Сейсенбі, 03 Мамыр 2016   |   690 рет оқылды

Екі сахабаның уайымы

Сахаба хазірет Ханзала әл-Үсәйди бастан өткергендерін былай әңгімелеуде: «Бір күні Әбу Бәкірді кездестіріп қалдым. «Қалың қалай, Ханзала?» деді. Мен не дерімді білмей: «Ханзала мұнафиқ болды» дедім. Сасып қалған Әбу Бәкір: «Субханаллаһ! О не дегенің?» деді. Мен: «Расулалланың (салаллаһу аләйһи уа сәллам) жанында болғанымызда бізге жұмақ пен тозақ туралы сондай керемет әңгімелеп берді, біз тура соларды көргендей күй кештік. Расулалланың қасынан кеткеннен кейін бала-шаға бағу дегендей күйбең тіршілікке кірісіп кетеміз. Сондықтан көп нәрсені ұмытып қалдық» дедім. Сонда Әбу Бәкір: «Уаллаһи, біз де дәл осы жағдайды бастан өткерудеміз» деді. Әбу Бәкірмен екеуміз бірге Расулаллаға (с.а.у.) бардық. Мен бірден: «Ханзала мұнафиқ болды, уа, Расулалла!» дедім. Расулалла: «Ол не сөз өзі?» деп сұрады. «Уа, расулаллаһ! Сіздің қасыңызда болғанымызда, жұмақ пен тозақ туралы айтып, есімізге саласыз. Айтқандарыңыз сондай керемет, тура бір өз көзімізбен көріп отырғандай күй кешеміз. Алайда, қасыңыздан шыға сала бала-шағаның қамы, күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп көп нәрсені ұмытып кетеміз» дедім. Сонда Расулалла (с.а.у.): «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін, менің қасымда болған күйлеріңді бұзбай зікірмен шұғылдануды жалғастыра алғандарыңда, періштелер жатқан төсектерің мен жүрген жолдарыңды күзетіп, сендермен қол алысуға тұрар еді» деді. Кейіннен: «Дегенмен, әй, Ханзала, кейде олай, кейде бұлай ғой» дегенді қосты. Осыны әрі үш рет қайталады».

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы