Жұма, 08 Қыркүйек 2017   |   308 рет оқылды

Дұға – мұсылманның қаруы

Кемел дініміз исламда барлық нәрсе толық қамтылған. Соның ішінде, Жаратқанға жалбарынып, дұға қылудың әдебі, реті, яғни, мұсылманның өмірінде орын алған әр түрлі жағдаяттарда оның қалай әрекет етуі керектігі, Жаратқанға қандай сөздермен жалбарынып, жәрдем тілеуі керектігі – барлығы толық баяндалған. Мысалы, түшкіргенде Аллаға мадақ айтып, жаман түс көргенде Жаратқаннан жарылқау тілеу, әр ісімізге бісмілләмен берекет кіргізу, т.б.

Дұғаның исламдағы орны орасан зор. Себебі дұға мұсылманның Жаратушысына толық бойсұнғандығын, Оған толық тәуелді екендігін білдіреді. Адамды кез-келген жағдайда Раббысын ғана еске алып, Одан ғана жәрдем тілеуге, Жаратушысымен жақын болуға тәрбиелейді. Дұғаның зор хикметі де осында жатса керек. Себебі пенде ойға алған ісінің қайырын тілеп, дұға еткен кезде Алла алдындағы дәрменсіздігін мойындап, ісін Оған тапсырады, дұғасы қабыл болған жағдайда Аллаға мадақ айтып, тілегі жауапсыз қалар болса, мұның хикметі тереңде жатқандығын сезеді де, «дұғам демде қабыл болмады» деп тағатсыздықпен таусылмайды және ол үшін Жаратқанды жазғырмайды. Керісінше, сабырлық сақтап, Алла Тағала тілеген затының есесіне бір жамандықтың бетін қайтарған болар деп жақсылыққа жориды немесе жауабын ақыретке қалдырған екен деп үміт етеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде дұғаны бүтін құлшылыққа теңеп, мұсылмандарға үнемі дұғада болуды, одан қол үзбеуді өсиет етеді. Себебі дұға - діннің негізі, құлшылықтың өзегі әрі рухы мен қайнар бұлағы. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «...Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында, Маған құлшылық етуден  паңсыңғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» (Әбу Дәуіт, Витр, 23/1479; Тирмизи, «Тәпсір», 40/3247).

Дұға – бұл мүминнің қаруы, оны барлық жамандықтан сақтайтын оқ өтпес сауыты іспеттес.  Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге дұшпаннан  қорғайтын әрі ризықты молайтатын бір нәрсені айтайын ба? Күндіз-түні Аллаһқа дұға етіңдер. Өйткені, дұға - мүминнің қаруы» - деген болатын (Хайсами, «Мәжма»,  147).

Десе де, дұға етудің де өзіндік әдептері бар. Мұны мұсылман адам мұқият зерделеп біліп, дұға етуде астамшылыққа жол бермеуі керек, әдебін сақтап, адалдан ғана тілеп, кез-келген қажетінің қайырын берсін деп сұрағаны абзал. Байлыққа ие болуды аңсап, жоқшылық кезіндегі тақуалығынан ажырап қалған әйгілі Харунның мысалы  осыған саяды. Себебі, ол Алладан қайырын емес, көңілі қалағанын тілеген еді, Мұса арқылы мол дәулетке ие болуды дұға қылған еді. Алайда, осы ашкөздігі оны жер жұттырып, Алладан ұзақтатты. Бұл туралы қасиетті Құранда былай деп келеді:

«Рас Қарұн, Мұса (Ғ.С.) ның елінен еді де, оларға қарсы келді. Сондай-ақ оған, кілттерін күшті бір топ әрең көтеретін қазыналар берген едік... Қарұн: “Шын мәнінде бұл, маған мендегі білімге берілді.” деді" («Қасас» сүресі, 76-78-аяттар).

Қарунның бұл қиссасына ұқсас мысалдар қазір де көп кездеседі. Сондықтан, адам баласының әр тілегінде өзіне қалағанын емес, қайырлысын тілегені жөн.

Дұғада қолды көкірек тұсқа қойып, құбылаға бет бұра отырып, бәсең дауыспен тілек тілеу де дұғаның әдептерінен болмақ. Бұған пайғамбарымыздың мына бір хадисі айқын дәлел болады: «Сендер құлағы естімей саңыраудан дұға тілеп жатқан жоқсыңдар. Барша нәрсені толық еститін әрі сендерге өте жақын Аллаға жалбарынып жатырсыңдар», - дейді («Бұһари», Жихад» 131).

Адамның дұға тілеу кезінде ықыласты болуы да өте маңызды. Қалағанын «Бол!» деп қана болдыра салатын Алланың әр нәрсеге күш-құдіреті жететіндігін, Ол үшін мүмкін емес нәрсе жоқ екендігін жүрекпен сезініп, мойындаған мұсылманның шын тілеген дұғасын Алла Тағала қабыл алады, себебі құлының қолын бос қайтаруға ұялады. Сондықтан, әрбір амалымыздың ішкі ниетімізге байланысты екендігін ұмытпауымыз керек.

Арам мен адалдың ара-жігін айыра білетін ақылға ие адам баласы дұғасы қабыл болуы үшін тыйым салынған нәрселерден тыйылып, таза жүруге  тырысуы керек. Он екі  мүшесін арам нәрселерден сақтап, күнделікті амалдарына, іс-әрекетіне жіті мән беруі керек.  Осы ретте мына бір мысалды келтіре кетуді жөн санадық.

Бірде Ибраһим ибн Адхамға бір кісі келіп мынадай сауал жолдапты:

- «Дұға қылыңдар, оны қабыл алам» деген мағынадағы аятқа амал етіп, дұға қылсақ та, оның қабыл болмауының себебі неде?»

Сонда әйгілі Ибраһим ибн Адхам:

-         Он түрлі себепті жан дүниелерің бұзылған: Құдайды біліп тұрып, ұлықтығына жараса құлшылық қылмайсыңдар.  Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған амал етпейсіңдер. Шайтанның дұшпан екенін біліп тұрып, оған ересіңдер. (Өздеріңді) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіміз дейсіңдер, бірақ оның (с.ғ.с.) сүннетін атқармайсыңдар. Бейішті жақтырасыңдар, бірақ оған дайындалмайсыңдар. Тозақтан қорыққандай боласыңдар, десе де күнәдан қайтпайсыңдар. Өлімнің хақ екенін білесіңдер де, оған дайындық қылмайсыңдар. Біреудің айыбын шұқып, өздеріңдікін жасырасыңдар. Алла Тағала берген ризықты жеп, бірақ оған шүкір қылмайсыңдар. Өлікті көрге көмесіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар. Дұғаларыңның қабыл болмағанының себебі, міне, осында, - деп жауап берген екен («Мунаббихат» кітабынан).

Ибраһим Адхамның сөзінен ұққанымыздай, мұсылман адам ризығының адалдығына да, амалына да жіті мән беруі керек. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Жаратушысына дұға етіп, жалбарынып отырған пенде жайлы былай дейді: «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» (Мүслим, зекет, 65).

Демек, тілегіміздің қабыл болуы тақуалымызға тікелей байланысты деген сөз. Бәрімізге белгілі Уайс ибн Амрдің оқиғасы да осыған дәлел. Анасына қылған перзенттік қызметі үшін Алла алдында үстем дәрежеге ие болған табиғиннің  тілегі сөзсіз қабыл болатын. Тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі оның есімін ерекше атап, атақты халифа Хаттабтың ұлы Омар одан күнәлары үшін кешірім тілеуін өтінген болатын.

Алла Тағала, баршамызды дұғасы қабыл болар тақуа құлдарының қатарынан етіп, әр істің қайырын ғана нәсіп етсін . Әмиин!

Нұрбол Смағұлов,

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр»

мешітінің ұстазы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы