Сәрсенбі, 09 Қараша 2016   |   568 рет оқылды

ТҮЗЕЛГЕН ТАҒДЫР

Өткен аптада Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесінде ерекше оқиға болды. Қызылды-жасылды мейрамдар тойланбайтын, бірыңғай сұрғылт түсті түрме өміріне аз да болса рең жүгіргендей. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаевпен бірге түрме ауласына енгенімізде, біршама адам жиналып қалған екен.

«Жазира» дүкені маңындағы РУ-170/2 мекемесі (түрме) басшысының міндетін атқарушы Тайман Қазиев алдымыздан шықты. Көңіл күйі көтеріңкі. «Түрмеде 600 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Соның 80-і – намаз оқитындар. Оның 60-ы – дәстүрлі Әбу-Ханифа мазһабында. Діни теріс ағымның салдарынан әр түрлі қылмысы үшін сотталған 12 адам отыр. Олармен жүргізілген жұмыстың нәтижесін де көрдік. Міне, тағы бір жігітімізді дұрыс жолға түскені үшін уақытынан ерте бостандыққа шығарудамыз. Қалған үш жыл мерзімі айыппұлға ауыстырылды. Енді ол мемлекетке 497 мың теңге айыппұл төлейді», — деді ол.

Түрменің темір есігі ашылып, ішінен жас жігіт шықты. Көзімен жиналғандарды шолып шықты да: «Әке!» деп біреуге қарсы жүгірді. Орта бойлы ақсақал да «Балам!» деп оған қарсы жүрді… Айқара құшақтаса кеткен әкелі-балалы жандардың риясыз қуанышына ортақ болдық (суретте). Бұл төрт жыл бойы темір тордың арғы жағында отырған жігіт үшін бостандықпен қауышу сәті болса, әке үшін уайым-қайғы мен ұйқысыз түндердің аяқталғаны шығар.

1988 жылы туған атыраулық Саламат Тұрғанов 2011 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 1-тармағы (терроризмді және экстремизмді насихаттау) және 233-бабының 2-тармағы (террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) бойынша 7 жылға сотталыпты.

— Діннің атын жамылған, теріс көзқарастағы азаматтарға еріп, радикалды жолға түсіп кеттім, — дейді Саламат. — Қате жолда екенімді түрмеге түскен соң ғана түсіндім. Теологтар Құранды дұрыстап түсіндірді, бүгінде дәстүрлі мазһабты ұстанамын және бұл жолды адасқан адамдарға түсіндіргім келеді. Намаз оқығысы келетін жастар діни білімді ғаламтордан алмай, мешіттен, имамнан үйренсе, қала берді, облыстық дін істері басқармасындағы теологтардан дәріс алса, адаспайды. Мен шетелге кеткен жігіттерге ақша салғаным үшін, яғни терроризмді қаржыландырғаным үшін сотталдым. Олар “Шетелге оқуға кеттік” деп алдап кетті, жиналған ақшаның қайда, не үшін салынғанын артынан білдік қой. Жалпы, Сирияда соғыс не үшін болып жатыр, жастар соны білсін. Түзелемін, ақиқаттың, Алланың ақ жолына түсемін деген адамға біздің қоғамда жан-жақты қолдау барын сезіндім. Теологтар исламның дұрыс жолына көзімді жеткізсе, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері өз тараптарынан қатты қолдап, міне, бүгін бостандыққа үш жыл бұрын шығып отырмын.

Саламат, әсіресе, сонау Атырау қаласынан әкесі мен ағасының әдейі келгеніне қатты қуанды.

«Атырауда анам, әйелім мен үш балам күтіп отыр, қуаныштымын!» — дейді ағынан жарылып. Бостандыққа шығарылған құжаттарын қолына алған оған мекеменің арнайы есеп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Андрей Сралиев: «Енді жүгір, есеп бөліміне барып, жалақыңды ал!» — деді. Саламат түрмеде жұмыспен қамтылып, табыс тапқан екен. Енді ол отбасына құр қол бармай, жиналған жалақысын ала барады.

Саламаттың әкесі Мұрат ақсақал 68 жаста. «Бес ұл, бір қызым бар. Саламат кенже ұлымыз, қолымызда тұрады. Анасы, келін, мен де намаз оқимыз. Балам қолымызда тәрбиеленді, теріс ағымға түсіп кетеді деген ойымыз болмады. Түрмеде отырған төрт жылда кездесуге келген сайын «Балам, дәстүрлі жолға түс!» деп мен де ақылымды айттым. Оралдағы дін мамандарына алғыс айтамын. Аллаға шүкір, балам қателігін түсінді», — дейді қуанышты әке.

— Мерзімінен бұрын бостандыққа шығу оңай емес. Бұл – прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, РУ-170/2 мекемесі басшылығы және теолог мамандардың маңдай терімен істелген жұмыстың нәтижесі, — дейді Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев. Ендеше, Саламат құқық қорғау құрылымдарының сенімін ақтап, бостандықтың қадірін бағалай білетін шығар…

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

(Түпнұсқадағы тақырып: «Түрмеден үш жыл бұрын шықты»)

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы