Дүйсенбі, 29 Ақпан 2016   |   1688 рет оқылды

«Ойланған адамға жапырақ та ұстаз»

«Оның (Алла Тағаланың) хабарынсыз бір жапырақ та түспейді».
(Әнғам сүресі, 59-аят)

Әне-міне дегенше сарғайған күз де келіп жетті. Күннің көзі сирек көрініп, аз жылытатын болды. Жәндіктердің барлығы көзден ғайып болып, құстар да жылы жаққа қанат қақты. Өсімдіктердің жапырақтары сарғайып, шөптер де қурай бастаған. Кешегі көктемдегі көңілді тіршілік пен жаздың жайдары күндерінен еш белгі жоқ. Адамның жанына осындай көңілсіздік сыйлайтын күз мезгілінің ойланған адамға беретін ғибраты мол. Көктем мезгілі бейне бір адам өмірінің жастық кезеңіне ұқсаса, ал күз оның өмірінің біте бастаған кәрілік шағын елестетеді. Кеше ғана жасыл желек жамылып жайқалған өсімдік атаулы лезде ол көркінен айрылып, бейне бір тіршілігін тоқтатқандай әсер қалдыруы жаратылысының бастауы бар нәрсенің соңының да міндетті түрде болатындығын меңзейтіндей. Енді осы күз мезгілінде орын алатын табиғаттағы кейбір процестерге ой көзімен қарап көрейікші. Ұлы Жаратушының қойған нәзік жүйесі сіз бен бізді таңқалдырмай қоймайды.

Күздің негізгі нышаны — жасыл түсін жоғалтқан жапырақтар екені белгілі. Асылында жапырақтардың өсімдік үшін орны ерекше. Жапырақ өсімдіктердің тек әшекейі ғана емес, сонымен қатар өмір сүру өзегі іспеттес. Фотосинтез процесіне тікелей әсер ететін қант осы жапырақтардың қатысымен пайда болады. Олай болса жапырақтарды бейне бір қант «фабрикасы» десе де болғандай. Ағаштардың мұндай әсем әрі бағалы  бөліктерінен қыс түспей айрылуы бекерден бекер емес. Оның өзіндік себептері, иләһи сырлары көп

Оның бір себебі жаз мезгілінің соңына таман күн қысқарып, түн ұзарған шақта ағаштардың фотосинтезденуіне ықпал жасайтын гармондары қозғалып өсімдіктер тегіс қыстың қамына кірісе бастайды екен. Міне сол себептен ағаштың жапырақтары төгіледі. Ал ауа райы суытпайтын тропикалық аймақтардағы өсімдіктердің жапырақтарының түсу себебі болса, құрғақшылық болатын мезгілдің алдында суға деген қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, реттеу үшін жапырақтарын қайта төгеді.

Жапырақтардың өмірін аяқтап, тегіс төгілуіне тағы бір себеп қыс мезгілі өсімдіктің тіршілігіне аса қолайсыз кезең. Мұндай ауа райының суық кезінде судың сұйық күйде болуы сирек тіпті болмайды. Ал, жапырақтар болса тыныс алатын, өзінен бу шығарып су бөлетін тірі организм. Олар буланып бойындағы суды бөлгеннен кейін оның орнына тағы су қажет болады. Суға деген қажеттілігі артады. Мұндай жағдайда жапырақтар өсімдікке зарар беретін әрі жайсыздық туғызатын бір ағзаға айналады. Оның үстіне жапырақтың қыс мезгілінің суық ауасына төзіп, тіршілігін жалғастыруы мүмкін емес. Аяздан жапырақтың жасушалары үсіп өледі. Сол себептен ағаш жаратылысындағы керемет жүйе арқылы оның жапырақтары қыс келуден алдын түседі.

Енді мына қызыққа қараңыз. Жапырақ түсу процесінің алдында жапырақтағы барлық құнар ағаштың діңгегіне сіңеді екен. Өйткені жаратылыстағы нәзік жүйенің құрушысы, ешбір нәрсені босқа жаратпаған Ұлы Жаратушы нитрат, фосфат, калий сынды элементтердің жапырақпен бірге бостан-бос жерге түсуіне жол бермеген. Бұл элементтер ағаш қабығына және өзегіне жиналады. Бұл бізге мына әлем атты ғаламат жүйеде ысыраптың жоқ екендігін керек.   

Күз келе жапырақтарға жасыл өң беретін хлорофилл нәрі біртіндеп шіри бастайды. Бұл шіру процесінде хлорофилден айрылған молекулалар жапырақтардан бөлініп ағаштың діңіне топтасады. Нәтижесінде жапырақтың жасыл өңі жоғалады. Сөйтіп осы элементтердің себебінен ағаш жапырағы қызғышсары, қоңыр, көк және қызыл түстермен түрленеді.

Иә, ғибрат ала білген адамға жаратылыстың әрбір құбылысы пендені Құдайға бағыттар «компас» іспетті. Оған желдің ескені де, бұлттың көшкені де жайдан жай емес. Әрбірінде бір мазмұн, бір мән бар. Расында хазіреті Мәулана айтқандай «ойланған адамға жапырақ та ұстаз» екен. Бірлі жарым ай бұрын бұтақтарында құстар сайрап, сан түрлі жеміске толы жап-жасыл ағаштардың бір демде-ақ жапырақтары сарғайып, қурап жатуында біз көңіл  бөле беймейтін бір иләһи хикмет бары анық. Сарғайған жапырақ жалт етіп өте шығар өмірді, ертең келер өлімді еске түсіргендей. Ал көктемде қайта шығатын жаңа жапырақтар өлімнен кейін де жаңаша бір өмірдің бар екенін айтып қуантатындай.


 Нұрбол Сейілбек
 
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы