Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018   |   26 рет оқылды

Еркекке еркелік жараспайды

Еркекке еркелік жараспайды. Еркелік дегеніміз – өзімсініп біреуге салмақ салу. Өнер адамдары ел аралап, өз өнерінің құдіретімен елді сусындатады, құрметке бөленеді. Соның бодауындай елге салмақ салады. Бұған халық ежелден үйренген. Кезінде сал серілер, айтыскер ақындар, шешендер ел аралағанда осылай еркелеп құрметке, сый-сияпатқа бөленіп қайтады. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жоғалған жоқ.

Ер адамның туған туысқандарына, жақындарына еркелеуі, боямасыз мінезін көрсетуі, артық ауыз сөздерге баруын өздері еркелік деп түсіндіреді. Бәлкім бұл солай да болуы ықтимал. Еркелік оның еркелігін көтеретін, түсінетін жерде ғана еркелік. Ал басқа жерде ол дөрекілік ретіңде қабылданып жатады. Ал соқталдай еркектің өз отбасына еркелік жасауы, яғни неше түрлі мінез көрсетуі, еңбек істемей жатып алуы масылдыққа айналып кетеді. Мынаны есте ұстаған жөн. Еркеліктің еңбектен ауылы алыс. Сондықтан еркелік ер азаматқа жараспайды.

Ал әйелге ше?

Әрине. Әйелдің еркелігі жарасымды болса, жанның рахаты. Әйел адам негізінен ер азаматына еркелейді. Сүйкімді қылығымен, жұмсақ мінезімен, жұбайының көңілін аулап еркелесе, бұл жарасымды. Әдетте еркелік оны көтеретін жан болса ғана орынды. Еркеліктің өзінің шегі болады. Тым еркінсіп, болмасты болдыртуға тырысатын, жоқ нәрсені сұрайтын еркелік шолжаңдыққа айналып кетеді.

Әйелдің еркелігі отбасының жарасымдылығын жарқыратады. Екі жақтың да көңілін аспан датады. Осы еркелігі арқылы азаматына арқай сүйейтіндігін, оны асқар тау көретіндігін аңғартады. Өзінің біреу арқа сүйейтін азамат екендігін сезіну ер адамға күш-жігер береді, қанаттандырады. Сондықтан күйеуімді басындырмаймын деп қажетсіз күреспен айналысқанша еркекті еркелеп-ақ жеңудің жолдарын білген жөн.

Марат ТОҚАШБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы