Сейсенбі, 26 Мамыр 2015   |   4112 рет оқылды

«ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ КӨРСЕТУ –МІНДЕТ»

Мейірімді де  рақымды Аллаһтың атымен бастаймын!   

     Атырау мен Алтайдың, Арқар мен Алатаудың арасындағы ұлан ғайыр атырапты мекен еткен қазақ халқы сонау ҮІІ ғасырдан бастап Ислам дінін ұстанып, дінімізді «ұлттық дәстүр» етіп алғалы қашан? Шаманизмнен қалған қалдықтарын қоспағанда адами болмысымызда, тұрмыс-тіршілігіміз бен салт-дәстүрлерімізде Ислам дінінің иісі шығып тұрған жоқ па?

Дәстүріміз бен дініміз сабақтасып, біте қайнасып кеткені соншалық, тіпті біреумен  амандасқанымыздан бастап қоштасқанымызға дейінгі амал-әрекеттерімізден дәстүрлі діннің салып кеткен сара жолы сайрап жатыр. Тіпті, ұзаққа бармай-ақ, қазақтың төл мақал-мәтелдерінің қай-қайсысын  алсаң да Мұхаммед пайғамбардың (Аллаһтың оған сәлемі мен салауаты болсын)  хадистерінен алынып отырғанына қалайша таңқалмайсың? Осындай жаны адал, қаны таза, дауға шешені, жауға батыры, сөзге көсемі дайын болатын мұсылман халықтың ұрпағы болғандығымыз үшін қуанамын. Аллаға шүкір.

     Аллаһу Субхәнәһу Тағала Құран-и Кәримде: « Сендер бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік»,- (Хужурат, 11) деген. Ал, «тану» дегенді «әр халықтың салт-дәстүрі» деп түсінуге болады. Осы салт-дәстүріміздің бірі әрі өте маңыздысы, Аллаһтың разылығына бөленуге себеп болатын амал, қазақшылық менталитетіміздің айқын көрінісі, адамгершілігіміздің биік нышаны- үлкенді сыйлау және кішіге ізет көрсету. Бұл әдет қазақшылығымызға сіңісіп кеткені соншалық, тіпті үлкендерді сыйлау  (Бухари, «Әдәбуль-муфрод», 361), сөзді жасы үлкендерге бастату (Бухари, «Әдәбуль-муфрод»,363), егер асы үлкен кісі үндемесе, жасы кішінің сөйлемеуі (Бухари, «Әдәбуль-муфрод»,364), жасы үлкендерді басшы ету (Бухари, «Әдәбуль-муфрод», 365), кішілерге мейірімділік ету (Бухари, «Әдәбуль-муфрод», 367) біз үшін  «тәрбиелі, тәтіпті екен» деп мақталудың алғы шарты.

    Пайғамбарымыз Мұхаммед (Аллаһтың Оған салауаты мен сәлемі болсын): « Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген БІЗДЕН ЕМЕС»,- деген болатын. Әрине, бұл амалды орындауың сенің діннен шығып кетуіңді білдірмейді. Алайда, адамның мұсылмандылығы, имандылығы оның көркем мінез-құлығымен өлшенетіндігін ұмытпасақ игі еді. Жалпы, мен мұсылманмын деп жүрген адамға «бізден емессің» деген жаман атаққа қалу – өлім. Нағыз тақуа, Алладан корқатын адам мұндай бассыздыққа жол бермейді, тіпті жол беріп қойса да, ол қылығынан тыйылып, қайтадан жасамас үшін бар күш-жігерін салады. Себебі, мұсылман бір шұңқырға екі рет түспейді. Имам Бұхари уа Муслим риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың (Оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім адамдарға рақымдылық етпесе, Аллаһ Тағала да оған рақымдылық етпейді»,-деген болатын. Ойланайық,  үлкені бар үй, қарттары бар мемлекет ең бай мемлекет. Себебі, олар жүрген жерде береке мен игілік, қабыл қылынатын дұғалар мен Алланың разылығы және бақыт болады, ин шә Аллаһ.

     Мені ерекше толғандырып жүрген бір жағдай бар. Қиямет жақындағанда үлкендерді сыйламау мен кішілерді құрметтемеу белең алып бара жатқаны неліктен?  Үлкендер өздеріне лайық деңгейін көрсетпеуі, бала тәрбиесіне салғырттық танытуы, өздері жаман істен тыйылмай тұрып, кішіге ақыл айтуы, үлкендердің  жаман сөзге салынып, анайы істер жасауы және кішілерге дәстүрлі исламды түсіндірмеулері салдарынан осы мәселе өзектілікке ойысып отырғаны өкінішті. Бұл қылықтар кішілердің үлкендерге құрмет көрсетпеуіне апарады. Ал, үлкендердің кішілерге мейірімділік танытпауы, біріншіден, балаға қандай уақытта, қай кезеңде мейіріммен қарап, еркелетудің жүйесін білмеулерінен, екіншіден, жұмыстың қамымен, дүниені уайымдап, ақшаның жанұяда жетіспеушілігінің салдарынан, уайымдап, психологиялық дағдарысқа ұшырап, балаға көңіл бөлмеулерінен, үшіншіден, қазіргі заманда адамгершілік, имандылықтың не екенін біле тұра, көпшілікке ерудің салдарынан оны жасырып, арсыз қылықытармен қылықтанып, алдау мен арбау, қинау мен зорлауға душар болып жатқандардың «қаталдық пен қатаңдыққа» өздерін бейімдеуі салдарынан болып отыр деп ойлаймын. Бұл айтқан сөзіме, жеткізген ойыма өзгелердің де ойлануын қалаймын. Бұл проблеманы біз бірігіп шешуге міндеттіміз. Себебі, жастар –болашағымыз болса, қарттар- сәніміз.

    Барлық шешім Құранда бар. Ислам діні кемел дін және ол барлық мәселені шешіп беретіндей деңгейде. Тек, сол «шешіп беретін» аяттарды ғалымдар тауып, халыққа түсіндіріп, жеткізуі керек. Себебі, Құранмен сөйлеген жан өтірік айтпайды, Құранмен үкім еткен жан әділ шешім шығарады.

Уранов Ербол Тағыбергенұлы

Қызылорда қалалық «Құддыс ишан»

мешітінің найб имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы