Сәрсенбі, 18 Мамыр 2016   |   1118 рет оқылды

"Қабірдегілерді алдымен мақта, сосын жаманда"

Әйгілі тақуаға жас жігіт іздеп келіп, жетілудің жолын сұрайды.

– Бүгін түнде, – дейді шал: - Бейіт басына бар да, өлгендерді таң атқанша мақта. Сосын маған келіп, олардың не дегенін айтарсың.

Жігіт келесі күні:

– Айтқаныңызды түгел орындадым. Түні бойы өлгендерді мақтадым. Әулиесіңдер бәрің дедім, құдайдың сүйген құлысыңдар дедім, даналықтың бұлағы, жердің құты, ғаламның шамшырағы — сендерсіңдер дедім. Қасиетті кітаптардан оқыған, білген бар жақсылықты соларға таңдым, — дейді.

– Хош… Сонымен олар саған ризашылдығын не деп білдірді?

– Қайдағы ризашылық? Дым да деген жоқ, үнсіз қалыптарында қала берді…

– Бұлары қызық екен,-дейді шал. Енді сен былай істе, балам. Осы түні сол барған жеріңе тағы бар да, өлгендерді таң атқанша боқта, шамаң келгенше, тілің жеткенше сыбап сал. Көрейін сонда қалай үнсіз қалғандарын!

– Масқарасын шығардым бәрінің, – дейді жігіт келесі күні шалға қайтып келіп. Дінсізсіңдер бәрің дедім. Қарғылы төбетсіңдер, сайтанның ыдысысыңдар дедім. Бауырын өлтірген Қабыл, құдайын сатқан Иудасыңдар дедім. Адам баласы білетін барша жаманшылықты солардың басына үйіп-төктім…

– Иә, не болды сонымен? Олардың қаһарынан қайтіп құтылдың?

– Қайдағы қаһар? Тырс етіп үн қатпады, шіркіндер. Тіпті, моланың үстіне жата қалып, тың тыңдадым… мізбақпайды!..

– Көрдің бе? – депті шал. Сен бұл дүниедегі жетілгендіктің шыңына дәл сол өліктердей мақтау мен боқтауға мізбақпайтын болғанда ғана жетесің..!

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы