Сейсенбі, 20 Қаңтар 2015   |   1633 рет оқылды

Мені өлімге қалай қидың анашым?!

Мені Жаратушы ием жақында ғана жаратты. Қазірше анамның құрсағындамын. Аллаһ қаласа, тоғыз айдан соң, жарық дүниемен   қауышамын. Мұнда маған өте жайлы.  Анашым сондай мәпелеп өсіруде. Маған арнап ғажайып әуендер қойып береді. Кейде оған қосылуға тырысамын. Кешқұрым жұмыстан әкем келеді. Ол менімен сөйлесуді  ұмытпайды. Мен оны да қатты жақсы көремін.  Анашым мектепте жұмыс істейді. Мені қинамайын дегені шығар тек мектепте бар-жоғы 4 сағат ғана болады. Басқа уақытта үйдеміз. Ол дәмді тағамдар  әзірлеп, тамақтанғанды ұнатады. Анашым мұның бәрін мен үшін істейтінін сеземін.

Бүгін анам үйге ертерек келді. Өйткені, оқушылары қаланың сыртына табиғат аясында демалуға кетті. Бөлменің ауасын тазарту үшін  бөлменің терезесін ашты. Төменде әкешім бір әдемі қызбен жайбарат сөйлесіп тұр екен. Ара-арасында әкем әлгі қызды сүйіп, құшақтап қояды. Түр әлпеті келіскен қараторы бойжеткен неге екенін қайдам, ол шешеме ұнамады. Анам әкеме қатты дауыс көтеріп айғайлап, екеуі ұрыса бастады.  Үйге келгенмен кіргізбейтінін ескертті. Ашуға ерік берген әкемнің кетіп қалғанын байқай алмай да қалдым. Егіліп жылаған анашым диванға селқос отыра кетті.

Сол күні маған да өте жайсыз болды. Менің қарным ашқанын шешем ұмытып кеткен сияқты. Сол түні ол ештеңе жемегендіктен, аш болғаным соншалықты – таңға дейін  ұйықтай алмадым. Әкем де келген жоқ. Әупірімдеп  таңды да атырдым. Дегенмен, шешем орнынан тұрар емес. Әйтеуір, бір уақытта ас үйге қарай аяңдады. Қуанғаным  сондай – кішкене жүрегім жарылып кетердей. Тамақ ішетін болдым! Алақай! Алайда, аузына бірдеңені апарып, тұтата бастады. Қызық бұл не болды екен?... Тыфу, не деген ашы! Лезде  «үйім» түтінге толып кетті. Анашым не бұл? Тұншығым барамын. Мені аясаңшы. Бір уақытта  жөтеліп кейін түтін тарай бастады. Бірақ, өте баяу. Алайда шешем бұл қылығын біржолата қойған жоқ. Түтіннің әсерінен  жүрегім ауыра бастады. Сол күні  ештеңе аузына алмастан ұйқыға  кетті. Ал менің...

Осылайша бірнеше күн өтті.  Менің көрген күнім құрысын. Жөнді тамақ ішпеген соң,  әлсірей бастадым. Мұны ойлап жатқан шешем жоқ. Жағдайым күн сайын ауырлай бастады. Анашым бірдеңелермен тамақтанады. Бірақ, маған еш ұнамайды. Бұрынғы тамақтарды айтсаңшы! Шешем де әлсіреп, Жаратқаннан кешірім сұрай бастады. Мен түсінбей далмын. Не үшін кешірім сұрап жатыр? Мүмкін,  әкеммен келісімге келетін шығар. Бәлкім, баяғы бақытты күндермен қайта қауышармын?

Ертесіне шешем ақ желеңді адамдары көп бір ғимаратқа келді.  Маған бұл жер кіргеннен-ақ ұнамады. Анашымды бір ақ желеңді  әйел қолынан жетектеп, кабинетке кіргізді. Не істемек ойлары бар? «Ота үстеліне отырыңыз» деген дауысты құлағым шалып қалды. Екіншісі темір ыдыстармен  бірнеше құрал-жабдықтарды әкеліп  қойды. Менің жүрегім жарыла  қысылып қорқып  барамын. Анашым, мен онсызда түтінге тұншығып, бірнеше күнннен бері нәр татқаным жоқ. Мені қорқыта бермеші. Өтінемін. Өкінішке орай, ол мені естімейді. Бір уақытта ақ желеңді бірі қолына  шприц алып, шешеме укол салды. Анашым талықсып, ұйықтап кетті. Алайда мен ұйықтаған жоқпын.  Барлығын сезіп, біліп жатырмын. Әлгі ақ желеңді шешеме жақындап, үңіле бастады. Ойбай, оның темір құралдары маған жақындап қалыпты. Құдайым не болып жатыр? Анашым! Көзіңді ашып, мені құтқара көрші. Оның аузы ырсылдаған темірі менің әлі жетіле қоймаған аяғыма жабысты. Жаным көзіме көрінді. Ауру шыдатпай барады. Аяғымдағы қанды тоқтатпақ болып жан-тәніммен ұмтылдым. Дегенмен, мұның еш пайдасы болмады.  Менің бар дауысыммен айғай салғанымды  неге ешкім естімейді? Ақ желеңділер, маған тиіспеңдерші. Мейлі түтін жайлаған осы жерде қалуға да ризамын. Тек  тиіспеңдер... Екінші соққы жүрек тұсыма бағытталды...  Өліп барамын... Анашым, неге көзіңді ашпайсың? Қарсыласуға шамам келер емес... Қош, анашым! Мен сені өте  жақсы көремін...

бақилық сәби  сөйлейді... 

Мен туылмай жатып-ақ өмірмен қоштастым. Әрине, шешем мені жасанды түсік арқылы  алып тастағанын Жаратқанның шарапатымен кейін білдім. Өкінішке орай, мен сияқтылар мыңдап емес, миллиондап саналады екен.  Әлем бойынша жыл сайын 32 миллион жасанды түсік жасалады екен! Бұл – күніне  87 мың  деген сөз.  Адамдар не болып кеткен өзі. Адам деуге аузым бармайды. Мал екеш малда өз  төлін өлімге қимайды ғой. Ресей деген елде жылына 4 миллион жасанды түсік жасалады. Жыл сайын 1 миллион адамға кеміп барады. Ғалымдары: «Демографиялық тығырыққа тірелдік. Жасанды түсікті шектеу керек. Әйтпесе, тағы бір 10 жылда  отанымызды қорғайтын адам таппай қаламыз»,– дегенімен, биліктегілері құлақтарына ілер емес. Мемлекет басшысы әрбір жаңа туылған сәбиге 10 мың АҚШ долларын тағайындағанмен, мұның пайдасы аздау болып тұр.

Әлемдегі 193 елдің тек төртеуінде ғана жасанды түсікке заңмен тыйым салынған. Аталмыш елдердің 119-ында ана өміріне  қауіп төнетіндіктен ғана  түсікке рұқсат беріледі. Ал, бұрынғы социалистік елдермен бірнеше дамыған мемлекеттерде заңды түсік  жасауға ешқандай шектеу жоқ. Оның ішінде Қазақстан да бар. Жер көлемі бойынша 9-орынды алатын осы ел маған аса қатты ұнайды. Қазақ елімен бір жақындық барын сеземін. Бірақ, қазірше біле алар емеспін. Осыншама кен-байтақ  жерде бар жоғы 17 миллионнан сәл ғана  асатын халық тұрады. Өздерін мұсылман деп есептегенімен мұнда да жасанды түсік өршіп тұр. Қанша бауырымның туылмай жатып о дүниелік болғанын айтқым келмейді. Себебі, ішім удай ашиды...

Аналарымыз тек бізді ғана өлтіріп қоймайды. Сонымен қатар өз ағзасына да орасан зор зиян келтіреді:

– Емшек безі рагына  ұшырайды. Кәрі құрлықтағы әр 100 мың әйелдің 70 осы жазылмас дертке ұшырайды екен. Ал, мұсылман  мемлекеті болып есептелетін Өзбекстанда 100 мың әйелге 18-ден келеді. Өйткені, өзбектерге қарағанда Еуропада жасанды түсік бірнеше есе көп жасалады.  Мальколь Пайк деген ғалым  емшек безінің рагының пайда болуын  анықтау мақсатында 12 жыл бойы  әйелдерге тәжірибе жүргізеді.  Тәжірибеден анықталғандай,  айықпас дерттің негізгі  себепкері  жасанды түсік екеніне көз жеткізеді.

– Жатырдың сыртына бала бітіп, жатыр түтігін жыртып жібереді. Көбінесе, дәрігерлер ана өміріне қауіп төнгеннен кейін, түтікті алып тастауға мәжбүр.

–  Түсік  тастау (бала тастау) қаупі  артады.

– Уақытынын бұрын босанып қою қаупі күшейеді.

– Жатыр мойыны суықтап, бала көтермей қалуы әбден мүмкін.  Әлем ғалымдарының зерттеуі бойынша, 20 пайыз әйелдер  жасанды түсік жасатқаннан соң, өмір бойы бала сүю  бақытынан айырылады.

– Екінші бала жатырға дұрыстап орналаса алмай, анасынан көп қан кетуі мүмкін. Ана өміріне қауіп төнсе, жатырды мүлдем алып тастайды.

Әрине, мен білмейтін бұдан басқа жасанды түсіктің зардаптары  көп екендігі ақиқат. Мұны дәрігерлердің  өзіне қалдырайық.

Әлемдердің Раббысы әрбір адамды ерекше етіп жаратты. Әрқайсысымыздың есебіміз бар екені ақиқат. Жаратушымыздың кереметтерінің бірі сол – алғашқы жатырға  түскен күннен бастап, біздің кім болатынымыз белгіленіп қойылады екен.  Аллаһ тағала бұл жөнінде Құран кәрімде: «Әрине, біз сендерді  топырақтан содан соң  шақуат тамшысынан   кейін ұйыған  қаннан тағы бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен  өздеріңе тектеріңді білдіру үшін жараттық. Сондай-ақ жатырларда  қалаған  мерзімге дейін қойып қоямыз»,–деген («Хаж» сүресі, 5-аят).

Көпшілігі балаларын бағып-қаға алмаймыз деп жасанды түсік  жасатуға барады екен. Бірақ, оларды ризақтандыратын Жаратқан ием екенін әттең білмейді ғой. Бұл жөнінде Құран кәрімде: «Жарлылықтан балаларыңды өлтірмеңдерСендердіоларды біз ризықтандырамыз» Әнғам»сүресі, 151-аят).

Айтпақшы, Раббым мені  анашымның қарнында қазақ етіп жаратыпты. Қазақтарға ерекше көңілім бұрғаны да сол екен. Ата-бабам тәуелсіз ел боламыз деп 3 ғасырға жуық күресіпті. Осы жолда  қанша бабаларым шейіт болды. Болашақ ұрпақ үшін жандарын пида етті. Тек Жаратқанның қалауымен ХХ ғасырдың соңына барып, еркіндік алған екенбіз.  Бүгінде алып елде бар-жоғы 11 миллион қазақ өмір сүруде. Ал 5 миллионы шетте жүр. Егер мені анашым дүниеге әкелгенде ғой. Ержетіп, азамат болғанда ең бірінші жұмысым жасанды түсікті шектеу үшін күресетін едім.  Мүмкін, Аллаһтың қалауымен тоқтатуға себепші болар ма едім.  Өйткені, елімізде  жылына 170  мың бала   жарық   дүние есігін ашпай-ақ, желкесі қиылады екен. Тәуелсіздік алғанымызға да 22 жыл. Осы аралықта қаншама қарадомалақтар  жасанды түсіктің құрбаны болды десеңші! Дүние жүзіндегі барлық болып жатқан соғыстарда да жылына осыншама адам өлмейді екен. Не деген қасірет! 

P.S.  Әкем  сол кеткеннен үйге оралған жоқ. Әлгі қараторы  қызбен шаңырақ көтерді.  Анашым да өз теңін тапты.  Арада сырғып 6 жыл өтті. Алайда,  екеуінің отбасында да  сәбидің үні естілмейді.  Шетелге барып, толық дәрігерлерлік тексеруден де өтіп келді. Нәтиже жоқ. Жаратушымның қаһары қатты келген-ау шамасы.  Алайда, мен екеуін де өте қатты жақсы көремін. Олардың бақытты болуын Аллаһтан тілеймін. Өкінішім, жарық дүниені көре алмай,  анамды ана атандыра алмауым!...


 

Кеулімжай Құтты

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы