Сәрсенбі, 28 Қазан 2015   |   1833 рет оқылды

Тақырға отыру қалай болмақ?

Адамның сыртынан өсек айту, жамандау Исламда үлкен күнә саналады. Құранда мұны «Өлі адамның етін жеуге» ұқсатқан:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيراً مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌوَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضاً أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَنيَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتاً فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌرَّحِيمٌ

«Ей, мұсылмандар! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Бір-бірлеріңді аңдып кінарат іздемеңдер, сыртынан өсек айтып, ғайбаттамаңдар. Кім өлген бауырының етін жеуді жақсы көреді? Әрине, жек көресіңдер. Расында, Алла Тағала – тәубені тым көп қабыл етуші, ерекше рақымды»[1].Пайғамбарымыз да: «Әрбір мұсылманның қаны, мал-мүлкі, ар-намысы басқа мұсылманға харам» дейді.

Сондықтан ғайбаттау – үлкен күнә. Ақыретте Алла Тағала адамның екі күнәсін кешірмейді. Әуелгісі, ширк, яғни Алла Тағалаға ортақ қосу. Мұндай пенде Оған ортақ қосу арқылы имансыз болғандықтан күнәсі кешірілмейді. Екіншісі, ақыретте Алла Тағала пенделерінің өз араларындағы қарыз, ақыларын кешірмейді. Оны сол ақысы бар адамдардың өздеріне қалдырады. Мысалы, бұл дүниеде пәленше түгеншені сырттай жамандап, сөз тасыған. Яки жұмыс істетіп, ақысын білдірмей жеп қойған. Егер пәленше түгеншеге барып, кешірім сұрамай, ақысын бермей жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойса бұл Махшарда ғана толық ашылады. Сонда пәленше түгеншеге өтем ретінде тек сауабын ғана бере алады. Егер пәленшенің сауабы жоқ болса, онда төленшенің қарызының көлеміндей күнәсін арқалайды. Алла Тағала ақысы бар пендесінің ісіне араласпайды. Сондықтан кісі ақысын жеу аса қиын нәрсе. Ал енді бір қаланың әкімі үкімет қаржысын жымқырса, ол ақыретте қала халқының бәріне бірдей қарыздар болып, әр адамға жеке-жеке сол қаржының құнын төлемек. Сондай-ақ бір адам ауылды яки бір мұсылман ұлтты жамандаса, бәріне бірдей қарыздар болмақ. Олардан кешірім сұрау үшін ауылдың әкімі жетпейді. Сол ауылдың адамдарынан жеке-жеке кешірім сұрап шығу тиіс. Болмаса ақыретте алдынан шықпақ. Сол себепті мұсылмандар кісі ақысын ақыретке қалдырмауға тырысуы қажет. Біреуге жаманат жасаған адам сол кісіден кешірім сұрап, қарызын өтеу тиіс. Қиямет күні адамдардың бәрі өзді-өзді әлек болады. Өйткені, ол жерде адамның жақсылығы мен жамандығы теңдей таразыға тартылады. Егер жақсылық жағы ауыр басса, Жәннатқа, жамандық жағы ауыр басса Жәаннамға тасталады. Сондықтан ол жердегі бір сауаптың өзі бұл дүниенің бар асыл тасынан да артық. Ол жерде адам баласы отқа түспес үшін бәрін де беруге риза. Өмір бақи бұл дүнидегі бар жиған-тергенінен бір түйірді жарлыға садақа етіп беруге қиналса, ол жерде бір сауап үшін түгелдей беруге қуана келіседі. Бірақ дүниесі Алла жолына жұмсалмағандықтан ешбір пайдасы болмайды. Қайта басына пәлекет болып жабысады. Ол сонда не істерін білмей қатты сасады. Жақындары қарызын яки көмек сұрап қала ма деп қорқып, абыржып, неғұрлым олардан аулаққа қашады.

Құранда:

يَوْمَ يَفِرُّ الْمَرْءُ مِنْ أَخِيهِ وَأُمِّهِ وَأَبِيه وَصَاحِبَتِهِ وَبَنِيهِ  لِكُلِّ امْرِئٍ مِّنْهُمْ يَوْمَئِذٍ شَأْنٌيُغْنِيهِ

«Сол күні кісі туыс-бауырынан безеді. Шешесінен де, әкесінен де, әйелінен  де, балаларынан да безеді. Сол күні кім-кімнің де халі ауыр. (Әркім өзімен әлек болады)»[2] деп қиямет күніндегі адамдардың хал-ахуалынан хабар береді. Пайғамбарымыз бірде сахабаларына: «Кісіні ғайбаттап, жамандаудан сақтаныңдар! Өйткені, ғайбат – зина жасаудан да жаман ауыр күнә», - дейді. Сонда бір сахаба: «Пайғамбарым! Ғайбат зина жасаудан қалай ауыр болады?»,- деп сұрайды. Яғни, зина жасау Исламда ең ауыр күнәлардың бірі. Ауырлығы сонша – зинақор Жәаннамда миллиондаған жыл азап шекпек. Сол себепті әлгі сахаба «Ғайбат зина жасаудан да жаман» дегеніне таңырқап сұраған еді. Алла Елшісі сонда: «Зина жасаған адам қателігін түсініп, тәубе етіп қайталамаса, Алла Тағала оның тәубесін қабыл етіп, кешіре алады. Алайда ғайбаттап, өсек айтқан кісіні ғайбатталған адам кешірмейінше, Алла оны кешірмейді»,- дейді. Задында, бір адам бір кісіні көре алмай жамандық жасауға ниеттеніп сыртынан сөз тасыса еш нәрсе ұтпайды. Қайта өзі ұтылып, жәбір көруші ұтады. Өйткені, оны жамандау арқылы ақыретте өз сауабын  сол жәбір көрушіге береді. Бұл өзіне-өзі көр қазғанмен бірдей.

Ілгеріде ешбір пендеге зияны жоқ, қайта елді жақсылыққа баулыған бір тақуа кісіні біреу жасаған қылықтарын сынап, көрінгенге жамандайды. Бірде осыны естіген бір адам әлгі тақуа кісіге болған жайды жеткізеді. Сонда әлгі тақуа еш ашуланбайды. Ғайбаттаған адамның тұрған жерін сұрап, арнайы іздеп барады. Амандасып сол екенін білген соң оған: «Бауырым, мен саған рақмет айтуға келдім. Сенен Алла Тағала разы болсын», - дейді. Сонда әлгі адам: «Бұның қалай? Мен сені сырттай жамандаған жоқпын па?!» - деп таңғалады. Тақуа кісі: «Иә, солай. Сол үшін рақмет. Сен мені жамандау арқылы амал дәптеріме жинаған сауаптарыңды жіберіп жүр екенсің. Пенденің ең қиын кезеңі – Қиямет күні Махшар алаңында ғой. Сол жерде қатты қиналған кезде сен келіп маған сауаптарыңды санап бермейсің бе? Мұндай жақсылықты маған ол жерде әке-шешем де, балам да, тіпті әйелім де жасамайды ғой», - деген екен өз ісінің астарын түсіндіріп. 

Алла Елшісі бірде: Тақырға отырушы деген кім білесіңдер ме? - деп сұрайды. Сахабалар: «Тақырға отырушы – мал-мүлкінен жұрдай айырылған адам», - деп жауап береді. Алла Елшісі сонда былай дейді: «Менің үмбетімнен тақырға отырған адам мынау: «Қиямет күні бір адам намаз, ораза және зекетімен келеді. Бірақ біреуге ұрысқан, енді біреуге жала жапқан және әлдекімнің ақысын жеп, зұлымдық еткен, әлдекімді соққыға жыққан. Осыдан кейін өзінен жапа шеккен адамдар жеке-жеке келіп ақысына балап оның жақсылықтарын жырымдап алып кетеді. Ақыры жақсылықтарының бәрі біткен кезде қалған ақысы бар адамдар ақы орнына өздерінің мойындарындағы жамандық пен күнәларын әлгі адамға жапсырып кетеді. Таудай сауаппен келген әлгі адам ақыр соңында таудай күнә арқалап Жәһаннамға айдалады».

Міне, кісінің ақысын жеу, сыртынан сөз тасудың ақыры осылай аяқталмақ. Ол барлық оқыған намазын, бірнеше жасаған қажылығын, өмір бойы тұтқан отыз күн оразасын, мешіт, медресе салу арқылы істеген амал-сауаптарын – бәрін түгелдей бөгделерге таратып бермек. Тіпті онымен қоймай біреудің жасаған батпандай күнәларын қоса арқаламақ.

Кісіні ғайбаттау – тек оны жамандау емес, түр-түсінің кемшілігін айту. Мысалы, бір құлағы жоқ яки бір көзі соқыр адам жайлы да сөз қозғап мінеу де ғайбатқа жатады. Өйткені, бұл – оны кемсітушілік болып табылады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірде сахабаларына: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» - деп сұрайды. Сахабалар: «Алла және Оның Елшісі ең жақсы біледі»,- деп ізетпен жауапты өзіне қалдырады. Алла Елшісі: «Бір адамның мұсылман бауыры хақында сыртынан көңіліне тиер сөз қозғауы», - дейді. Сонда сол жердегі бір адам: «Ал мен айтқан нәрсем сол кісіде расымен болса, (бұл да ғайбатқа жата ма?)»,- деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Егер айтқаның сол кісіде болса, оны ғайбаттаған боласың. Егер айтқандарың онда жоқ болса, ендеше, оған жала жаптың деген сөз»,- деп жауап қайырады[3]. Бұл хадис біреу жайлы сөз қозғағанда абай болу керектігін ескертеді. Біреуді сынағанда егер ондай мін оның бойында бар болса, ғайбаттаған боласыз. Егер жоқ болса, онда оған жала жапқандығыңыз. Бұндай бейбақтардың ақыреттегі халі де өте аянышты. Алла Елшісі былай дейді: «Миғраж түнінде жез тырнақтары бар адамдарды көрдім. Олар тырнақтарымен беттері мен көкіректерін қан жоса осқылап жатты. Мен Жәбірейілден: - Бұлар кім?- деп сұрадым. Ол:  «Бұлар - елдің етін жеп, ар-намыстарын аяққа таптағандар», - деп жауап қайырды»[4].

Ендеше, мұсылман ақыретте осындай халге душар болмау үшін біреудің сыртынан сөз тасудан аулақ тұрғаны дұрыс. Тіпті ғайбаттау былай тұрсын, біреудің ғайбатын естіген адам да сөз тасығанды тоқтатып, жала жабылған кісіні қорғауы тиіс. Бұл –  мұсылманның парызы. Егер сіз оған тоқтау салып, ақиқатты жақтамасаңыз, сөз тасушы одан бетер өршіп кетуі мүмкін. Тіпті ғайбатты рахаттана тыңдасаңыз, ғайбаттаушының күнәсіна ортақ боласыз. Өйткені сіздің үнсіз қалуыңыз – ғайбаттаушыны қостаумен бірдей күнә. Жемтікті бірге жеген болып шығасыз. Ғайбаттаушы да өзінің бұрысына жақтаушылар табылған соң ол өз өтірігіне шын қарай бастайды. Бұл – отқа май құю деген сөз. Өсек сөз қалың құрғақ қамысқа желді күні тиген өрт тәрізді. Егер сіз оны дер кезінде сөндірмесеңіз арты пәлекетке айналмақ. Пайғамбарымыз былай дейді.«Кімде-кім бір мұсылманды мұнафыққа (ғайбаттаушы) қарсы қорғаса, Алла Тағала да оны қиямет күні оның етін Жәаннамнан қорғайтын бір періште жібереді. Кімде-кім бір мұсылманды қаралап, оған жала жапса, Алла Тағала оны қиямет күні Жәаннам көпірінің бірінің үстінде айтқан сөзінен құтылғанға дейін қамайды»[5].Алла  Елшісі бұл хадисінде мұсылман-дарды біреуге жала жабылып, жамандалғанда қарсы тұрып, жазықсыз жанды қорғауға ынталандыруда. Бұл хадистегі «мұнафық» – ғайбаттаушы. Мұсылман адамның тікелей бетіне емес, сырттай сынап жамандағандықтан мұнафық яғни екіжүзді саналған. Осындай кезде жазықсыз жанның ар-намысын қорғау қажет. Тым құрыса, оның жамандауына тыйым салғаны дұрыс. әм хадистегі «Жәаннам көпірінің үстінде айтқан сөзінен құтылғанға дейін қамайды» деуі, күнәсінан арылғанға дейін деген сөз. Яғни, ғайбаттаушы жамандаудан тапқан күнәсінен ғайбатталған кісіні риза ету яки бір шапағатқа, не болмаса кешірімге, не күнәсінің көлеміндей азап шеккенге дейін қамалмақ.

Бір кісінің сыртынан сөз айту үш жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Бірінші: Қолында билігі мен күш-қуаты бар уәзипалы адамға біреу жайлы шағым жасау. Бұндағы мақсат  – оның жамандығын тыю. Яки өз ақысын алу.

Екінші: «Бір адам бір кісімен ортақтасып жұмыс істегісі келеді. Бірақ ол алдымен серіктесінің қандай адам екенін білгісі келіп, оны жақсы танитын сізге келіп ақыл сұрайды. Сонда сіз тек жақсылық үшін адал көңіліңізбен «Иә, ол адамды жақсы танимын. Жалқау, ісіне немқұрайды қарайды, мынадай бұрыс іс-әрекеттері бар, т.б.» десеңіз ғайбат болмайды. Өйткені сіз ол жерде жамандық мақсатымен емес, бірге жұмыс жасамақ болған адамға жөн сілтеу үшін айтып отырсыз.

Үшінші: Пасық, мутәжаир адам жайлы сөз қозғау. Пасық, мутәжаир – күнәні қысылмай ел көзінше жасаған адам. Тіпті ел-жұртқа көрсетіп күнә жасап қана қоймай, басқа уақытта сол жасаған күәналарын айтып, мақтаныш етуші. Мысалы, мұсылмандардың көзінше арақ ішіп мас болып, көрінгенге тиісіп, таяқ жеп, сол ақысын алу үшін түн ішінде үйіне оралып ұйықтап жатқан әйелін сабап, тіпті бұнымен қоймай анасына араша түсіп шырылдаған жас бүлдіршін балаларын ұрып-соғып отбасының шаңырағын шайқап, ертеңіне осының бәрін қорқау серіктеріне айтып қылжақтап, мақтан тұтушы надан. Яки бір жерге басшы болып келіп, халықтың қанын ашықтан-ашық сүліктей сорып, жемқорлыққа басып, халық еңбегімен салынған үш қабатты сарайында тәкаппарланып өзі тәріздес жемқор қорқауларына елді қалай жегенін айтып мәртебесін көтеруге тырысқан пасық кісі. Мұндай адамдардың қылықтарын жұртқа паш ету – адал нәрсе. Мұның ешбір зияны жоқ. Алла Елшісі (с.а.у.)«Пасық әрі мутәжаир адам жайлы айтылған сөз ғайбатқа жатпайды» дейді.

Бұлардан өзгелері ғайбатқа жатады. Ғайбат елді бүлдіретін вирус болғандықтан оның азабы да қатты. Сол себепті Пайғамбарымыз: «Сөз тасушы Жәннатқа кірмейді»[6] деп қатаң ескерткен.

Ғайбат еткен мұсылман алдымен тәубе етуі тиіс. Сосын ғайбатталған кісіге барып, кешірім сұрауы керек. Егер ғайбатталған кісіні таба алмаса, яки бұл өмірден өтіп кеткен болса, мұндай кезде сол кісінің атынан садақа бергені абзал. Қарыздар болса, қарызын ұрпақтарына, яки оны да соның атынан садақа етіп таратуы ләзім. Бәріміз де пендеміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.)«Күллі Адам баласы қателік жасайды. Қателік жасаушылардың жақсысы – қателігін түсініп, тәубе еткені» дейді. Қиямет өте қиын. Сол жерде бір-біріміздің ақымызды алу мақсатымен іздемеу үшін бұл өмірде қашанда қоштасарда қандай жақының болсын мейлі: «Мойнымда қалған қарызың болса кешір» деп адамгершілік негізде кешірім сұрасу қажет. Болмаса көршіден рұқсатсыз алған иненің өзі ұлы Махшарда алдыңыздан асу бермес тосқауыл болып шықпақ.

[1] Хұжрат сүресі. 12.
[2] Абаса сүресі, 34-37.
[3] Әбу Дауд, Әдәб 40.
[4] Әбу Дауд, Әдәб 40.
[5] Әбу Дауд, Әдеб, 41.
[6] Бухари, Әдәб 50; Муслим, Иман 169. 


Мұхиддин Исаұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы