Бейсенбі, 31 Наурыз 2016   |   629 рет оқылды

Лұқпан Хакімнің парасаттылығы

Лұқпан Хәкімнің есімін білмейтін айдай әлемде адам жоқ шығар сірә. Құран-Кәрімде пайғамбарлармен қатар аты аталып, оның өнегелі өмірі хақында сыр шерткен "Лұқман" сүресі бар екені баршаға аян. Десек те, Алаш баласы Лұқпан Хакім айтты дейтін берді-екілі тәмсілды ауызға алғаны болмаса, данагөйдің ғибратты ғұмырымен етене таныс емес. 
Әсілі, Лұқпан Хакім ешқандайда байлығы тасыған шынжыр балақ шонжар, халыққа төрелік айтқан қазы, ел билеген сұлтан болған емес. Ол заузатынан құл болған адам еді.

Бірде иесі Лұқпан құлға мал сойып, етінің ең дәмді жерін әкелуді бұйырады. Алланың атымен құнан қойды бауыздап, терісін іреп, етін сүме-сүме, жілік-жілікке бөліп болғаннан кейін, қойдың жүрегін жарғағынан, тілін бүрінен тазалап, иінін қандырып асып, піскеннен кейін қожайынының алдына қояды.

Қойдың дәмі тіл үйіретін жұмсақ жерінен ауыз тиген қожайын Лұқпанның сезімталдығына, ақылдылығына тәнті болады. 
Тағы бірде қожайыны Лұқпанды шақырып: "Енді қойдың етінің ең жаман, дәмсіз жерін алып кел", - деп бұйырады.

Лұқпан Хакім тағы да кетпен құйрық құнан қойды ақсарбас айтып шалып, ерекше ықыласпен жіліктеп, қойдың жүрегі мен тілін тазалап, тағы да қожайынының алдына қояды.

- Уа, Лұқпан! Өткенде қойдың ең дәмді жерін алдыма қой дегенімде, жүрегі мен тілін алдыма әкеп едің. Бұл жолы қойдың ең жаман, дәмсіз жерін әкел десем, тағы да жүрегі мен тілін ұсынып отырсың. Мұның сырын ұқпадым, - дейді

Сонда, Лұқпан Хакім:

- Уа, қожайын! Дұрыс айтасыз. Мен екі әміріңді де де екі етпей, алдыңа жүрек пен тілді қойдым. Себебі, мал екеш малдың жүрегі мен тілі таза болса, оның ең қадірлі мүшесі осы екі мүшесі. Керісінше, жүрегі мен тілі таза болмаса, ең дәмсіз жері де осы екеуі болмақ. Осы екі мүше таза болса, адам түгілі Құдайдың құзырында жүрек пен тілден бағалы ештеңе болмайды, - деп жауап береді.

Одан кейін бірнеше ғасырдан кейін дүниеге келген Хақ Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) да жүрек пен тілге қатысты тамаша тәмсілдер қалдырды.

Ол (с.а.у.) өз хадис-шарифінде: «Адамның бойында бір кесек ет бар, ол аппақ айдын, таза болса, тұтас дене таза, ол лас болса, тұтас дене лас» десе, тілге қатысты: "Айту күміс, үндемей қалу алтын", - деп айтпас жерде тілді тарта сөйлеуді өнеге етті.


 Мұхан Исахан
Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы