Бейсенбі, 05 Сәуір 2018   |   29 рет оқылды

Халифа Омарға тәлім берген қыз

Әдептен асқан байлық жоқ,

кеңестен асқан қорған жоқ

(Хазреті Әли)

Бір күні халифа Омар жол жүреді. Бұл ыстық күндердің бірі еді. Омарды қатты шөл қысады. Жолда нүкерлерін ерткен Омар бір шатырды көріп, кіруге рұқсат сұрайды. Ішке кірген соң, жолдан шөлдеп келгенін айтып, ішетін су сұрайды.

Шатырда жасөспірім қыз бар екен. Ол әбден терлеген әрі қатты шөлдеген Омарды көріп, құмырамен су алып келеді. Әлгі қыз Омарға құмыраны бермей тұрып, оның ішіне аздап сабан тастайды.

Қолына су алған Омар ішіндегі сабан ауызына кіріп кетпесі үшін суды ақырындап ішеді. Шөлін қандырған соң әлгі қыздан:

– Не үшін судың ішіне бірнеше сабан тастадың? – деп сұрайды. Оған жасөспірім қыз:

– Уа, мұсылмандардың әміршісі! Бұлай жасауымның себебі, сенің қатты сусындап келгеніңді көрдім. Сөйтіп, көп су ішіп қойып, бүйрегіңді ауыртып аласың ба деп қорықтым – деп жауап береді.

Әңгімеден алатын ғибрат

Бөтен үйге рұқсат сұрап кіру керек екен. Хазіреті Омар халифа бола тұра далада, көше жиегінде тұрған шағын үйге рұқсат сұрап кірді. Үйге рұқсат сұрап кіру турасында Алла Тағала былай деп әмір еткен:

«Ей, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер.Егер үйде ешкімді таба алмасаңдар, өздеріңе рұқсат бермейінше кірмеңдер. Егер сендерге: қайтыңдар – делінсе онда қайтыңдар. Бұл сендер үшін жақсырақ. Алла не істігендеріңді біледі» («Нұр» сүресі, 27-29-аяттар)

Тақырыпқа қатысты Рабғи ибн Харраш риуаят қылған келесі оқиғада Алла елшісінің (ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға үйге рұқсат сұрап кіру әдептілігін үйретіп жатқанын көреміз:

«Бізге бұл оқиғаны Бәни Амир тайпасының адамы айтты. Ол Алла елшісінің есік алдына келіп, үй ішіндегілерге сәлем берместен, есікті қақпай:

– Күтіп тұрайын ба?–деп айтады.

Алланың елшісі қызметшісіне:

– Оған барып: «Сәлем бер, сосын кірсем рұқсат па? деп рұқсат сұраудың тәртібін үйрет» – дейді.

Әлгі адам солай жасайды:

– Әссаләму ғалейкум! Кірсем болады ма?–деп рұқсат сұрайды. Алланың нәбиі оған рұқсат береді».

Төмендегі Әбу Муса әл-Ашғари жеткізген хадистен де үйге кіру әдебінің тәртібін көреміз:

«Рұқсат сұрау үш рет: егер (кіруге) рұқсат берсе, онда кірсін. Егер рұқсат бермесе, кері қайтсын»(Бұхари, Мүслим)

Екінші ғибрат

Су ішу әдебін үйрендік. Исламдағы тамақтану әдебі бойынша суды асықпай, бөліп ішу – сүннет. Бұл қиссада да хазіреті Омар қатты шөлдеп келіп, қыздың су ішіне сабан тастағанын көрсе де әуелі шөлін қандырды, сосын барып:

– Не үшін судың ішіне бірнеше сабан тастадың? – деп мұнын сырын сұрайды. Оған жасөспірім қыз:

– Уа, мүміндердің әміршісі! Бұлай жасауымның себебі, сенің қатты сусындап келгеніңді көрдім. Сөйтіп, көп су ішіп қойып, бүйрегіңді ауыртып аласың ба деп қорықтым–деп жауап береді.

Бұған қоса пайғамбарымыз да (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақты қомағайланып жеуден қайтарған және суды үзбей, бір деммен ішуді мақұл көрмеген. Алланың елшісіне бір мүшрік келеді. Ол тағамды көп жейтін. Кейін мұсылман болады. Осыдан соң барып, оның шектен тыс тамақ жейтін әдеті сап тиылады. Ол осы жағдайды пайғамбарға келіп, қуана айтады.

Алланың елшісі ( ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Расында Аллаға иман келтірмеген адамның жеті асқазаны бар. Мұсылман, асты бір асқазанмен жейді», – деп айтқан екен.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ философ.ғ.к., дінтанушы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы