Жексенбі, 08 Қазан 2017   |   180 рет оқылды

Сіз олардан болмаңыз!..

Алланы тану, оған құлшылық ету тек намазда ғана  емес, кез-келген жақсы әрекеттің барлығы да соның бір көрінісі болып табылады. Соның бірі – садақа беру. Мейірімділік әр адамды жұмаққа жеткізсе керек. Садақа беруге намыстанатын кісілер бар, солардың бірі болмаңыз. Көшеде қол жайған адамды  айналып өтетіндер бар, солардың бірі болмаңыз. Садақаны кімге берерін білмей жүрген жандар бар, осылардың да бірі болмаңыз. Садақа беру құлшылықтың ең абзалы болса керек, өйткені сіз Алла берген ризықтың бір бөлшегін қиып өзгеге бересіз. Әлбетте оның қайтарымы бергеннен көп болары хақ. Садақа сөзін әркім әртүрлі түсінеді. Көпшілік қауым тек ақшалай біреуге көмек беру деп ұғады. Кез-келген жақсылық садақа болып саналса керек. Өйткені: «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (Табарани) деген. Яғни, садақа тек ақшамен өлшенбесе керек. Садақа беру арқылы пенде иманын арттырады. Адам Аллаға құлшылық ету үшін жаратылғандықтан, мінезін көркем етуге, жақсылық істеуге өркөкіректенбей, намыстанбай Алладан сауабын тілеуге талпынғаны жөн. Пайғамбармен (с.ғ.с) сахабаларының арасында мынадай сөз қозғалады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

-Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс,-дейді.

-Иә, Алланың Елшісі! Беретін нәрсе таппағандар не істейді?

-Еңбектеніп табыс табады және садақа береді.

-Істейтін жұмыс табылмаса ше?

-Көмекке мұқтаж кісіге қандай да бір көмек береді.

-Көмекке мұқтаж кісі табылмаса ше?

-Кез-келген бір жақсылық жасауы (мал-мүлкі болғанда мен де садақа берер ем деу, біреуге жол көрсету, жолдағы кедергілерді алып тастау, өлімді еске алу, басқаға зиян тигізуден сақтану, ілім үйрену және үйрету секілді) ол үшін садақа болып табылады» деген. (Бухари, Муслим, Нәсаи).

Садақаны кімге беремін, бүгінгі қоғамда садақаға зәру жан жоқ деу қателік. Жоғарыдағы хадисте келтірілгендей әрбір адамға істеген жақсы амал садақа болады. Аиша (р.а.) былай деді: «Бірде мен: «Иә, Алланың Елшісі, менің екі көршім бар, олардың қайсысына сый беруім керек?» - дедім. Ол: «Қайсысының есігі жақын болса, соған» - деді (Бухари). Әрбір пенде көршімен жақын болуы, сый көрсетуі, жылы лебіз танытуы, қайырымды болуы дұрыс! Ондай адамдарға сөзсіз, Алланың шапағаты мол!

Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы