Сәрсенбі, 11 Наурыз 2015   |   1092 рет оқылды

Тұғырнамадан туындаған тұғырлы ой

Адамзаттың даму тарихында Ислам діні өзінің өміршеңдігін ғана емес, маңыздылығын, қасиеті мен қадірін танытудан танған емес.

Құранда: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойсұныңдар, Пайғамбарға бойсұныңдар әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ», делінген.

Жалпы, дін тақырыбы, діни мәселелер, діни даулар, діни шешімдер қай кезеңде болмасын қоғам үшін маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Ұстанып қана қоймай, діни руханиятына орай сол қоғамның өмір сүру қағидаты, болашағы айқындалып отыр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін – Алла Тағаланың және оның Пайғамбарының, мұсылмандардың имамдары және барша мұсылмандар жолындағы насихат» деп бекер айтпаса керек.

Алайда, заман ағымы діни тақырыптың өзектілігін уақыт өткен сайын күрделендіріп, әрі жаңартып отыруды талап етіп келеді.

Қазақтың данышпан Абайы айтқандай «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген анықтаманың дәлелі осы заманғы діни бағытқа қойылатын талаптарды туындатады.

Бүгін әлемдік деңгейде кейбір мемлекеттерде орын алып отырған жанжалдарды ескерер болсақ, қазақ елінің басына қонған бақ пен береке, ішкі тыныштығымыз баға жетпес байлығымыз деп санағанымыз абзал.

Қазақтың осындай бірлікте болуы, оның басты құндылығы – мұсылмандығы.

Мұсылмандығымызды сақтай отырып, бірнеше ұлт өкілдерін бір шаңыраққа жұмылдырып, ұлтаралық тұрақтылықты сақтаудағы ұстанымымыз да ел бірлігіне кепіл болуда.

Мемлекеттің басты бағытын, саяси үдерісі мен Елбасының салиқалы саясатын ұғына білген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз кезегінде еліміздегі діни тұрақтылықты сақтап, зайырлы қоғам талабына сай діни қызметкерлер көшін тәрбиелеп, қоғамда қалыптасқан қағидаттарды діни тұрғыда ұстана білуге зор ықпалын тигізуде.

Сахль ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар мұсылман әмірлері мен ғалымдарын көтермелеп тұрғанша игілікте болуын тоқтатпайды. Егер олар (басшыларды) құрметтесе, Алла олардың дүние тіршілігін және болашақ (Ақыреттегі) өмірін тәртіпке келтіреді, ал егер (басшыларды) елемесе, онда олар өздерінің бұл дүние тіршілігі мен болашақ өмірін опат етеді»,-депті.

Демек, ел имамдарын бір бағытқа жұмылдыруға шақырған басшының талабы орындалса тәртіптің орнағаны.

Оның бір дәлелі ретінде «Қазақстан Мұсылмандарының Тұғырнамасын»  атауға болады.

Елімізде тұңғыш рет өткізілген республикалық имамдар форумында қабылданған аталмыш Тұғырнама мұсылманның негізгі діни ұстанымдарын, қызмет ету формаларын, Отанды қорғау, еңбек ету, білім алу секілді әрбір бағыттағы өзіндік қағидаттарын бір арнаға сыйғыза білген.

Тұғырнамада «Ислам этикасы», «Шариғат негізі», «Ислам және ұлт», «Ислам және отбасы» және тағыда басқа ұстанымдар нақты әрі ашық көрсетілген.

Әрбір мұсылманның басшылыққа алып қызмет ететін бұл тұғырнамасы біркелкі қызмет атқарудың озық үлгісі саналады деуге болады.

Тұғырнамадан туындайтын тәлімнің бірі – имамның тұлғалық келбеті.

Алланың есімі мен парызын, адамзатқа аманатын пенделерге жеткізе білу – үлкен жауапкершілікті жүктейтін адами парыз.

Бұл жолда мешіт имамының атқарар жүгі де орасан зор.

Осы жолдағы дін қызметкерінің, имамның тұлғалық келбетін, тұлғалық келбетіне тін сипаттарын нақтылап берген тәлім жол көрсетер қолдағы бағыттаушы іспеттес.

Осы Тұғырнамадан туындаған тәлімде имамның тұлғалық келбетіне тән болуы тиіс діндарлық, шынайылық, адалдық, білімділік, сабырлылық, мейірімділік, кішіпейілділік, отансүйгіштік, шешендік, жан-жақтылық секілді қасиеттерді бойына жинаған имам елге, халқына, жамағатына да осы жақсылықтарды сіңіруге атсалысатыны аян.

Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлының көрегендігі мен еліне еңбек ету жолындағы жауапкершілігі арқасында дін қызметкерлерінің білім деңгейі ғана емес, имамдық тұлғасы қалыптасуына да зор ықпал жасалуда.

Қабылданған Тұғырнамадағы көптеген талаптар мен қасиеттер қоғамға үлгі болуға, діннің дәрежесінің өркендеуіне, рухани байлықтың құныдылығы жоғалмауына таптырмас еңбек деуге болады.

Ел имамдары мен дін қызметкерлері осы Тұғырнаманы басшылыққа алып қана қоймай, оның маңыздылығы мен заман ағымына ілесіп отыратындығын, ел бірлігін сақтаудағы еңбектің орасан зор екендігін ұғынатындығын қалың елге насихаттауды қашанда парыз санайды дегім келеді.

Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят). «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» – деп дана Абай айтқандай бәріміз бір мемлекеттің азаматы ретінде сол елдің болашағы үшін абыройлы еңбек етуіміз керек. 

Омаров Талғат Сейіткәрімұлы,
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі,
орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітін бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы