Сәрсенбі, 30 Қараша 2016   |   430 рет оқылды

Бизнесіңізге Алла Тағаланы серіктес ете аласыз ба?

Бүгінде екі қолға бір жұмыс іздеп, пайда көзін көксеп жүргендер аз емес. Ал, сіз қандайда бір шағын бизнес немесе кәсіп ашсаңыз, Ұлы Жаратушымызды өзіңізге серіктес ете алар ма едіңіз? Ол мүмкін бе? Бұл сұрақтарға біз нақты жауап берейік.  

Мысырдың Дакахлия облысы Тафахнал Ашраф елді-мекенінің тұрғындары өз ауылдастары Салах Атыйяны (18.03.1946-11.01.2016ж.ж.) сонау 14 ғасыр бұрынғы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезеңіндегі, сахабалар дәуірінің өкілі деп санайды. Оның себебін білесіз бе? Ия, ия! Мына қазіргі алмағайып заманда дін төңірегінде түрлі талас-тартыс туындаған кезеңде мүмкін емес десек, қателесеміз. Оған нақты мысалымыз да бар…

Ауылшаруашылық университетін тәмамдаған Салах Атыйя бірнеше досымен қаржы тапшылығына тап болады. Олардың тұратын ауылы Мысырдағы ең кедей, назардан тыс қалған өңір саналатын. Сонымен Салах Атыя бастаған білімі бар, бірақ қаржысы жоқ кәсіпкерлер күнкөрістерін жақсарту үшін өзара бірігіп, бір іс бастауға бел буады. Тоғыз дос бірігіп мал шаруашылығымен айналысуды ойлайды. Алғашқы капиталға әрқайсысы 200 джунейхтен (қазіргі есеппен 1 дужнейх шамамен -40 теңге) жинайды. Бұл сол кездегі азулы кәсіпкерлер үшін әрі бір ірі шаруаны бастауға арзымас ақша еді. Өз жобаларын іске асыру жолында тоғыз дос оныншы серіктесті іздестіреді. Бірақ олармен бірлесе кетуге ешкім табыла қоймады.

Бір күні жас инженер Салах Атыя өз достарына келіп: «Мен Оныншы серіктесті таптым!» -дегенде барлығы қуанып кетеді. «Бірақ Ол серіктесіміз кәсібімізге қаржы салмайды»,-дегенде өзгелер таңданысын жасырмады. Салах әңгімесін жалғастырып: «Есесіне Ол бізді өз қамқорлығына алады, дұрыс жолды нұсқап отырады. Сол үшін түскен пайданың оныншы бөлігін беруге тиіспіз»,-дегенде, өзгелер: «Ол кім?» деп тағатсыздана сұрайды. Сонда Салах Атыя: «Алла!»-деді. Бұған әлбетте тоғыз дос бірауыздан келісті.

Олар келісімшарт жасап, өз кәсіптерін 10 Серіктестен тұратын корпоративті қоғам ретінде жұмыс бастайды. «Әп» дегеннен олардың табысы таңдай қақтыра бастады. Бұған риза болған достар Оныншы серіктестің үлесін 10-нан 20 % -ға көтереді. Осылайша олардың табыстары берекелене түсіп, «Қамқоршы серіктес» еншісін 50%-ға жеткізеді. Яғни тоғыз адам жартысын, ал пайданың тең жартысы Алла разы болатын амалдарға, Алла жолына жұмсалады: Ең әуелі ер балаларға арналған бастауыш мектептер ашып, артынша қыздарға да арналып салынады. Одан кейін қыздар мен ұлдарға бөлек орта білім мектептерін, сосын жоғары оқу орындарын іске қосады. Яғни орта мектеп оқушыларына арнап 1000 орын, 600 студентке алысқа ат арытпай-ақ өз өңірінде жоғары білім алуға мүмкіндік туады. Ал осынша шаруадан кейін де артылған қаржы негізінде «Мұсылмандарға арналған қайырымдылық қорын» құрады. Кейінірек Салах Атыя өз ауылында әлемге әйгілі мың жылдық тарихы бар Әл-Азһар университетінің филиалын ашуға қол жеткізеді. Бұндай шағын мекенде бөлімшесін ашу Әл-Азһар университеті тарихында алғаш рет болған екен. Осылайша ол мекенге темір жол санылып, университеттер саны 4-ке жетті. Бұл 10 Серіктестен құрылған қорпоративтік қоғам қайырымдылығының бір парасы ғана, одан өзге сан сала бойынша атқарылған жұмыстары қыруар.

Байқасақ, бұл қарапайым ғана уәденің жемісі. Тоғыз адам өз сөзінде тұрса, келісімшарттағы қамқоршы Оныншы серіктес ойламаған олжаларға жол ашты. Нәтижесінде Тафахнал Ашраф мекенінде жұмыссыз адам қалмаған, кедей отбасын шаммен іздеп таба алмайтын деңгейге жетіпті.

 Ия, Раббымыз әділ әрі уәдесінде хақ. Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 103-аятында: «Олар­дың кү­нә­ла­ры­нан та­за­ла­нып, мал­да­ры кө­бейіп бе­ре­кет­те­нуі үшін олардың (мұ­сыл­ман­дар­дың) мал­да­ры­нан са­да­қа (зе­кет) ал …»,-деген. Ал Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді»,-деген(Муслим) . Осы Құран аяты мен хадиске амал еткен қарапайым азаматтардың кәсіпте береке тауып, бүкіл жерлестерін қуанышқа бөлеуі ғажап өнеге.

Осы жылы, яғни 2016 жылдың қаңтар айында Салах Атыя 70-тен асқан шағында өмірмен қош айтысып, өзінің кәсібіне «Серіктес» еткен Раббысына қайтты. Салах Атыяның жаназасына жиылған жамағаттан жер қайысты. Ия, оның бұл фәниде үміт артқан Қамқоршы – Серіктесінің берген берекесі елдің көз алдында, ал ол жақтағы мәңгілік өмірде Салахты қандай сый күтіп тұрғанын Раббымыздың Өзі ғана біледі. Алла Өзіне үміт артқан тақуа құлын рахымына бөлегей.

Әлбетте, тақуалықпен басталған істе береке бар. Қандай жағдай болса да шариғаттан шынайы үлгі алған пенденің мерейі үстем болары сөзсіз. Ал тақуалықтан тайған жерде тексіз қылық орын алып, оның ақыры не боларын кім білсін? Сондықтан әрбір істе Аллаға тәуекел ету мен Оған шынайы үміт артудың нағыз үлгісін өз заманымызда орын алған осы оқиғадан аңғару қиын емес.

Әзірлеген Айша КЕҢЕСБАЙ

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы