Бейсенбі, 23 Сәуір 2015   |   4642 рет оқылды

Ережеп айы

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен. Ғаламның рақым нұры, екі әлем сардары Пайғамбарымыз Мұһаммедке Алланың рақымы мен сәлемі болсын.

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла Тағаланың Қасиетті еткен мекендері іспеттес қасиетті еткен уақыттары да бар. Яғни Алла Тағала қалаған жаратылысын шексіз рахымына бөлейді. Қасиетті мекендерден жер бетіндегі ең алғашқы мешіт болып табылатын Мәсжидуль-Харамды (Қағба) Алла қасиетті еткені сонша, ол мешітте оқылған бір намаздың сауабы мың намазға тең болады. Сол сияқты Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) мешіті және Ақса мешіті мұсылмандар үшін қасиетті орын болып саналады. 

Ал енді Алла Тағала қасиетті еткен уақыттарға тоқталсақ. Олар: Рамазан айы, Айт мерекелері, Зуль-Һиджа айының 10 күні, Жұма күні және Қадір түні. Бұл қасиетті де ерекше күндер мен түндер адамдардың өз тарапынан белгілемегендігі анық нәрсе.  Адам баласы үшін қасиеті мекендер мен уақыттар дінімізде Құран және сүннет арқылы бекітілді.

Алла Тағаланың қасиетті еткен төрт құрметті айлары бар. Олар: Зуль-Қағда, Зуль-Һиджа,  Аль-Муһаррам, Рәжәб айлары. Құран Кәрімде Тауба сүресінің 36-аятында: 

«Расында Алланың, көктер мен жерді жаратқалы, Алланың Кітабындағы айлар саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер...».

Осы аяттың тәфсирінде Ибн Жәрир Табари Ибн Аббастан (радияллаһу анһу) осы айлардың қасиеттілігі жайлы төмендегі риуаятты келтіреді:

«Алла Тағала осы айларды (Зуль-Қағда, Зуль-Һиджа,  Аль-Муһаррам, Рәжәб) құрметті етті. Бұл айларда істелінген күнә еселенгені сияқты, салих амалдар да және олардың ажір-сауаптары да еселеніп жазылады».[1]

Осыған байланысты Ережеп (Рәжәб) айы келуімен әлем мұсылмандары уақыттарын көбірек құлшылық жасауға арнайды.

 

Ережеп айындағы ораза ұстау

Ережеп айында ораза ұстау міндет болмаса да, ұстаған адамдар сауапқа кенеледі. Бұл айда ораза ұстауға болатынына байланысты сахих жолмен келген хадистер бар:

1) Усман ибн Һәким аль-Ансари (радияллаһу анһу)  айтты: «Біздер Рәжәб айында болғанымызда мен Саид ибн Жәбирдан (радияллаһу анһу) Рәжәб айның оразасы жайлы сұрағанымда ол (радияллаһу анһу)  былай деді: «Мен ибн Аббастың (радияллаһу анһу) былай айтқанын естідім: «Біз Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм)  ораза ұстағанда өмірі ифтар етпейді деп ойлайтынбыз, ал ауызы берік болмай жүргенде ешқешан ораза ұстамайды деп ойлайтынбыз»».[2]

Осы хадис біздерге Ережеп айында ораза ұстау міндет болмаса да, қалағанынша ораза тұтқан адам әр күніне мол сауапқа ие болатындығын айтады.

2) Усама ибн Зәйдтан (радияллаһу анһу) жеткен хадисте: «Я, Расулулла (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) Шағбан айында ораза ұстағандай басқа айларда ораза ұстамағаныңыздың себебі неде?,- деп сұрағанымда Ардақты Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) былай деп жауап қатты: «Ережеп пен Рамазанның арасында болған бұл айдың ерекшелігін көп адамдар білмейді. Бұл айда адам баласының амалдары Әлемдердің Раббысы Аллаға көтеріледі. Сондықтан амалдарым көтерілген сәтте аузым берік болғанын қалаймын»,- деп айтылған.[3]

Бұл хадистен Ережеп айындағы оразаға байланысты дәлелін имам Райини        ибн Һажардан (раһимаһулла) жеткізген: « Хадисте Ережеп айы мен Рамазан айы қатар зікір етілгендіктен, Ережептің мол құлшылық айы екені көрсетіледі. Адамдардың Ережеп және Рамазан айларын құлшылық ғибадаттарға бөлегені сияқты Шағбан айын да құлшылықпен өткізу керектігін Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) өзінің көп ораза ұстауы арқылы көрсетіп кеткен. Ардақты Пайғамбарымыздың (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) Шағбан айын оразамен ерекшелеуі, Ережеп айында да оразаның абзалдығын және оның мұсылмандар арасында белгілі болып бекітілгендігін көрсетеді». [4]

3) Зейд ибн Әсламнан (радияллаһу анһу)  жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздан (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) Ережеп айының оразасы жайлы сұралғанда былай деді: «Шағбан айының оразасы қайда?» [5]

 Басқа риуаятта Пайғамбарымызға (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм)  Ережеп айында ораза ұстаушылар жайында айтылғанда Ол (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм): «Олардың Шағбан оразасы қайда?»- деді.[6]

 Хадис соңында Зейд ибн Әслам (радияллаһу анһу)  Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм)   Рамазан айынан кейін ең көп оразаны Шағбан айында ұстағандығын айтты».

 Бұл хадистің Ережеп айындағы оразаға дәлелі, егер ол айда ораза ұстау дұрыс болмағанда, сүйікті Пайғамбарымыз (саллалаһу ‘алейһи уәссәлләм) оныескерткен болар еді.

 Мысыр Еліндегі Пәтуа беру бөлімінде 01.11.2000 жылы шыққан «Ережеп айында ораза ұстауға байланысты» пәтуасында профессор, доктор Наср Фарид Уасил Ережеп айы, төрт құрметті айдың бірі болғандықтан, ол айда ораза ұстаудың дұрыс екенін және әр ұстаған күніне ерекше мол сауап берілетіні жайлы айтып өтті.

 Қорыта айтқанда, Ережеп айы төрт құрметті  айлардың бірі болғандықтан, ол айда ораза ұстау дұрыс болады. Әр ұстаған күні үшін мол сауап жазылады.

Дегенмен, ойдан құрастырылған хадистерге немесе негізсіз мәліметтерге сүйеніп, Ережеп айын аса ерекше қадірлеп, қасиеттеу және ол айдың құрметіне барлық күндерді оразамен өткізуді міндеттеу дұрыс емес.

Ал енді Ережеп айындағы намазға келер болсақ, бұл айға арналған белгілі бір намаз: Рағайып намазы, Ережеп айының намазы деген сияқты намаз түрлері жоқ, белгілі бір намаз сандары да жоқ.

Құрметті төрт айлардың бірі болғандықтан, бұл айда нәпіл намаздар оқып, Пайғамбарымызға көптеп салауат айтып, зікір және құлшылық-ғибадаттармен өткізгеніміз абзал.

 Дұрысы тек бір Алла Тағалаға мәлім.


 

  1. Табари тәпсірі (5- том, 3988- бет);
  2. Сахих Муслим 2719-хадис. Сунан Әбу-Дәуд 2430-хадис;
  3. Сунән Ән-Нәсәи 2317-хадис. Муснәд имам Әхмәд 20758-хадис;
  4. Мәуәһиб Әл-Жәлил 2-том, 408-бет;
  5. Мусәннәф Ибн Әбу-Шәйбә 2-том, 513-бет;
  6. Мусәннәф Абдурраззақ 4-том, 292-бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы