Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018   |   88 рет оқылды

Күшті мұсылман болайық!..

«Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзалырақ әрі Алла үшін сүйіктірек. Әйтсе де екеуінде де жақсылық бар» деген хадисті баршамыз білеміз. Бір қарағанда хадисте физикалық күш сөз болып жатқандай. Бірақ кеңірек қарастырар болсақ хадистегі «күшті» сөзін сан қырынан ашуға болатын секілді. Себебі иләһи қайнардан сусындаған әз Пайғамбардың хадистері мағынаға мейлінше бай болуға тиіс. Пайғамбарға тән негізгі ерекшеліктің бірі – аз сөзбен көп мағынаны қамту. Мұны шариғатта жәуәмиғу әл-кәләм дейді. Біздің пайымымызша адам баласының бойында төрт түрлі қуат көзі бар. Олар:

1 – P.Q. (Power Quality) – Физикалық күш.

2 – I.Q. (Intellect Qualiti) – Интелектік күш.

3 – E.Q. (Emotional Qualiti) – Эмоциялық күш.

4 – S.Q. (Spirit Qualiti) – Рухани күш.

Ал енді осы төрт қуатқа жеке дара тоқталайық.

 Физикалық күш. Басқаша айтар болсақ деннің саулығы. Денің сау болмаса еш нәрсені мандытып жасай алмайсың. Тіпті күнделікті асыңды дұрыстап ләззаттанып ішу мұңға айналады. «Бірінші байлық – денсаулық» деген халық даналығы сөзімізді қуаттайды. Аурудан аман, тәні сау мұсылманның құлшылықты өз деңгейінде атқаруға мүмкіндігі болады. Аурушаң немесе қарттық жеңе бастаған адам дәреттің өзін кемшіліксіз ала алмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Физикалық тұрғыдан мықты мұсылман әлжуаз мұсылманмен салыстырғанда жұмысты артықтау жасайды, сөйтіп қоғамға көбірек пайдасы тиеді. Адамның физикалық қуатын арттырып, тәнін шыңдайтын бірден бір құрал – спорт. Әсілінде Мұхаммед үмбетінің өмір салты мен спортты бөліп қарау мүмкін емес. Бірақ бүгінгі жағдайдағы мұсылманның спортпен байланысына баға беріп көрер болсақ, көңіл көншітпейді. Әлемдік олимпиада ойындарында мұсылман елдерінен келген спортшылардың алған алтынын санауға екі қолыңыздағы саусақ жеткілікті болуы мүмкін. Жалпы мұсылман елдерінің спорттық бәсекелерде бой көрсетуі салыстырмалы түрде аз деуге болады. Ал негізінде Пайғамбар сүннетімен жүрміз дейтін мұсылман спортқа бір табан жақын болуы керек еді. Себебі, спорт та пайғамбар сүннеті. 

Иә, физикалық күштің адам өміріндегі маңызы зор екенін байқадық. Алайда мұның мүмкіндік шеңбері тым тар екенін «білекті бірді ғана жығатынын» ескеруіміз керек. Адамның дені сау, тәні мығым болғаны жақсы. Физикалық тұрғыдан күшті адам біліммен қаруланып, интелектуалдық деңгейін көтерсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Себебі, қара күш белгілі бір мәселелерді шешуде көп көмек болғанымен, адамның қоғамдағы рөлін арттыруда қауқарсыз болып қалуы мүмкін. Адамның интелект деңгейінің өсуі қоғамдық дамудың басты шарттарының бірі деуге болады...

 Қоғамды алға сүйрейтін зиялы қауымның негізі күші осы интелекте жатыр. Интелекті жоғарылаған сайын адам өзгеге үлгі шашар тұлғаға айнала бастайды. Адамдарға жақсылық жасаудан рухани ләззат алады. Пайғамбардың мына хадисі осыдан хабар береді «Адамдардың ең жақсысы адамдарға пайдалысы». «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген қанатты сөз деп интелектуалдық қуаттың адам өміріндегі маңызын айқындай түседі. Адамның интелекті білім арқылы қалыптасады һәм шыңдалады. Қазіргі замандағы технологиялық жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар, өмір сүруге қолайлы жағдайлардың артуы адам баласының ғылымға ерекше ден қойғанының нәтижесі екені түсінікті. Яғни, адамның интелектік күші. Қазіргі таңда мұсылмандардың ғылымға қосып жатқан үлесі қаншалықты деген сұрақты қоюдың өзі ыңғайсыздау екенін іштеріңіз сезіп отырған болар. Иә, орта ғасырда ғылым салаларының көпшілігін мұсылмандар қалыптастырды. Бірақ маңыздысы бұл тарихи шындықпен мақтану емес, біз қазір ғылымға қаншалықты маңыз беріп жүрміз, жас ұрпақты ғылымға қаншалықты баулып жүрміз деген сұраққа бас қатыруымыз керек шығар.  Ары қарай кеттік.

E.Q – эмоциялық күш. Бұл да өте маңызды. Қарапайым тілмен айтсақ эмоциялық күш дегеніміз адамның өз сезімдерін бақылап, басқара алуы. Яғни, қай сезімді қай кезде қандай мөлшерде қолдану қажет. Мәселен, біреу жомарт боламын деп ысырапқа жол беріп қоюы мүмкін. Дәл солай салмақты боламын деп қатігездіктің шекарасына өтіп кетуі ықтимал. Адам кейде жұмыстағы қатал образынан кешкісін үйіне келгенде де шыға алмайды. Бұл қате әрине. Жұмыстан келіп үйінің есігін ашқанда ер адам отағасының, мейірімді әкенің образына ене білуі керек. Эмоциялық күші әлсіз, сезімдерін бақылай алмайтын, өзіне сырттан қарай алмайтын адам орынсыз жерде ашуға бой алдырып немесе шамадан тыс мейірімді боламын деп жалтақтыққа аяқ басады. Қоғамда кикілжің тудыратындар көбіне өз эмоциясын басқара алмайтындар екенін білуіміз керек. Енді эмоциямызды қалай дамытамыз, қалай бұл күшке ие боламыз десеңіздер, жауап ретінде Пайғамбар өмірін айтар едік. Алла елшісінің өмірбаянын егжей-тегжейлі зерттеуге талпынсақ біз қай кезде қалай әрекет ету керектігіне жауап табамыз. Мұны Бөлтірік бабамыз жатық тілмен былай деп түйген: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады». Эмоциясын дұрыс пайдалана білген адам даналыққа қол жеткізеді. Сөйтіп соңына адам ерте білетін тұлғаға айнала бастайды. Мұндай қасиет ізгілік нұрыс шашуда таптырмайтын қасиет. Қазіргі таңда мықты компаниялар жетекшілік қызметке E.Q. қасиеті күшті жандарды таңдайды. Себебі олар жүздеген адамды басқарып, оларды соңына ерте алуға қабілетті. 
Енді соңғысына келейік.

S.Q – рухани күш. Мұны шариғи тілмен айтсақ иманның күштілігі дейміз. Яғни, мұсылман адамның сана көкжиегі мына уақытша өмірмен шектелмейді. Ол мына әлемге екі дүние шеңберінде қарайды. Әрбір жасаған жақсылығының ақыретте қарымы болытынын, көрген зәбірінің де ақыретте қайтарылатынына сенеді. Ақыретке сенбеген пенде үшін өлім – ең үлкен трагедия. Ал мұсылман үшін өлім – арғы дүниеге енетін есік іспетті. Ол күндердің күнінде өліп қалып, мына дүниеден қол үземін деп уайым шекпейді. Ол өлім сәтіне дейін мейлінше көп жақсылық жасауға, адамдарға ізіліктің нұрын шашуға тырысып бағады. Рухани күшті дамытудың жолы көп. Ең негізісі – аят, хадистерге ойлы санамен көз жүгірту. Оның әрбірінен өзі нақты өмір сүріп отырған қоғамының мәселесіне шешім іздеу. Одан кейін Исламдағы исәр (альтруизм) ұғымына жете түсінуге әрі оны практикаға асыруға тырысып көру де мұсылманды рухани күшейтеді. Рухтың күштілігі адам сенгісіз ерліктерді жасауға мүмкіндік береді. Әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарттың «Әлемде екі құдіретті күш бар: қылыш пен рух. Соңында, рух қылышты жеңуі тиіс» деген сөзі осыны аңғартса керек. 
Міне, осы төрт қуат көзін қатар дамыту арқылы мұсылман адам өзге мұсылмандардан «жақсылықта жарысуда» оқ бойы озық бола алады. Бірақ хадисте айтылғандай төрт қуат көзін дамытпаған «әлсіз» мұсылманда да қайыр бар. Себебі, аузында Алласы, ақыретке уайымы бар. Мұндай адам жақсылық жасап елді жарылқамаса ең кемі жамандық жасаудан тыйылады. Күшті мұсылман болайық ағайын.

Рауан Чингужанов

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы