Жексенбі, 19 Қараша 2017   |   219 рет оқылды

Өз тағдырың өз қолыңда

Арабтың «تقدير» (тақдир) сөзінен туындаған қазақтың «тағдыр» сөзін айтқанда ойыңа еріксіз «бақыт» және «бақытсыздық» деген сөздер келеді. Бұл ғажап та емес! Себебі «бақыт» және «бақытсыздық» ұғымдары «тағдыр» сөзімен тығыз байланысты.

Негізі «бақыт» және «бақытсыздық» ұғымдарын екі тұрғыдан қарастырса болады. Ол: діни және дүнйауи (атеистік, діни емес) көзқарас.

Дүнйауи көзқарасқа келер болсақ, бақыт бірінші мәселеде денсаулық тұрғысынан қарастырылады. «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз осыдан туындаса керек. Алайда біз мына қарбалас тіршіліктің себебінен пендешілікпен «денсаулық» деген Хақ Тағаланың бағасыз құндылық жайында ұмытып та кетеміз. Бұған қоса жұмыс, бала-шаға, қу тіршіліктің әсерімен қатты ширығу да бар.

Денсаулық мәселесінен соң құндылықтар бағыты айырыла бастайды. Біреу үшін ол жұмыс, біреу үшін жоғары лауазым, ал біреу үшін бизнес, тағы біреу үшін ол байлық т.с.с. Осының бәрі де нәтижеде бір нүктеге алып барады. Ол: ауқаттылық, зәулім үй, қымбат көлік, банктегі жеті таңбалысанды банк шоты (әрине долларда болса тіпті жақсы) т.с.с.

Шариғат тұрғысынан қарағанда мұның бәрі адам табиғатына тән әрі харам емес. Өйткені Ислам өркениет жетістіктерін пайдалануға, дәулетті болуға тыйым салмайды. Бар мәселе соның бәрі адал жолмен табылса болғаны.

Ал енді дін тұрғысынан карар болсақ бақыт деген не? Молшылықта ма? Мүмкін байлықта болар? Әлде перзентің көп болғанында ма?

«Ақиқат бақыт» дегеніміз не? Келіңіз, осы мәселені дін тұрғысынан қарастырып көрерік!

Мына нәрсеге таңданбаңыз! Бір қызығы Қасиетті Құранда «سعادة» (са`ада - бақыт) деген сөзді таба алмайсыз. Бұл не?! Жаратушы Ие біздің бақытты болуымызды қаламайтыны ма? негізі Ислам діні адамзатты екі дүниенің бақытына жеткізу мақсатында түсірілмеді ме?

Мына пәни дүниенің өзі де, ондағы барлық жаратылған да, бәрі де өткенші. Дәл сол өткенші, уақытша болған дүниеге қол жеткізу мақсатында біз күнделікті түрлі қиыншылықпен арпалысып, сол үшін қанша ма күш-қуатымызды, тіпті бар ғұмырымызды сарып етіп жатамыз. Не үшін? Мұның мәнісі: кей жағдайда біз пәнилікті (жалғанды) мәңгі нәрсе ретінде қабылдай жатамыз. Айта кететін жайт! Негізінде мұндай келеңсіздік Ақыретке сенбеген, Қиямет күні болатын сұрақ-жауап жайында ойланбаған адамдарға тән болады. Мұндай қылықтың бір ғана көкейге қонарлық түсініктемесі болуы мүмкін: «Өлсем өлермін. Бірақ артымда атым қалады». Немесе: «Бар жиған-тергенім балаларыма қалады». Енді осыдан сұрақ туындайды: «Сонда сен пәнилік болғаннан соң 100-200 жыл өткеннен соң әлде біреу сенің есіміңді бір энциклопедиядан оқығаны ақиқат бақыт болғаны ма?» Мүмкін ақиқат бақыт дегеніміз сен о дүниелік болғанан соң ұл-қыздарын сен 5-10 жыл бойы көтерген үйіңді сатып, қаладан бес қабатты үйден үш бөлмелі пәтер сатып алғаны болар?!

Біз оқыма, ғылыммен айналыспа, ұл-қыздарыңа қараспа дейден аулақпыз. Мұның бәрі керек! Ол ол ма? Білім алып қоғамға пайдаңды тигізу, мұқтаж болғандардың қажетін өтеу – осының бәрі де сауапқа лайық іс. Бұл орындағы әңгіменің мәйегі – «Ақиқат бақыт деген не?»-деген сұраққа жауап табу.

Көздегеніміз айқын болу үшін мына сұрақтарға жауап беріп көрейік: жоғары оқу орнында оқыған біреу «бақыт білімде» деп ойласын. Сонда жоғары оқу орнында білім алмастан құрылысшы немесе қойшы бақытсыз болғаны ма? Бизнесмен біреу «бақыт дәулетті болуда» десін. Сонда тіпті арзан шетел көлігі жоқ, жұмысына автобуспен барғанның бәрі бақытсыз болғаны ма? Сондықтан бұл жерде біз кім нені «бақ» деп есептегені емес, дәл сол «ақиқат бақыт дегеніміз не?» деген мәселені қарастырамыз.

Ислам дінінде барлық мәселе Қсиетті Құран және ардақты Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сүннеті мен хадистері негізінде қарастырылады. Сондықтан біз де «ақиқат бақыт» мәселесін Құран мен хадис негізінде талқылаймыз.

Діни тұрғыдан алғанда ақиқат бақытқа, бірінші мәселеде, һидаят (тура жолды) табу болып табылады. Ал бұл жолдағы бастапқы қадамға Алла Тағаланың бар екеніне әрі Оның жалғыздығына иман келтіру жатады. Неге?

Адам баласы бір салада, мәселен ғылым саласында дейік, жоғары деңгейге жетуі ықтимал. Ол тіпті халықаралық деңгейдегі академик болуы мүмкін. Болмаса біреу аты бүкіл әлемге әйгілі инженер, хирург, адвокат немесе әлемдегі ең бай бизнесмен болды дейік. Біреудің өзгелерде жоқ қасиет-қабілеті болуы мүмкін. Алайда ол мына пәни дүниеден имансыз болып өтсе, Ақыретте оның жетістіктері мен ерекшеліктерінен не пайда?! Сондықтан да кезкелген адам ғылым ізденіп, жаңалық ашсын. Әлемдегі ең жоғары дәрежелерге жетсін. Мұның бәрі жақсы! Алайда оның бар жетістігі имандылыққа, Алла Тағалаға болған сенімге негізделуі тиіс. Болмаса пенденің лауазымы, атағы мен байлығынан не пайда?

Хақ Тағаланың қалауымен иманды бір пенде кедей, емсіз ауруға шалдыққан, жай ғана қарапайым күзетші немесе қора тазалаушы болуы мүмкін. Алайда мына мәселеде күмән жоқ! Қиямет күні Жаратушы Ие оны иманы себебінен бұл әлемдегі ең жоғары атақ пен лауазым иесі, ең бай, тіпті адамзат тарихындағы патшалардың патшасы болған, бірақ өзінің ең бастапқы міндетін, яғни Алла Тағалаға иман келтіру борышын орындамаған пенделердің әлде қайда үстем етеді. Сондықтан да һидаят тауып иманды болу – ақиқат бақ болып есептеледі.

Жоғарыда біз Құранда «سعادة» (са`ада – бақ, бақыт) деген сөз жоқ деп айттық. Алайда дәл сол Құранда «бақытты» деген сөз бар!

Алла Тағала айтады:

"وَأَمَّا الَّذِينَ سُعِدُوا فَفِي الْجَنَّةِ"

«Ал енді бақытты болғандар жаннаттық болады». («Һуд» сүресі, 108 аят)

Міне, ақиқат бақыт дегеніміз осы емес пе?!

Мына пәни дүниенің қай ең таңдаулы деген ләззаты мәңгі жәннаты болумен теңесе алады? Жәннаттың өзі де, ондағы шексіз рахат-ләззат та – мәңгі. Ал мына өткенші дүниенің қайсы жаратылғаны күннен-күнге жақсара әрі жаңара түседі? Автокөлік, тіпті ең қымбаты болсын, бұзылады. Киім тозады. Ас бұзылады. Ал біз қартайғанның үстіне қартая түсеміз. Ал жәннатта болудың шегі жоқ әрі ондағы нығметтің бәрі таңдаулы әрі ләззатты бола бермек.

Дегенмен бұл дүниеде бақыт жоқ деп ойлаған дұрыс емес. Мына пәни дүниеде де бақыт бар! Ол – шариғат бұйырған ізгі амал істеу бағы. Өйткені Ақырет үшін істеген жақсылық есімің бір энциклопедияда жазылумен немесе ұл-қыздарыңа бір пәтер алып берумен тәмамдалмайды. Ол өз жалғасын Аллаһ Тағаланың разылығына лайық болып, жәннаты болу ісінде жалғасын табады.

Иә! Мына пәни дүниеде бақ бар! Ол – Хақ Тағалаға шын иман келтіріп, сол иманның нышаны болған сауапты амал істеу. Бұл мәселеге қатысты Хақ Тағала былай деді:

"وَبَشِّرِ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الأَنْهَارُ كُلَّمَا رُزِقُوا مِنْهَا مِنْ ثَمَرَةٍ رِزْقًا قَالُوا هَذَا الَّذِي رُزِقْنَا مِنْ قَبْلُ وَأُتُوا بِهِ مُتَشَابِهًا وَلَهُمْ فِيهَا أَزْوَاجٌ مُطَهَّرَةٌ وَهُمْ فِيهَا خَالِدُونَ"

«Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар... Сонымен қатар олар үшін онда пәк жұбайлар да бар. Олар онда мәңгі қалады». («Бақара», 25 аят)

Рас! Мына өткенші дүниеде бақыт бар! Ол – Аллаһ Тағаланың қаһарынан қорқып күнадан тыйылу. Мұның нәтижесі:

"رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ وَرَضُوا عَنْهُ ذَلِكَ لِمَنْ خَشِيَ رَبَّهُ"

«Алла Тағала олардан, ал олар Алла Тағаладан разы болады. Міне осы сыйлық – Раббыларынан қорыққандар үшін». («Бәйина», 8 аят)

Хақ Тағала бір пендесінен разы болса, сол пендесін тозақы ете ме? Әрине тозақы еетпейді! Ал тозақ азабынан азат аман болу ақиқат бақыт емес пе?!

Иә! Мына жалған дүниеде бақыт бар! Ол – мешкейлікте емес, бәлкім ауыз бекітуде.

Бір ғажабы, кейде ауыз бекітпеген біреу жаздың шілдесінде ораза ұстағандарды мүсіркегенін байқайсың. Ал негізінде мүсіркегенге дәл сол ауыз бекітпегендер лайық. Неге? Себебі олар нәпсінің құлдығында жүрген біреулер. Сондықтан да олар бар болғаны таңатқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіте алмайды. Сол себептен олар ауыз ашудың ләззатын әрі Аллаһ Тағалаға деген шексіз шүкіршілік пен сүйіспеншіліктің шарбатын сезіне алмайды. Мнымен іс бітпес! Олар «Раййан» атты жәннатқа кіруден мақұрым қалады. Ал дәл сол Раййан жәннатына кіруді тіпті жәннаты болғандардың өздері аңсамай ма? Сондықтан қасиетті Рамазан айында мұсылмандығының дәлелі ретінде ауыз бекіту – осы дүниедегі бақ емес пе?!

Рас! Мына жалғанда бақытқа орын бар! Оның мәнісі байығанның үстіне баю емес, бәлкім Хақ Тағаланың саған сынақ ретінде бергенін жақсылық жолына жұмсау. Дәл осыған қатысты Алла Тағала былай деген:

"وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِينًا وَيَتِيمًا وَأَسِيرًا إِنَّمَا نُطْعِمُكُمْ لِوَجْهِ اللَّهِ لا نُرِيدُ مِنكُمْ جَزَاء وَلا شُكُورًا... فَوَقَاهُمُ اللَّهُ شَرَّ ذَلِكَ الْيَوْمِ وَلَقَّاهُمْ نَضْرَةً وَسُرُورًا"

«Олар өздері қажетсініп тұрса да міскін, жетім және тұтқындарды тамақтандырып: «Шын мәнінде сендерді Алла Тағаланың ризалығы үшін тамақтандырамыз әрі бұл үшін сендерден төлем немесе алғыс тілемейміз»-дейді... Соның есесіне Алла Тағала оларды Ақырет күнінің апатынан сақтап, жарқын жүзді етіп қуанышқа бөлейді». («Инсан», 8-11 аят)

Иә! Мына пәни дүниеде бақыт бар! Ол – жамағатпен бірге болуда. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай деген:

"إِنَّ الشَّيْطَانَ ذِئْبُ الإِنْسَانِ، كَذِئْبِ الْغَنَمِ يَأْخُذُ الشَّاةَ الْقَاصِيَةَ وَالنَّاحِيَةَ، فَإِيَّاكُمْ وَالشِّعَابَ، وَعَلَيْكُمْ بِالْجَمَاعَةِ وَالْعَامَّةِ وَالْمَسْجِدِ"

«Шын мәнінде шайтан адам үшін қойды жейтін бөрі тәрізді. Ал, бөлінген қойды бөрі жейді. Өзгелерден бөлінуден сақтанып, мешіттерде жамағатпен, көпшілікпен болыңдар». («Әл-Жәмиъус-Сағир», 2022)

Дана қазақ бұл айтылғанның мәнісін: «Көппен көрген – ұлы той»-деп жеткізген.

Шын мәнінде мына дүниеде бақыт бар! Ол – барына шүкіршілік, азына қанағат ету.

Бірде Омар (Оған Алла разы болсын)  Нәбидің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)үйіне келіп, Ол шидің үстінде жатқанын көріп қалады. Нәбидің (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) үстінен шидің ізін байқаған Омар (Оған Алла разы болсын) жылап жібереді. Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа Омар! Сен неге жылайсың?»-деп сұрағанда, ол: «Уа Расулуллаһ! Жылмай қайтейін? Парсылар мен византиялықтардың патшалары жібек пен қамқа да жатса. Ал Сіз Алла Тағаланың елшісі бола тұрып денегізге батқан жай шидің үстінде ұйықтайсыз»-деп жауап береді. Сонда Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Омарға (Оған Алла разы болсын): «Уа Омар! Көзіңді тый! Оларға осы дүниеде берілсе, бізге о дүниеде нәсіп болады. Мен бар болғаны талдың көлеңкесінде демалып, көп кешікпей сапарын жалғастыратын жолаушыға ұқсаймын»-дейді. («Мажмаъуз-Зауаид», 18300)

Сондықтан да «бұл дүниенің бақыты дәулетті болуда» деп, бай болу мақсатында жалғанға барып, айналасындағыларды тонап, өлтіріп, қанағандар қатты қателеседі. Ол ол ма?! Олар тіпті осындай жолмен «тапқандарына» сүйсіне қарап: «Міне өмір! Міне бақ! Жолым болды»-деп ойлайды. Ал шын мәнінде олар бар болғаны Қиямет күнін әрі мына нәрсені ұмытып жатқанымен жұмысы жоқ. Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:

لاَ تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ القِيَامَةِ حَتّى يُسْأَلَ عَنْ عُمْرِهِ فِيمَ أَفْنَاهُ، وَعن عِلْمِهِ فِيمَ فَعَلَ، وعن مَالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وَفيمَ أَنْفَقَهُ، وعن جِسْمِهِ فِيمَ أَبْلاَهُ"

«Қиямет күні пенде қалай өмір сүргені, қаншалықты іліміне сай амал еткені, дүниесін қалай тауып, оны не нәрсеге жұмсағаны және денесін қандай жолда пайдаланғаны жайында сұралмайынша, орнынан қозғала алмайды». («Тухфатүл-Ахуази», 2462)

Иә! Бұл дүниенің бақыты – Ақыретке ұмтылу. Себебі Алла Тағала Ақыретке ұмтылған пендесінің пейілін бай етеді. Нәтижеде ондай пенде мал табу мәселесінде талғамшыл болады. Ал: «Қандай жолмен болмасын әйтеуір байысам болады»-дейтіндердің құлақтарына алтын сырға! Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады:

"مَنْ كَانَتِ الدُّنْيا هَمَّهُ، فَرَّقَ اللهُ عَلَيْهِ أَمْرَهُ وَجَعَلَ فَقْرَهُ بَيْنَ عَيْنَيْهِ، وَلَمْ يَأْتِهِ مِنَ الدُّنْيَا إِلاَّ مَا كُتِبَ لَهُ، وَمَنْ كَانَتِ الآخِرَةُ نِيَّتَهُ، جَمَعَ اللهُ لَهُ أَمْرَهُ وَجَعَلَ غِنَاهُ فِي قَلْبِهِ، وَأَتَتْهُ الدُّنْيَا وَهِي رَاغِمَةٌ"

«Алла Тағала бар мақсаты осы дүние болғанның бар ісін машақатты етіп, кедейшілікті оның көз алдына әкеп қояды. Нәтижеде оған тағдырына жазылғаннан артық дүние нәсіп болмайды. Сонымен қатар, Хақ Тағала Ақыретке ұмтылғанның бар ісін оңдап, жүрегін бай етеді. Ал, дүние оған қорланған күйде келеді». («Сунәну Ибн Мажәһ», 4105)

Тағы бір ескерту! Дәл сол нәпсіні қызықтырған сымбат аруға ұқсаған дүние Ақыретте мыжырайған кемпір бейнесінде келіп Алла Тағаладан: «Мені бір пендеңнің мүлкі етші»-деп өтінгенде, Хақ Тағала: «Мен сені пенделеріме пәни дүниеде лайық көрмеген едім. Енді олар жәннаты болғанда сені соларға лайық көреді деп ойлайсың ба?»-деп жаап береді.

Рас! мына пәни дүниеде бақыт деген нәрсе бар! Ол - бай бизнесмен немесе шоу-бизнес жұлдызымен емес, бәлкім құдайшыл, тақуа пенделермен сұхбаттасу. Рас, сенің бір құдайшыл пендемен сұбаттасуың өзгелердің назарында бір діреже-мәртебе болмас. Алайда құдайшыл пенде саған Ақырет үшін пайдалы насихат беріп, сол арқылы Жаратушы Иенің разылығына лайық етері сөзсіз.

Дәлел керек пе?

Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

"الْمَرْءُ مَعَ مَنْ أَحَبَّ"

«Пенде осы дүниеде кімді жақсы көрсе, Ақыретте сонымен бірге болады»-деген. («Кәшфүл-Хафа», 2284)

Ал енді шоу-бизнес жұлдыздарының бірі сізге қолтаңбасын сыйлай тұрып сізге «тақуа бол» десе жақсы-ақ! Алайда... бұл «das ist fantastisch»!

Теледидардан әсіре жанкүйерлер табынардай болып әспеттелетін пірін (жұлдызын) көріп әкесі дүниеден өткендей жылап, үстіндегі киімін жыртып жатқанын көресің. Сол «жанпидашылардың» (жанкүйерлердің) бірі науқастанып қалсыншы, дәл сол пірі оның жағдайын барып сұрамайды, тіпті оның мына пәни дүниеде бар екенін де ойламасы анық. Жағдайын сұрағанын қойя бер! Дәл сол аңыраған топтың ішінде сол жанкүйерін байқай ма десеңші?! Бұл айтылған осы дүниеге қатысты. Ал болары ақиқат болған, тіпті нәресте баланың шашын ақ ететін Ақырет күні сол жұлдыз өзінің жанкүйеріне не бермек? Шапағатын ба...?! қалайша?!

Рас! мына пәни дүниеде бақыт бар! Ол – пенденің Алла Тағаланың назарында дәрежесін көтеретін тасбих. Дінді үйренуде. Әрбір әрпі сауап нәсіп ететін Құранды оқуда. Қартайған ата-анаға қамқорлық етуіңде. Ұл-қызыңды Отанына, қоғамға адал ететін мұсылман етіп тәрбиелеуде. Жаратушы Иеңнің талабына бойсұнуыңда.

Біреулер үшін дін тым машақатты болып көрінеді. Алайда олардың машақатты деп есептеген діннен пендеге пайдадан өзге нәрсе жоқ!

Ибраһим пайғамбардың (Оған Алланың сәлемі болсын) тарихына қараңыз! Мушриктер Ибраһимді (Оған Алланың сәлемі болсын)  лаулап жанған отқа тастап жатып оны азаптап жатырмыз деп ойлады. Ал ақиқатында пенделердің емес, Алла Тағаланың дегені болды емес пе?! «Дін» дегеніміз – Алла Тағалаға бойсұну, дінде табанды болу. Ибраһим(Оған Алланың сәлемі болсын) : «Енді қайтейін! Жанып кететін болдым-ау»-деп зарламады. Керісінше, ол иманында берік болды. Соның есесіне Хақ Тағала: «Уа от! Ибраһимге салқын әрі зиянсыз бол»-деп бұйырып отты залалсыз етіп оймады ма? («Әнбия», 69 аят)

Ибраһим мен Исмаилдің (Оған Алланың сәлемі болсын) оқиғасын қараңыз! Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға(Оған Алланың сәлемі болсын)  80 жастан асқан шағында көрген жалғыз ұлын байыздауды бұйырды. Бұл бір сынақ еді. Сол сынақта Ибраһим пайғамбар(Оған Алланың сәлемі болсын)  Алла Тағаланың әміріне бойсұнып Исмаилды(Оған Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалғаны не болды? Адамзат адам баласын бауыздау қасіретінен құтылды. Бұл бір үлкен мейрам еді. Оның үлкен мейрам болғаны соншалық, тіпті осы күнге дейін соны Құрбан айт ретінде тойлап келмейміз бе?

Біреу бай болғанына қуанады. Алайда күндердің күнінде ол сол байлығынан айырылып кедей болып қалмай ма? Тіпті бай болып көз жұмғанның өзінде Ақыретте Жаратушы Иенің жарылқауына мұқтаж болған бишара күйде тұрмай ма? Сонда «мен баймын» дегені қайда қалады?

Біреу сұлу бойжеткенге үйленетінін бақ тұтады. Алайда: «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады»-дегендей болып қалмасқа кім кепіл.

Жоғарыда айтылғаннан былай деп қортынды етсе болады: мына пәни дүние әрі ондағының бәрі - өткенші. Сондықтан да қазақ бабаларымыз дүниені «жалған» деп дөп сипаттаған. Алайда дәл сол пәни дүниеде екі дүниеде де аса бағаланатын нәрсе бар. Ол – Хақ Тағаланың дидарына лайық болу бақыты. Егер бұл өтірік болса, оны айтыңыз!

Тұжырым ретінде

Назарларыңызға «тағдыр» және «бақыт» мәселелеріне қатысты хадисті ұсынамыз. Алла Тағала баршамызға сонда айтылғанның дұрыс ұғымын нәсіп етсін. Әмин!

Әбу Әл-Аббас Әл-Мустағфири (Оған Алла разы болсын) айтады:

«Мен ілім алу мақсатымен Мысырға, имам Әбу Хамид Әл-Мысриге бардым. Мен одан Халид ибн Уалидтен (Оған Алла разы болсын жеткен хадисті айтып беруді өтінгенімде ол маған бір жыл бойы ораза ұстауды бұйырды. Мен ол айтқандай бір жыл бойы ауыз бекітіп, кейін өз өтінішімді қайта айтқанымда, ол маған былай деді: «Халид ибн Уалид (Оған Алла разы болсын былай деп риуаят етті: «Бірде Нәбиге (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мен сізден дүние мен Ақыретке байланысты бір мәселелерді сұрайын деп келдім»-деді. Расулуллаһ(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сұра»-деді.

- Уа Расулуллаһ! Мен адамдардың ең білімдары болуды қалаймын.

- Онда тақуа бол! Сонда сен адамдардың ең білімдіс боласың.

- Мен адамдардың ең дәулеттісі болғым келеді.

- Азға қанағат ет! Сонда адамдардың ең байы сен боласың.

- Мен адамдардың ең жақсысы болуды қалаймын.

- Адамдардың ең жақсысы - өзгелерге пайда келтіргені. Олай болса озгелер үшін пайдалы бол.

- Мен адамдардың ең әділі болғым келеді.

- Өзіңе тілегенді өзгелерге тіле. Сонда адамдардың ең әділі боласың.

- Мен Алла Тағалаға ерекше жақын болуды қалаймын.

- Ондай болса хақ тағаланы көп зікір ет. Сонда Алла Тағаланың ерекше құлына айналасың.

- Мен Алла Тағалаға Оның алдында тұрғандай күйде құлшылық еткім келеді.

- Онда Хақ Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ет. Тіпті сен Оны көрмесеңде, Ол сені көріп тұрғанынжадыңнан шығарма.

- Мен иманым кәміл болғанын қалаймын.

- Онда көркем мінезді бол. Сонда иманың кәміл болады.

- Мен Хақ Тағалаға толық бойсұнғандардың қатарында болуымды қалаймын.

- Онда Алла Тағаланың бар бұйырғанын орында. Сонда Алла Тағалаға толық бойсұнғандардың қатарында боласың.

- Мен Хақ Тағаламен күнәм болмаған күйде жүздесуді қалаймын.

- Онда жүнуб болған жағдайда үнемі ғұсыл ет. Сонда Ақыретте Алла Тағаламен күнәң болмаған халде кездесесің.

- Мен Ақыретте нұрланып тұруды қалаймын.

- Онда өзгелерге зұлымдық етпе! Сонда қиямет күні нұрланып тұрасың.

- Раббым мені рахметіне бөлеуін қалаймын.

- Онда өзгелерге рақымды бл. Сонда Раббыңның рахметіне лайық боласың.

- Мен күнәм аз блуын қалаймын.

- Онда үнемі истиғфар айтып жүр. Сонда сенің күнәң кемиді.

- Мен адамдардың ең құрметтісі болғым келеді.

- Онда қажетіңді жаратылғандарға емес, Алла Тағалаға айт. Сонда адамдардың ең құрметтісі боласың.

- Мен несібемнің берекелі болуын қалаймын.

- Онда үнемі дәретті бол. Сонда несібең берекелі болады.

- Мен Алла Тағала мен Оның елшісінің сүйіспеншілігіне лайық болғым келеді.

- Онда Алла Тағала және Оның елшісі жақсы көргендерді жақсы көр. Олар жеккөргенді сен де жекөр.

- Мен Алла Тағаланың қаһарынан аман болуды қалаймын.

- Онда басқаларға ашуланба. Сонда Алла Тағаланың қаһары мен жазасынан аман боласың.

- Мен дұғам қабыл болуын қалаймын.

- Онда харамнан аулақ бол! Сонда дұға-тілегің қабыл болады.

- Мен Алла Тағала мені басқа жаратылғандардың алдында масқараламауын қалаймын.

- Онда зинаға жолама.

- Мен Алла Тағала менің айыптарымды жасыруын қалаймын.

- Онда бауырларыңның айыптарын ашпа. Сонда Алла Тағала сенің айыптарыңды әшкере етпейді.

- Менің күнәмді не жуып-шаяды?

- Сенің көз жасың және ауырғаның.

- Алла Тағаланың назарындағы ең абзал қандай амал?

- Көркеммінезділік, кішіпейілдік, сабырлық және тағдырға деген разылық.

- Алла Тағаланың назарындағы ең ауыр қандай күнә?

- Жаман мінез-құлық пен сараңдық.

- Алла Тағаланың қаһарын не басады?

- Жасырын берілген садақа әрі туыстық қарым-қатынас.

- Тозақтың отын не сөндіреді?

- Раза». («Канзүл-Ъүммәл», 44154)

Абдусамат МАҚАТ

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы