Сейсенбі, 19 Мамыр 2015   |   4319 рет оқылды

Келін өнегелі болса, ана парасатты болады

Бұл күндері қарап отырсақ, байлық па, барлық па, мақтаншақтық па, даңғазалық па, есіріктік пе, қалай дерімді білмеймін, титімдей бір-екі жасар қыздардың құлағын тесіп, алтын, тіпті бриллиант тасы бар қымбат сырға салғандарды көріп жүрміз. Осының қажеті қанша? Қазақ қыздың құлағын жеті жасында тескенін айтып өттік. Өйткені жетіге дейін ол қуыршағын ойнап, тұлымшағы желбіреп асыр салып ойнап, балалық дәуренді басынан өткеруге тиісті. Өкініштісі, бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. Қазақ ештеңені жайдан-жай әрі негізсіз істемейтінін мен ылғи да айтып келемін. Өз басым, 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой…» деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс. Баланы ашамайға отырғызғанда жария етіп, дабырлатып өткізетінін айттық. Өйткені ұл бала – болашақта елін-жерін қорғайтын азамат. Сол себепті ертеден-ақ жаужүрек әрі намысшыл болып өсуі керектігін санасына сіңіреді, балаға жауапкершілік жүктейді. Ал қыз баланың құлағын тесуді әжелері мойнына алған. Анығы, бұл – отбасындағы әйел адамдардың, апа-жеңгелерінің бітіретін шаруасы. Қыздың құлағын тескен кезде ауылдың әйелдері, апа-жеңгелері жиналып келіп, шашуын шашып, кішігірім той-томалақ жасайды.
Қыздардың тәрбиесіне қатысты жайды әр сұхбаттарымда міндетті түрде айтып жүремін. «Үнемі қайталап айта береді» деп кейбіреулердің мені кінәлаулары да мүмкін. Бірақ қыз тәрбиесін назардан шығарып алғанымыз жасырын емес. Тәрбие тізгінін босатып алдық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай ашық-шашық киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы