Жұма, 08 Мамыр 2015   |   1309 рет оқылды

Зайнаб бинт Джахштың тақуалығы

Зайнаб бинт Джахш (радяллаху ‘анха) – Пайғамбарымыздың (с.а.с)  екінші әйелі…

Құлшылыққа деген сүйіспеншілігімен және жомарттығымен ерекшеленіп, кедейлер мен пақырлардың анасы деп аталатын тақуа әйел...Күн көріс нәпәқасын тігінмен және қолөнермен тауып, тапқандарын мұқтаждарға жұмсайтын кеңпейіл әйел болған.

Алла Тағаланың қалауымен Пайғамбарымыздың (саллаллаху алейхи уа салләм) жары болған бақытты жан...

  Алайда, олардың неке құруының өзіндік жағдайы бар еді.

Зайнабтың алғашқы некесі сәтсіз болды. Жар екеуінің арасында сүйспеншілік пен өзара түсіністік туындамады. Екеуінің бірге өмір сүруі оларға ешқандай да бақыт әкелмеді. Зайд ибн Харис (радыяллаху ‘анху) некелерінің ұзаққа бармайтынын сезіп, барлығын Алла Елшісіне (салляллаху алейхи уа салләм) айтуды жөн көрді:

«О Расулаллах! Мен әйеліммен ажырасқым келеді». Бұл сөздер әлемдердің Нұрынының (с.ғ.с.) көңіліне қаяу салды. Ол құрылуына өзі себепкер болған жанұяның бұзылғанына кейіс білдірді. Ол «Оны жарың етіп қалдыр, ажыраспа, Алладан қорық!..» - деу арқылы Зайдты қайтаруға тырысты.

Әлемдердің рақым Нұры (салляллаху алейхи уа салләм) бұл жанұяның сақталуы үшін бар күшін салды. Бірақ жұбайлар арасында өзара бауырбасу туындамады, олардың жүректері бір-бірі үшін суық болды. Мұндай қарым-қатынасқа төзу қиындай түсті. Зайдтың (радыяллаху ‘анху) отбасын сақтап қалу үшін қанша күш салғанымен, еш нәтижесіз болды.  Ол екуелерінің жағдайы мүлде төзгісіз бола бастағанда Зайдтың некені бұзуына және Зейнепті (радыяллаху ‘анхума)  босатуына тура келді.   Олар шамамен бір жылға жуық отбасылық өмір сүрді.

Бұл  Алла Елшісінің (салляллаху алейхи уа салләм) қатты көңілін түсірді. Ол жанұяның құлағанына өте разы болмады. Себебі ол қоғамда қалыптасқан әділетсіз дәстүрлерді барлық құралдар мен жолдарды пайдаланып жойғысы келген еді. Бірақ барлығының дәл осылай аяқталғандығы себебінен, ол енді Зейнептің (радыяллаху ‘анха) жағдайын да қараусыз қалдыра алмады.

Бұны қалай істеу керек? Джахилия дәуірінде орныққан дәстүр адамдар санасын қара бұлттай жайлаған болатын.

Дегенмен, Алла Тағаланың өзі қоғамдағы осы жалған ойларға нүкте қойылуын қалады. Пайғамбарға Алланың оған парыз еткен нәрсесінде оған айып жоқ. Бұрынғы өткендерге де Алланың жолы осы еді. Алланың әмірі тұжырымды бір үкім.

Алла Тағаланың қалауымен болған Алла Елшісі (салляллаху алейхи уа салләм) мен  Зейнептің (радыяллаху ‘анха) некесі қоғамдағы қате салт-дәстүрлердің жойылуына себепші болды. Алла Елшісінің бұл некедегі мақсаты да осы еді.

«Аль-Ахзаб» сүресінің 37 аяты түскен сәтте Айша (радыяллаху ‘анха) Алла Елшісінің (салляллаху алейхи уа салләм) жанында болған екен.

Сондықтан да Зейнептің (р.анһа) ажырасудан кейінгі қажет болған күту мерізімі өткеннен кейін оған Алла Елшісінің ұсынысын Айшаның (радыяллаху ‘анха) өзі жеткізді. Бірақ Зейнеп (радыяллаху ‘анха) жауабын беруге асықпады. Ол Алланың рұқсатын алу үшін, истихара намазын оқып алуы керектігін айтты. Екі рәкәғат намаз оқып алып, дұға етті: «Я Аллаһым! Егер мен оған лайық болсам, мені оған нәсіп ет».деді.

 Кейінірек жоғарыда аталып кеткен Алла Тағаланың Өз Елшісін (салляллаху алейхи уа салләм) Зейнепке (радыяллаху ‘анха) үйлендіретіндігі туралы аяттар түсірілді. Бұл туралы естіген Зейнеп, қуаныштан барлық асыл бұйымдарын шешіп, осы хабарды жеткізген өзінің күңі Саләмәға берді де, Алла Тағалаға шүкірлік ретінде сәжде жасады.

Зейнеп бинт Джахш (р.анһа) әрдайым құлшылықта болатын. Ол ылғи да нәпіл намаздарын оқып, көп ораза ұстаған. Бірде Алла Елшісі (салляллаху алейхи уа салләм)мешіттен бір жіпті байқайды. Ол: «Бұл не?» деп сұрады, ардақты сахабалар: «Бұл Зейнеп анамыздікі. Ол намазда аяқтары шаршағанда ұсталынып тұрады» - деп түсіндірді.

Бұл Алла Елшісіне (салляллаху алейхи уа салләм) мүлде ұнамады, да былай деді: «Құлшылық етуде өзін бұлай қинаудың қажеті жоқ. Бұл жіпті шешіп тастаңдар. Және намазды өздерің сергек әрі оған шамаларың бар кезде ғана орындаңдар».

Зейнеп бинт Джахштың (р.анһа) таңғажайып қасиеттерінің бірі  -- оның жомарттығы еді. Ол дүниелік игіліктерге еш мән берген емес. Тері өңдеп, одан киім тігіп, күнделікті пайдаланатын бұйымдар дайындап, сататын болған. Тапқан табысын Алланың жолында кедейлер мен пақырларға тарататын. Ол өмір бойы қайырымдылықпен айналысты. Қайырымдылық жасаудан ол үлкен бақытқа кенелетін. Оның жомарттығы туралы Айша (р.анһа) былай деген: «Мен басқаларға жақсылық жасауда, қайыр-садақа үлестіруде, туысшылдық пен Аллаһқа жақындататын игі іс істеуде Зейнептей алдына жан салмайтын адамды көрген емеспін».

Оның кеңпейілділігін баяндайтын басқа мысал:  «Омардың (р.а) халифалығы тұсында, ол әр бір сахабаға ай сайын қаржылай жәрдем бекітті. Жәрдемақы Зейнепке де (радыяллаху ‘анха)  берілді. Қомақты қаржыны алған Зейнеп қатты таңқалып, былай деді: «Омарды Алла кешсін. Мұндағы ақша барлығымызға да жеткілікті ғой?». Оған: «Жоқ! Бұның барлығы сізге»-деп жауап берілді. Зейнеп: «Субханаллах! – деді де, бетін орамалымен жауып, өзінің күңіне былай деп бұйырды, – ол жерден қолыңмен бір уыс ақша ал да анаған, анаған таратып бер. Тағы да ал да анаған, анаған апарып бер» -деп,осылай барлық жақындарына немесе жалғыс бас адамдарға таратқызды. Аз уақыттың ішінде дорбада ештеңе қалмады. Сол кезде күңі байқап: «О мүминдердің анасы, Алла сізді рахмет етсін! Оның ішінде біздің де үлесіміз бар еді ғой». Сол кезде Зейнеп (р.анһа) оған өзінде болған ақшаларын да беріп, таратуды бұйырды.

Хазіреті Омар Зейнеп бинт Джахштың (радыяллаху ‘анхума) бұл әрекетін естіп оған тағы да мың дирхем алып келеді.Оның есігінің алдында тұрып амандасты да, былай деді: «Саған жіберілген ақшаның барлығын тарқатып бергеніңді білдім. Тым болмаса осыларды өзіңде қалдыр».

Бірақ Зейнеп (радыяллаху ‘анха) жарлылар мен кемтарларға таратып берді. Бұдан кейін аспанға қолдарын көтеріп, дұға етті: «Я Аллаһым, Омардың жасаған қайырымдылығын маған қатыссыз ет. Өйткені дүниауи нәрсе сынақ».

Қолыңда барға шүкіршілік ету және жомарттық барлық кезде де аса зор қазына болып саналған. Пақырлар мен кемтарларға қуаныш силау екі дүниенің бақытына қол жеткізуді білдіреді. Сол себепті Зейнеп анамыз үшін ең үлкен ләззат дүниелік нәрселерді Алла разылығы үшін тәрк ету еді.

Пайғамбарымыздың жарларының әрбірінің өзіндік ерекшелігі, құлышылығы мен тақуалығында адамға насихат боларлықтай үлгілері көп еді.

Жоғарыда аталған оқиғаларды қарап отырсақ, Зайнаб бинт Джахш (радяллаху ‘анха) өзінің жомарттығымен және мейірімділігімен ерекшеленіп, Алла Елшісіне лайық жар болғандығын көрсетеді.

Аударған Б.Улжаев

«Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы