Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2015   |   4637 рет оқылды

ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР

Ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – руханият мәселесі.

Дін – бұл сонау Адам (а.с)-нан бергі бізге дейін Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарымыз арқылы жеткізіліп келген шариғат аясындағы үкімдер, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктер, басшыға бағынып бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүру сияқты нақты қадамдар болса,

Дәстүр – бұл Қазақ ұлтымыздың ертеден сақталып келген әдет-ғұрпы. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші бұл әдет ғұрыптарымыздың басым көпшілігі шариғат шеңберінде үйлесіп келген.Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың дін­дегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін біл­меуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құн­дылықтардың бірі болып табылады.

Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірін қуаттап, қоғамда ынтымақ пен бірліктің, бабаларымыздан қалған асыл құндылықтардың жоғалып кетпеуне үндеп, кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуына, өткенді ұмытпай, саралап ұлттық ар ожданының жоғалмауына шақырады. Дін мен дәстүр үлкенге құрмет, оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, жолда өтіп бара жатса алдын кесіп өтпеуге үндейді. Хадисте: «Береке сендердің үл­кен­­деріңмен бірге келеді» делінсе, дана халқымыз: «Қа­риясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шы­ғарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Үлкенді құрметтеу бізде бұрыннан бар еді, ислам енгеннен кейін дәстүрлі құндылық болып қалыптасты. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде де болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез  қабыл­дап алды.

Алайда бүгінгі таңда түрлі ағымдар белең алып, құнды дәстүрлерімізді жоққа шығаруға барынша үгіттеп жағымсыз жайттарға жол бастады. Әке-шешелері намаз оққымаса кәпірге шығарып, оларға дөрекі сөйлей бастады. Дәстүрлерімізге балта шапты.Осындайда бойымыздан ұлттық намыс жоғалса – елім дейтін ерлердің жоғалуы, имандылық жоғалса – басшыға бағыну деген шариғаттың пайғамбар (с.а.с) салып кеткен бағыты жоғалуы ғажап емес. Сондықтан қашанда дініміз бен дәстүрді ұштастыра отырып түрлі ағымдардың алдын алуға, жас ұрпақтың санасын дұрыс бағытта тәрбиелеуге, бастысы дініміз бен дәстүріміздің жоғалмауына, оған ешкімнің кедергі жасамауына атсалысуымыз қажет.

Қазіргі уақытта дінге тек қағидалар, қатаң талаптар жүйесі деп қана қарайтын түсінік қалыптасты. Бұл – дұрыс емес. Дін руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алғанымыз жөн.

Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары Исламның осындай асыл құндылықтарынан нәр алып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан болатын. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құн­дылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің дәстүрлі руханиятымызды қалыптастырды.

Қазақ халқының көнеден бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалыптасқан.

Қазіргі таңда қоғамдағы орын алған жайттарды бағамдайтын болсақ салт-дәстүр, әдет ғұрыптың айналасында көптеген пікірлер, көзқарастар бар. Салт-дәстүр деген артта қалушылық, ескіліктің қалдығы, бұрынғының жұрнағы, оған араласпауымыз керек, одан арылуымыз керек дейтін адамдар бар. Салт-дәстүр деген жаңашылдық деп пікір білдіріп жатқан кісілер бар.

Жалпы әдет-ғұрып деген не? Әдет-ғұрып деп -  белгілі бір адамдардың, белгілі бір қауымның, жылдар бойы, ғасырлар бойы ұстанып келген, қоғамның қағидасына, ережесіне айналған жұрттың ортақ құндылығына айналған құндылықтарды әдет немесе ғұрып дейміз.

Әдет дегеніміздің жақсысы да болады, жаманы да болады, озығы да болады, тозығы да болады.

Мұны түсіндіруді Исламның тарихынан бастайтын болсақ, Араб түбегінде небір жаман әдеттер бар еді. Сонымен қоса жақсы әдеттер де бар еді. Ислам келгеннен кейін оған дейінгі құндылықтарды, халықтың қазынасын Ислам түп-түгел жойып жіберген жоқ. Оның саналы адамзат қоғамына қайшы келетін, шариғатқа кері келетін тұстарынан тыйып, кемшіліктерді атап көрсетіп, ал жақсыларын әрі қарай дамытуға бұйырды. Соның бір айқын дәлелі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа (с.а.у) өзінің Солиб деген сахабасына: «Әй, Солиб! Исламға дейін надандық дәуірінде жасап келген жақсы істеріңді Ислам дәуірінде де жалғастыр, жұртқа жақсылық жаса, туған-туысқандарыңмен қарым-қатынасыңды орнат, көршілеріңмен жақсы тұр, қонағыңды сыйла»-деді. Демек Ислам діні келгенге дейін қонақ қадірлеу, жақсылыққа шақыру, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынаста болу деген әдеттер де болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мустафа (с.а.у) салт-дәстүрге немесе әдет-ғұрыптың барлығына тыйым салған жоқ.

Басымызға іс түсіп, дүниелік бір жағдай бола қалса ең бірінші қасиетті кітабымыз Құран Кәрімге жүгінеміз. Егер Құраннан таппасақ, онда сүннетте оның орны қандай деп хадистен ізденеміз. Егер хадистен де таппасақ онда ғалымдардың ижмағына (бір ауыздан келісіміне) жүгінеміз. Егер ғалымдардың ижмағынан да таппасақ, онда қиясқа жүгінеміз. Ал салт-дәстүр дегеніміз  - қосымша дәлелдер. Бұрынғы иманды, сенімі нық халқымыз бұлай жасамайтын еді деп, халықтың бұрынғы дәстүрін, салтын дәлелге аламыз. Ал бұл пәтуәға 4 мәзһаб имамдары түгел келіскен. Жалпы салт-дәстүр біздің ұлтымыздың негізгі ерекшеліктері.

Аллаһ Тағала «Хужурат» сүресінде: «Ей адамдар! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді танысын деп, бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық» дейді. Халқымыздың ұлттарды нәсілге бөлмей,  көршісі кім болса да дастарханында бар нанымен бөлісіп, қалтасында барын бере алуы, көмек қолын кез-келген сәтте тоса білуі қазақ  халқының кеңшілігі мен шариғаттан терең сусындағанының бір мысалы деп білсек болар.

Сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жоққа шығарып, оны ширк немесе бидғат, тіпті харам, шариғатқа қайшы деп жүргендердің саны біршама болып қалғанын да аңғарамыз. Мұның басты себебі - діни сауаттылығымыздың әлсіздігі болса керек-ті. Ал сауатымыз әлсіз болған соң кім көрінгенге еріп, сөзіне сеніп, дініміз бен дәстүрімізге күмәнмен қарап, тіпті теріске шығарып, оның барлығы қате, дұрыс емес деп адасып жүреміз.

Кейбір мұсылман елдерінде дәстүр мен діннің, шариғи үкімдердің біте қайнасып кеткені соншалық, тұрғындар мен халықтың өзі шариғаттың ішіндегі үкімдер мен сүннет амалдарын дәстүрге айналдырып, сол елдің халқы шариғатпен жүргендерін сезінбестен оның түбі шариғатта екендігін бірі ұғынса бірі ұғынбай, ата баба жолының қалыптасқан үрдісі сақталғандығының белгісі болып отыр.

Ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде қолданған шариғи заңдылық пен табиғи заңдылыққа қарсы келмейтін дәстүрлеріміздің бірін сөз етейік.

Солардың бірі – көрші-қоңсылар арасындағы қарым-қатынас, үзілмейтін дәстүрге айналған. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген қанатты сөздер қалған.

Ұлтымызда жұртқа шеттен жаңа қоныстанған үй иелерін «ерулікке» шақыру деген жақсы дәстүр бар. Мақсаты – бейтаныс көршілермен танысу, араласып дәмге шақырып, сыйласу. Бейтаныс адамды өзіне жақын тартып, керек болса, көмектесіп, көршілердің аяққа тұрып кетуіне жәрдем беру. Бұл ізгі дәстүр кейін келе таныса да, танымаса да, барлық көршілермен жақсы тұру үшін халқымыздың сана-сезіміне сіңіп кетті.

Дініміздегі көршіге деген құрметті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мүбарәк хадисінен білуге болады: «Алла елшісінің көрші турасында көп айтқаны сондай, кейін олар біздің мирасқорымыз бола ма деп ойладым», – деген. Шындығында, мирасқорлыққа бала-шаға, жа-қындары ғана иелік етеді. Бұл хадистен көршінің жақындығы мирасқор балаларындай тым жақын болатындығын аңғару қиын емес.

Қазақ халқының әдебиеті мен сөз өнерінде келетін даналық сөздердің көбісі шариғаттан келіп мағыналас болатыны да бәрімізге мәлім. Кезіндегі қазақ халқының арыстары болған Абай мен Ыбырай, Шәкәрім мен Мағжан және т.б. арыстар осы бір шариғаттың мәнісін жеткізсем деп өздерінің көкейлеріндегі жырларын қара өлең мен шығармалары арқылы халыққа жеткізіп отырған.

Мысалы, Абай атамыздың 10-шы қара сөзінде былай деп келген: «...Артымнан балам Құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім Құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған Құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің - балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?...»-дегенінің өзі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ата-ананың баласына үйрететін ең құнды нәрсесі - көркем мінез»-дегенімен сәйкес келетін сияқты. Баланың өзі әрдайым әке-анасынан көргенін істемек...

Ал Ыбырай Алтынсарин атамыз өзінің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің соңында:

«Баладан хайыр болмаса,

Баланы неге сұрайды»-деп кеткені белгілі.

Абайдың қара сөздерінің қайсысын алып қарасаң да осы бір «қазақ» деген халықтың көптеген кемшіліктері мен нұқсан сипаттарын айтып кеткен. Осы жанайқайларды халықтың өзі оқи отырып, өзінде бар кемшіліктері мен нұқсандарын дұрыстаса екен деген жанашырлығы болуы мүмкін. Абайдың қара сөздерін оқыған кісі өзіне дүниесі мен ахіретіне керек дегенін таппай қоймас.

Осының бәрін ескере отырып Мұхтар Әуезов атамыздың: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе»-дегені де бекер емес қой деп ойлаймын. Адам баласының бесіксіз өскені және бесікте тербетіліп ананың әлдиімен өскенінің  айырмашылығы әрдайым болады. Ал қарапайым деген бесік (5:110) пен баланың құндақталатын құндағының өзі Құранда Иса пайғамбарға (ғ.с.) байланысты (19:29) айтылған болса, ол бесік одан бұрын да болғаны белгілі.

Ал Әйтеке би былай дейді: «Бай болсаң еліңе пайдаң тисін,

Батыр болсаң жауға найзаң тисін.

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Батыр болып жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін»

Тағы да нақыл сөздердің бірінде:

«Тазалық - денсаулық негізі,

Денсаулық - байлық негізі»-делінген екен. Мұның өзі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін білу туралы хадисімен мағыналас сияқты. Өйткені ол жерде ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастық шақтың, басқа шаруа түсіп қалмай тұрып бос уақыттың және өлмей тұрып өмірдің қадірі мен кедей болып қалмай тұрып байлықтың қадірін білу өсиет етілген екен. Осы хадистің мәтінімен мағыналас келген бір Шал ақынның былай дегені бар екен:

«Кәрілік елденбұрын түсіңді алар,

Арпа шайнап ас ішер тісіңді алар.

Өлмеймін деп дүние үшін өнер қылған,

Ойыңнан түк қалдырмай есіңді алар.

Онан кейін кәрілік көзіңді алар,

Құлақ кетіп аузыңнан сөзіңді алар.

Белден медет, тізеден қуат кетіп,

Ең соңында аңқайтып өзіңді алар»

 

Мысалы, Шәкәрімнің «Шын сөз» атты өлеңінде:

«Шыннан өзге Құдай жоқ,

Анық Құдай - шын Құдай.

Ұқпай қалма алаң боп,

Шын болмаса, кім Құдай?!»-деген.

Мұның өзі бабаларымыздың шынайы дін мен иман тұтқасын ұстағандықтарын білдіреді.

Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар!», «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес» (Тирмизи)-дегені барлық мұсылман жұртшылығына белгілі. Ондай құрмет көрсете алмайтын адамға қазақ тілінде «көргенсіз», яғни тәрбиесіз, ата-анасынан еш жақсылық көрмей өскен деген мағынадағы ауыр сөз айтылады. Ал баланың ата-анасының алдында жақсы тәрбие мен көркем есім алу және дін танып, Құдайын тануға ақысы бар.

Тағы да бір даналық сөзде:

«Ұяттың иман қабы дер,

Имандыда ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына шыққан шырақ бар.

Фәни тұрмақ бақида,

Міне-тұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар»-деп келген екен.

Осы өлең жолдарын қарап отырса, ұят пен иманның тығыз байланыстығы туралы айтылған. Ол турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұялу иманның бір бөлігі»-деген хадисі көптеген хадис жинақтары кітаптарында келтірілген. Ал біреудің ақысын жеу мен сұрақ бар болуы туралы Аллаһ Құранда: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар» (102:8)-дегенімен пара-пар келетін сияқты.

Тағы да басқа бір риуаятта: «Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) біздің үйімізге келді. Тамақтан соң қолын жуу үшін су әкелінді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолын жуған соң оған орамал ұсынылды. Ол орамалды алып, қолын  сүртті»-деп келген. (Абу Дауд, әдәб) Оған қоса тағы астан бұрын және астан кейін қол жууды әдет қылған болса, мұның өзі біздің халықта бешбармақтан кейінгі су әкеліп қызмет көрсетіп қол жуу дәстүрдің дәл өзі. Бұл хадисті оқымаған болса, біздің дәстүрімізге шариғат болмағанда қайдан келген?!

Шариғаттағы дәстүрімізге енген әдеттер мен сөздердің барлығы да оңтайлы және ұлт санасына кіріп кеткен соң, оның жақсысы мен жаманын айырып алу саналы біліммен келетіні, оның барлығын  ізденіп, дұрысын таңдау кімнің болса да міндеті болып табылатыны анық. Дегенмен, аталмыш өсиеттердің барлығын дерлік қазақ халқы атам заманнан дуалы ауыз абыздар  мен билердің және ақын-арыстардың ауыздарын естіп үйренгендігі тарихтан белгілі. Сол үшін кім болса да саналы және иманды үлкендердің ақылына тоқтап, кейінгі ұл-қыздарын ізгілерден қалған өсиеттерге баулыса, адал ниетті дұғаларынан айырылмай, береке-бірлік пен көрегендіктің әсем үлгісін көрсете білу бүгінгі буын өкілдерінің міндеті болып табылады...

 Бәлкім Аллаһтың: «Асыр (заманаға) серт. Расында иман келтіріп ізгі іс жасағандар мен бір-бірлерін ақиқат және сабырлық (шыдамдылыққа) үгіттескендерден басқасы қасіретте»-дегенінің де бір сыры бар болар... 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы