Сәрсенбі, 08 Наурыз 2017   |   391 рет оқылды

Ол жәннатты сатып алды...

Бір күні өте кедей бір кісі Мұса алейһиссаламға:

«Иә, Мұса, жылдар бойы ғибадат етудемін, бірақ кедейліктен өлуге айналдым. Аллаға дұға ет, маған көп мал-мүлік берсін. Жағдайымды түзеп алайын» дейді. Мұса алейһиссалам Тур тауына барып Алла Тағалаға дұға етеді.
Алла Тағала:

 «Ол құлымнан сұра! Байлықты дүниеде берейін бе, ақыретте ме?» дейді. Мұса алейһиссалам кедейге келіп сұрайды.

Кедей:

 «Мен байлықты дүниеде қалаймын» деп жауап береді.

Мұса алейһиссалам:

«Үш күндік дүниені не қыласың? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен байлықты ақыретте сұра, ол жақ мәңгілік» деп кеңес береді.

Кедей:

 «Таңдау маған берілді, мен дүниеде қалаймын» дейді.

Мұса алейһиссалам кедейге:

«Өзің білесің» деп, Тур тауына барып Аллаға:

 «Иә, Раббым, Өзің білетініңдей, ол құлың байлықты дүниеде қалады» дейді.

 Алла Тағала:

«Қалауы осы болса, байлықты дүниеде бердім» дейді.

Кедей аз уақыттың ішінде өте бай болады, ақшасы сансыз көп болады. Ақшаларын үнемі жақсы нәрселерге жұмсайды. Ақшасын таратқан сайын арта береді. Қаншалықты көп берсе, соншалықты көп ақшасы болады. Қай жерде кедей адам болса, соған барып көмектеседі. Қай жерде қарызға батқан адам болса, барып оның қарыздарын төлейді. Жетімдерге қамқорлық жасайды. Оларды қуантады. Үйі болмағандарға үй әпереді, үйленгендерге көмектеседі. Өзіне ешнәрсе жаратпайды. Бар мүлкін өзгелерге таратады. Уақыты келіп, бір күні ол адам қайтыс болады. Мұса алейһиссалам түсінде оны жаннатта зәулім сарайлардың ішінде көреді. Қызығып, мұның хикметін сұрайды:

 «Иә, Раббым, бұл құлың байлықты дүниеде қалады, сен бердің. Ақыретте зәулім үйлерге қалай ие болды?» деп сұрайды.

Алла Тағала былай дейді:

 «Иә, ол байлықты дүниеде қалады, мен бердім. Бұл сарайларды ол сол байлығымен сатып алды. Менің берген барлық ақшамды ол осы жерге жұмсады. Ол дүниеде зәулім сарайлар сатып алған жоқ, дүниеде мал-мүлік иесі болмады. Оған берген барлық мүмкіншіліктерді менің разылығым үшін, менің құлдарыма, менің сүйгендеріме таратты, (осылайша) жаннат пен зәулім сарайларға қол жеткізді»

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы