Сәрсенбі, 29 Сәуір 2015   |   1678 рет оқылды

Жақсы әйелді қалай табамын?

Алланың осы дүниедегі нығметтерінің ең қайырлысы – жақсы жар. Мұны Пайғамбардың (с.а.с.) төмендегі хадис шәрифтері айғақтайды.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:  «مَا اسْتَفَادَ الْمُؤْمِنُ بَعْدَ تَقْوَى اللهِ خَيْرًا لَهُ مِنْ زَوْجَةٍ صَالِحَةٍ، إِنْ أَمَرَهَا أَطَاعَتْهُ، وَإِنْ نَظَرَ إِلَيْهَا سَرَّتْهُ، وَإِنْ أَقْسَمَ عَلَيْهَا أَبَرَّتْهُ، وَإِنْ غَابَ عَنْهَا حَفِظَتْهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهِ». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.

«Мүміннің Аллаға тақуалық қылуынан кейінгі ең үлкен тапқан пайдасы – ізгі жұбайы. Егер ері оған бұйырса – мойынсұнады, қараса – қуантады, ол үшін ант етсе – антын орындайды, егер ері сыртта болса, өзінің жаны (ар-ожданын) мен оның малын сақтайды». (Ибн Мәже риуаяты).

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ».  رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

«Дүние – қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел». (Мүслім риуаяты).

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «تُنْكَحُ الْمَرْأَةُ لِأَرْبَعٍ لِمَالِهَا وَلِحَسَبِهَا وَجَمَالِهَا وَلِدِينِهَا، فَاظْفَرْ بِذَاتِ الدِّينِ تَرِبَتْ يَدَاكَ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Бір әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Діні барға қол жеткіз, қолың топырақ болғыр». (Бұхари риуаяты).

رَوَى اللَّيْثِيُّ عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الخُدْرِيِّ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:  «إِيَّاكُمْ وَخَضْرَاءَ الدِّمَنِ»، قِيلَ: وَمَا خَضْرَاءُ الدِّمَنِ؟ قَالَ: المَرْأَةُ الحَسْنَاءُ فِي مَنْبَتِ السُّوءِ».

Әл-Ләйсидің Әбу Сағид әл-Худриден жеткізген риуаятында Пайғамбар (с.а.с.): «Қи-көңнің көгалынан сақ болыңдар!» – деп ескерткен. Бір адам: «Қи-көңнің көгалы деген немене?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Ол – нашар ортада өскен әдемі әйел», – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа бір хадисінде былай  деген: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені киімі ескі болса да иманды күң  артық» (Әбу Дәуіт).

Жоғарыдағы хадистердегі ойды түйіндеп, қорыта айтқанда үйленетін қыздың төмендегі сипаттарына ерекше мән бермек керек.

1. Діндарлығы мен имандылығы. Мұндағы дін дегеніміз, әрине, Ислам діні. Өйткені Алла Тағаланың алдындағы хақиқи шынайы дін біреу, ол – Ислам діні. Ал, қалған дінсымақтар мен наным-сенімдер Алланың дініне жатпайды. Құран Кәрімде Хақ Тағала былай дейді: 

﴿إِنَّ الدِّينَ عِندَ اللّهِ الإِسْلاَمُ﴾

«Шындығында Алланың алдындағы дін – Ислам!» (Әли Имран, 19);

﴿فَإِنْ أَسْلَمُواْ فَقَدِ اهْتَدَواْ

«Егер олар мұсылман болса, тура жол тапқан болар еді» (Әли Имран, 20);

﴿وَمَن يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِيناً فَلَن يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ 

«Кім Исламнан басқа дін іздесе, онысы ешқашан да қабыл болмайды әрі ол ақыретте опық жеушілерден болады» (Әли Имран, 85).

Дінді білу, иманына беріктік, діндарлық Құдай Тағаланың пенделерінен ең жақсы көретін сипаттары. Осындай сипаттар арқылы ғана әрбір пенде екі дүниенің игілігіне ие бола алады. Дінін біліп, Жаратушысын танып, Онымен намазы, зікірі арқылы байланысын нығайтқан жан мен діннен бейхабар, күнделікті күйбең тірліктен артылмайтын кеткен, Жаратушысын аз еске алатын жан әсте тең болмайды.

﴿أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاء اللَّيْلِ سَاجِداً وَقَائِماً يَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَيَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُوْلُوا الْأَلْبَابِ

«Әлде түні бойы (намазда) сәждеде жатып, тік тұрып, ақыреттен сақтанып, Раббысының рахымынан үміт ететін жан сенбейтін жанмен тең бе? (Сен оларға)«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» – деп айт. Шындығында, ақылы барлар үгіт алады» (Зүмәр, 9).

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَثَلُ الَّذِي يَذْكُرُ رَبَّهُ وَالَّذِي لا يَذْكُرُ رَبَّهُ مِثْلَ الحَيِّ وَالمَيِّتِ«. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ.

Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Раббысын еске алып жүретін мен еске алып жүрмейтіннің мысалы тірі мен өлінің мысалындай». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Сондықтан да діндар мен дініне селқос қарайтын жандар тең болмайды. Үйленудегі, жар таңдаудағы алғашқы шарттардың бірі осындай. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырған:

﴿وَلاَ تَنْكِحُواْ الْمُشْرِكَاتِ حَتَّى يُؤْمِنَّ وَلأَمَةٌ مُّؤْمِنَةٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكَةٍ وَلَوْ أَعْجَبَتْكُمْ وَلاَ تُنكِحُواْ الْمُشِرِكِينَ حَتَّى يُؤْمِنُواْ وَلَعَبْدٌ مُّؤْمِنٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكٍ وَلَوْ أَعْجَبَكُمْ أُوْلَـئِكَ يَدْعُونَ إِلَى النَّارِ وَاللّهُ يَدْعُوَ إِلَى الْجَنَّةِ وَالْمَغْفِرَةِ بِإِذْنِهِ وَيُبَيِّنُ آيَاتِهِ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ 

«Мүшрік әйелдерге қашан олар иман келтірмейінше үйленбеңдер. Тіпті, ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік әйелден иман келтірген күң артық. Мүшрік ерлерді де қашан олар иман келтірмейінше (иман келтірген әйелдерге)үйлендірмеңдер. Тіпті, ол сендерге ұнаса да, расында, мүшрік ерден иман келтірген құл артық. Олар (мүшріктер) тозаққа шақырады, ал Алла Өз рұқсатымен жәннатқа, кешірімге  шақырады. Ол Өзінің белгілерін, бәлкім, үгіт алар деп адамдарға баян етеді» (Бақара, 221).

2. Пәктігі.

عَنِ بْنِ سَاعِدَةَ الأَنْصَارِيِّ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَلَيْكُمْ بِالأَبْكَارِ فَإِنَّهُنَّ أَعْذَبُ أَفْوَاهًا وَأَنْتَقُ أَرْحَامًا وَأَرْضَى بِالْيَسِيرِ». رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.

Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үйленерде пәк қыздарды таңдаңдар. Өйткені олардың сөйлеген сөздері жағымды, ерін қуантады әрі азға қанағат етеді», – деген. (Ибн Мәже риуаяты). Яғни, шариғат қыздың пәктігіне қатты мән береді.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَرَأَيْتَ لَوْ نَزَلْتَ وَادِيًا وَفِيهِ شَجَرَةٌ قَدْ أَكَلَ مِنْهَا وَوَجَدْتَ شَجَرًا لَمْ يُؤْكَلْ مِنْهَا فِي أَيِّهَا كُنْتَ تَرْتَعُ بَعِيرَكَ؟ قَالَ: «فِي الَّتِي لَمْ يَرْتَعْ مِنْهَا»، تَعْنِي أَنَّ رَسُولَ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمْ يَتَزَوَّجْ بِكْرًا غَيْرَهَا . رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Айша анамыз (р.а.) өзінің Пайғамбар (с.а.с.) басқа жұбайларынан артықтығын мысал етіп Пайғамбарға (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Егер желінген ағаш пен желінбеген ағашы бар аңғарға түссеңіз, түйеңізді қайсысына жаяр едіңіз?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Еш желінбегеніне», – дейді. Сонда Айша анамыз (р.а.): «Міне, сол – менмін», – дейді.

Алланың елшісі (с.а.с.) сахабасы Жәбір үйленгенде неге қыз алмағанын сұраған.

3. Көп құрсақ көтеретін жұбайдың артықшылығы

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ كَانَ رَسُولُ اللهِ r يَأْمُرُ بِالْبَاءَةِ وَيَنْهَى عَنِ التَّبَتُّلِ نَهْيًا شَدِيدًا وَيَقُولُ: «تَزَوَّجُوا الوَدُودَ الوَلُودَ فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمُ الأَنْبِيَاءَ يَوْمَ القِيَامَةِ». رَوَاهُ الِإمَامُ أَحْمَدُ وَأَبُو حَاتِمٍ.

Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткізілген риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген:«Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Қиямет күні пайғамбарларға сендердің сандарыңның көптігімен мақтанайын». (Ахмет риуаяты).

4. Тәрбиелі, өнегелі отбасынан шығуы. «Шешеге қарап қызын ал» дегендей, қыздың тәрбиесі отбасына байланысты. Сол себепті қыздың мінез-құлқын білу үшін оның отбасына қараған дұрыс.

5. Басқа жұрттан алу. Жарды туыс, жақын емес, алыстан, басқа елден, рудан таңдау қажет. Бұл баланың денсаулығының мықты әрі сымбатты болып тууына себеп болады. Пайғамбар (с.а.с.) өзінің хадистерінде жақындар мен туыстық байланысы барлардың қосылуларынан сақтандырған. Өйткені туыстық байланыстары бар жұбайлардан туылған бала әлжуаз, денсаулығы нашар болып туады. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді:

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا تُنْكِحُواْ القُرَابَةَ فَإِنَّ الوَلَدَ يُخْلَقُ ضَاوِياً».

«Туыстарды некелестірмеңдер, шындығында (олардан туылған) бала әлсіз, қабілеті нашар болып туылады»;

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اِغْتَرِبُواْ وَلَا تُضَوُّواْ».

«Алыстан алыңдар, (ұрпақтарыңды) әлсіретпеңдер».


 

Құрметпен,  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы