Сәрсенбі, 30 Наурыз 2016   |   1116 рет оқылды

Мұса пайғамбар (а.с.)

Мұса пайғамбардың (а.с.) уақытында Қарун атты бір бай кісі бар еді. Дәулеті тасқаны сонша, байлығының есебін білмейтін. Бірақ өте сараң болатын. Бір күні Алла Тағала Мұсаға Қарунның малынан зекет алуды бұйырды. Зекетін есептеткенде, көзіне көп көрінген Қарун оны беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ Мұса пайғамбар да өз міндетін орындау үшін Қарунға зекет беруі керектігін айтып жүрді. Мұсадан (а.с.) біржола құтылғысы келген Қарун сұлу бір әйелді алтынмен азғырып, Мұса менімен зина етті деп жала жап дейді.

Бір күні Мұса (а.с.) халыққа уағыз айтып жатады:
- Егер адам ұрлық жасаса, қарақшылыққа барса, зина етсе, жазасын алуы тиіс...

- Уа, Мұса, осыны сен жасасаң да үкім өзгермей ме? - деп сұрайды елдің соңын ала отырған Қарун.

- Иә, - дейді пайғамбар, - бұл үкім бәрімізге ортақ.

- Ендеше, сені жазалау керек, куәгерім де жоқ емес, сен пәлен әйелмен зина жасапсың, - деп Қарун уәделі әйелді шақыртады. Бірақ жеме-жемге келгенде пайғамбарға жала жабуға әлгі әйелдің дәті шыдамайды. Шынын айтып, керісінше Қарунның қитұрқы ниетін ел алдында әшкерелеп береді. Бұған ашуланған Мұса пайғамбар (а.с.) Алла Тағаладан мұның ақыры не болатынын сұрайды. Алла Тағала Қарунды жазаласа да, кешірсе де Мұсаның өз еркіне бергенін айтады. Мұса (а.с.) қолындағы аса таяғын жерге ұрып қалғанда, Қарунды тізесіне дейін жер жұтып қояды. Тағы бір сілтегенде, Қарунды түгелдей жеп жұтып қойды.

Арада біраз уақыт өткенде ел арасында «Мұса Қарунның байлығын иемденгісі келіп көзін құртыпты» деген өсек пайда болады. Бұл сөз пайғамбардың құлағына жетісімен, Мұса (а.с.) Қаруннан қалған байлықтың бірін қалдырмай жер жұттырып жібереді.

Ақыретті ұмытып, дүниеқоңызданған, малының зекетін бермеген, онымен қоймай пайғамбарға жала жапқан қайырымсыз Қарун байдың өзі де, дүниесі де осылай жермен жексен болып құрып кеткен екен.

Құдайберді Бағашар 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы