Сәрсенбі, 13 Мамыр 2015   |   2027 рет оқылды

«Өсекші жәннәтқа кірмейді»

Ислам діні бауырластықты, туыстармен қарым-қатынасты үзбеуді, көрші-көлемдермен тату болуды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйырады. Міне осы арқылы қоғамда тыныштық пен шаттықты, мұсылмандар арасындағы бейбітшілікті көздейді. Өкінішке орай айрандай ұйып отырған қоғамға сызат түсіретін, алауыздыққа апаратын, жік-жікке бөлінуге итермелейтін  іріткілердің бірі болып табылатын факторлардың бірі «ғайбат айту». Ғайбат араласқан жерде бауырмалдық жоғалады.

Пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде былай дейді: «Сендердің ең жамандарыңның кім екенін айтайын ба? Сөз тасушылар, достардың арасын бұзушылар, кінәсіз адамдардың кінәсін іздеушілер» деген.

Біреуді «ғайбаттау» көзге көрінбейтін кішкене нәрсе болып көрінгенімен негізінде шариғатымызда үлкен күнәлардан болады.

Сөз тасу екі жақтың арасын бұзу үшін біреудің сыртынан айтылған сөзді оған жеткізу. Тіпті адамдар арасындағы құпия-сырларды жария ету де сөз тасушылыққа жатады. Жалпы, мұсылман адам өзгелердің қате-кемшіліктерін немес ұнамсыз іс-әрекеттерін көрген кезде ешкімге айтпастан үнсіз қалғаны абзал болады. Егер бұл сөз тасушылық мұсылманға пайдасы тиер болса, келер зиянның алдын алу болса онда оны айтқан дұрыс болады. Мысалы: Біреудің өзгенің хаққына қол сұққанын көргенде оны жасырмай айту сияқты.

Араб тілінде «біреуді жамандау сөзі» (ғойбатун) деп айтылады.

Әдетте «ғойбатун» сөзі көбінесе біреуді жамандау ұғымында «ғайбаттау» немесе «ғайбат сөз айту» үлгісінде қолданылады.

Ал енді «ғойбатун» (біреуді жамандау) сөзінің тілдік және шарғи мағынасына келер болсақ : Бір адам екінші адам жайында айтқан уақытта, оның кемшіліктерін әңгіме ету.

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде бір адам екінші адамды ғайбаттауына қатысты (Хужурат сүресі, 12-аятта) былай дейді:

«Бір-бірлеріңді жамандамаңдар. Сендердің қайсы бірің өлген бауырының етін жегенді жақсы көреді? Әрине жек көресіңдер. Әрі Алладан оның жазасынан қорқып, сақтаныңдар. Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді».

«Бірде екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.а.с) жанында Салман Фарси және екі-үш сахабасымен жолға шығады. Кейін бір жерге тоқталып тынығады. Сол тыныққан жерде Салман Фарси ұйықтап қалады. Пайғамбарымыз (с.а.с) қатық алып келуге кетеді. Әлгі екі-үш сахаба дастархан әзірлеп жатқан сәтте осы Салман Фарси дайын асқа тік қасық салғанды жақсы көреді. Үнемі осындай дайын жерде жүреді деп өсектейді. Салман Фарси ұйқыдан тұрып өсектеген сахабалардың қасына келеді. Ол сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с) барып қатық алып кел бәрі дайын болды деп жұмсайды. Салман Фарси ойында ештеңе жоқ Пайғамбарымызға (с.а.с) барып Я Расулулла достарым Сізге барып қатық алып кел деп жұмсады дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с) олар өз қатықтарын ішіп алған деді. Салман Фарси достарының жанына барып сендерді өз қатықтарын ішіп алды деп айтты деді. Әлгі сахабалар дереу Пайғамбарымызға (с.а.с) барып Я Алланың елшісі Алланың атымен ант етейік біз ешқандай қатық ішкен жоқпыз Сізді күтіп отырмыз дейді. Пайғамбарымызда (с.а.с) Менде Алланың атымен ант етейін Сендердің тістеріңнің арасынан Салман Фарсидің етін көріп тұрмын деді. Сахабалар жылап жіберіп Я Расулулла сонда қалай дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деп айтады. Сендер Салман Фарси ұйықтап жатқанда оны өсектедіңдер. Біреуді өсектеу өлген бауырының етін жегенмен тең болады деген екен». Даналы сөздерде: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Қылыш жарасы жазылар бірақ тіл жарасы жазылмайды» деп бекер айтпаса керек.

Құранда (Қаф сүресі, 18-аятта) «Адам баласының қасында, оның аузынан нендей сөз шықса да, бірін қалдырмай жазып алып тұратын бақылаушы періште бар». Біздер ізгі амалдар, адамдар үшін пайдасы тиетін сауапты істермен айналыссақ, онда оны оң иықтағы періште жазып қояды, егер шариғатымыз тыйым салған күнәлі істермен айналыссақ онда оны сол жақтағы періште жазып қояды екен.

Және Құранда (Ахзаб сүресі, 70-аятта) «Ей иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да жақсы сөз сөйлеңдер» дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.с) айтады: «Кім Алла Тағалаға және Қияметке иман келтірген болса –қонағын құрметтесін. Кім Алла Тағалаға және Қиямет күніне иман келтірген болса-көршісіне зиян тигізбесін. Кім Алла Тағалаға және Қиямет күніне иман келтірген болса-жақсы сөз айтсын немесе үндемесін десе» Қосымша хадисте «Бір түйір құрманы садақа етсеңдер де өздеріңді тозақ отынан құтқарыңдар, бұған шамаларың жетпесе жарты құрманы садақа етіп өздеріңді тозақ отынан құтқарыңдар, ал бұған шамаларың жетпесе жақсы сөз сөйлеңдер деген». Олай болса неге осы Құран мен хадиске ілесіп жүрмеске. Пайғамбарымыз (с.а.с) айтпадыма «Ей үмбетім Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Бірі Құран екіншісі Менің сүннетім. Кім осы екі нәрсеге жабысып айырылмаса ол тура жолда болады деп айты». Біздер осы екі нәрседен хабарымыз болмағандықтан, қате кемшіліктер мен күнәларға бой беріп жүрген жоқпызба? «Өтірік тәтті ал шындық қашанда ашщы болған».

Қазіргі қоғамда белең алып отырған мәселелерді де тілге тиек етпесек болмас ағайын! Мысал келтіретін болсақ қазасы болсын, тойы болсын ашып айта кетсек жаназа, құдайы тамақтарда дастарқан басына отырып алдымызға келген асты жеп алып өсекті айта жөнелеміз бұл аздай қалған өсекті үйге барып дастарқанында алма жоқ екен, банан жоқ екен, сиыр немесе жылқы соймапты  анау жоқ мынау жоқ деп тағыда күнә үстіне күнә жабыстырып аламыз.

Ертең өлгенде осы арқалаған күнәмен Алланың алдына барарымыз еш парқымызда болмағаныма? Қазақта жақсы сөз бар «Жақсы сөз жарым ырыс» дегендей  Алла тек жақсы сөздерді көмейімізге салсын.

Хадис шәрифте: Пайғамбарымыз (с.а.с) «Кімде-кім мына екі сүйексіз нәрсеге ие болса , Мен де оның жұмаққа кіруіне кепілдік беремін деп айтты». Сол сүйексіздің біреуі бұл тіл. «Он күнәнің тоғызы тілден» дегені тағы бар.

Тіліміздің жаратылуына қарап отырсақ үлкен хикмет бар. Болмаса тілдің сыртынан отыз екі тіс, оның сыртынан ерінді бермес еді. Ашықтап қараса отыз екі тіс қарауыл ал ерін қақпа секілді. Алла Тағала тіліңе мықтап ие бол  деп айтуы анық көрініп тұрған жоқпа?

Өсекшілердің жәннатқа кірмейтіні хаққында Алла Тағала Құранда (Һумәзә сүресінде) былай дейді: «Ғайбат сөйлеушілер мен өсекшілерге нендей өкініш! Сондай мал жиып, оны санағандарға, негізінен малы, өзін мәңгі жасатады деп ойлайды. Олай емес, әлбетте ол «Хұтаманға» тасталады.

Хұтаманның не екенін қайдан білесің? Ол, Алланың лаулап жанған оты, жүректерді жандыратын шоқ. Расында олар, ол отқа қамалып, ұзын діңгектерге байланады». Өтірік, өсек айтудың күнә екендігі жайында осы аяттарға ұқсас Құранның 167 жерінде ескертілген.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с) бұған қатысты сөзінде «Сөз тасушы жәннәтқа кірмейді» деп Өсекшінің жәннәтқа кіре алмайтынына дейін айтып кеткен.

Олай болса құрметті жамағат тек қана жақсы сөздер айтайық.

Хәкім Абай айтады: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ»

Егерде біліп те білмей де біреудің сыртынан сөз айтқан болсақ сол кісіден барып бауырым сізді ғайбаттап қойып едім кешіріңіз деп кешірімін алып кейін Алладан кешірім сұрасақ кешірері хақ. Өйткені Алланың ашуынан мейірімі басым тұрады емеспе? Алла қаласа кешірері сөзсіз. Кешірім сұрай білгенде жөн.  Алла Тағала тек қана жақсы сөз айтуды не нәрсенің болсада жақсылығын берсін. 

Н. Махамбетов 

Қызылорда қалалық «Мүбәрак» мешітінің бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы