшін намаз оқисың?» дейтіндер көп. «Неге намаз оқымайсың?» десе ақылға қонымды болар еді, ал «Не үшін намаз оқисың?» деген сұраққа жөн болсын. Қазіргі ата-аналарға да қайран қаласың. Ұл-қызы көше қуалап, клуб жағалап жүрсе алаңдап, уайымдап қорықпайды, ал қыздары ар-намысын қорғап етек-жеңін ұзартса, баласы намаз оқып жаман жолдан бас тартса үрейленіп жолына бөгет болып кескестейді. Дін десең, намаз десең, тура бір отқа сүйреп жатқандай ат тонын ала қашады. Алайда сол бейбақ жандар екі дүниенің бақыты осы Ислам дінінде екенін білмейді. Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай осы бір заманда дінді ұстау алақанда шоқты ұстағанмен бірдей болып қалды. Бірақ осыншама қиыншылықтарға қарамастан сабыр етіп, мойымай, төзе білген адамға Аллаһтың рахметі жаңбырша жаумақ.

Хадистерде айтылған қияметтің басқа да аламаттары мыналар:

  1. Аманатқа қиянат жасалады.
  2. Ойнастықтан (некесіз) туған сәбилер көбейеді.
  3. Зекет берілмейді.
  4. Әйелге еріп, анаға қарсы келеді.
  5. Еркектер азайып әйелдер көбейеді.
  6. Өсімқорлық, пара артады.
  7. Жақсылық жасаушы мұсылман ақымақ саналады.
  8. Күнәға деген талпыныс артады.
  9. Жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтару жойылады.
  10. Асбаптар көбейеді.
  11. Адам өлтіру артады.
  12. Дінге мойынсұну, көркем мінезді болу айып саналады.
  13. Ілім жойылып надандық артады.
  14. Өзін пайғамбармын дейтін өтірікшілер шығады.
  15. Намаз оқылмайды.
  16. Туыстық қарым-қатынас үзіледі.
  17. Сауда сенімсіз адамдардың қолына өтеді.
  18. Еркектер әйелдерге ұқсауға тырысады.

Енді осы айтылған нәрселер қоғамымызда болып жатыр ма? Айналаңызға бір көз жүгіртіп ақылыңызбен санасып көріңіз. 

                                 Қалалық «Айтбай» мешітінің ұстазы Омашев Лашын

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы