Сейсенбі, 02 Маусым 2015   |   6184 рет оқылды

Ата-ананы сыйлауға байланысты аяттар, хадистер

Аллаһ Тағала Қасиеттi Құран Кәримнiң Исра сүресiнiң 23-24 аятында ата-ананы құрметтеудi бұйырып: "Раббың өзiне ғана ғибадат етулерiң мен әке–шешеге жақсылық қылуларыңды әмiр еттi. Ол екеуiнiң бiрi немесе екеуi де жандарыңда кәрiлiкке жетсе, бiр себептермен оларға "үф” деме! Ол екеуiне зiкiмей, сыпайы сөз сөйле. Ол екеуiне кiшiпейiлдiкпен мәрхамет құшағын жай да: "Раббым! Ол екеуi менi кiшкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды рахметiңе бөлей гөр!”,–де.”, - деген. Бұл айтылғаннан мақсат - баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзiнiң перзенттiк қарызын бiр сәтке де есiнен шығармау. Ислам ата-ана мәртебесiн басқа ешбiр дiнде болмаған дәрежеге көтерiп, оларға тиiстi адамгершiлiк, әдеп-инабаттылықты Аллаһ Тағаланың жалғыздығына иман келтiру iсiнен кейiн екiншi орынға қойған: "Аллаһ Тағалаға құлшылық етiп, құлшылықтарыңда Оған ешнәрсенi ортақ етпеңдер! Әрi ата-анаға жақсылық iстеңдер!” (Ниса сүресi, 36 аят).

1. "Мен Нәбиден (с.ғ.с.): "Аллаһ Тағаланың ең жақсы көретiн амалы қандай?”, – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): "Уақтылы оқылған намаз”, – дедi. Одан кейiн ше? - Ата-анаға жақсылық iстеу. Ал, одан кейiн ше? - Аллаһ Тағала жолында соғысу.

Хадистi Абдуллаһ ибн Масьудтан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Аллаһ Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, ашуы ата-ананың ашуында.”

Хадистi Абдуллаһ ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

3. "Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.): "Я, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кiмге iстеймiн?”, – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): "Анаңа!”, – дедi. Одан кейiн ше? - Анаңа! Ал, одан кейiн ше? - Анаңа! Ал, одан кейiн ше? - Әкеңе. Әкеңнен кейiн жақындық дәрежесiне қарай туысқандарыңа.

Хадистi Әбу Ьасымнан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

4. "Бiр кiсi Ибн Аббасқа (р.л.ғ.) келiп: "Мен бiр әйелге құда түсiп едiм, бiрақ ол маған күйеуге шығуды қаламады. Кейiн оған басқа бiр адам құда түскен едi, ол оған күйеуге шығуды қалады. Мен қызғаныштан әлгi әйелдi өлтiрдiм. Мен үшiн тәубеге келудiң жолы бар ма?”, – дегенде, Ибн Аббас (р.л.ғ.): "Сенiң анаң тiрi ме?”, – деп сұрады.

Жоқ. Онда Аллаһ Тағалаға тәубе етiп, қолыңнан келгенше Оның разылығын алуға тырыс.

Осыдан кейiн әлгi адам кеттi. Мен Ибн Аббасқа (р.л.ғ.): "Одан: "Анаң тiрi ме?”, – деп сұрамадың ба?”, – дегенiмде, ол (р.л.ғ.): "Мен Аллаһ Тағала үшiн анаға жақсылық iстеуден артық амалды бiлмеймiн”, – деп жауап бердi.”

Хадистi Ьата”у ибн Ясардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Әкеге жақсылық iстеу

1. "Пайғамбардан (с.ғ.с.): "Я, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кiмге iстеймiз?”, – деп сұралғанда, Ол (с.ғ.с.): "Анаңа!”, – дедi. Одан кейiн ше? - Анаңа! Ал, одан кейiн ше? - Анаңа! Ал, одан кейiн ше? - Әкеңе!

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Бiр кiсi Нәбиге (с.ғ.с.) келiп: "Маған не бұйырасыз?”, – дедi. Ол (с.ғ.с.): "Анаңа жақсылық iсте”, – дедi. Кейiн қайтып келiп: "Анаңа жақсылық iсте”, – дедi. Кейiн қайта келiп: "Анаңа жақсылық iсте”, – дедi. Кейiн төртiншi рет қайта келгенде: "Әкеңе жақсылық iсте”, – дедi.”

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Зұлымдық еткен болса да ата-анаға жақсылық ету

1. "Қайсы бiр мұсылман таңертең тұрып, ниетi сауап алу үмiтiмен мұсылман болған ата-анасына қызмет ету болса, Аллаһ Тағала оны жәннатқа жақын етедi. Ата-анасының бiреуi ғана тiрi болып, ниетi сауап алу үмiтiмен оған қызмет ету болса да солай. Ата-ананың бiрiн ашуландырған болса, оны қайта разы етпейiнше, Аллаһ Тағала да одан разы болмайды. Сонда: "Ата-ананың өзi қайырымсыз болса да ма?”, – деген сөзге, Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Ата-ананың өзi қайырымсыз болса да”, – деп жауап бердi.”

Хадистi Ибн Аббастан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-анаға жұмсақ сөйлеу

1. "Мен жәрдемге жiберiлген әскерде болғанымда бiр шама күнәға ұрынып, iстегендерiмдi ауыр күнә деген ойда болдым. Iстегенiм жайында Ибн Омарға (р.л.ғ.) айтқанымда, ол: "Ол қандай күнә?”, – дедi. Мен не iстегенiмдi айттым. Сонда Ибн Омар (р.л.ғ.): "Айтқандарың ауыр күнәға жатпайды. Аллаһ Тағалаға серiк қосу, құқық болмаса да кiсi өлтiру, басқалар жауға қарсы шыққан уақытта ұрыстан басын алып қашу, iзгi әйелге жала жауып оны зинақорлықта кiнәлау, пара алу, жетiмдердiң малын жеу, мешiтте дiн бұзарлық iспен айналысу, әлде бiр кiмнiң палшыға барып одан пал ашуды өтiнуi, баланың ибасыздығынан ата-ананың күйiнiп жылауы. Осы жетi нәрсе ауыр күнәға жатады”, – дедi. Осыдан кейiн Ибн Омар (р.л.ғ.) менен: "Сен тозақтан қорқып, жәннатқа кiрудi қалайсың ба?”, – деп сұрады. - Құдай-ақы, әрине! Ата-анаң тiрi ме? - Анам тiрi. Аллаһпен ант етемiн, анаңа жұмсақ сөйлеп, оны бақсаң, онда ауыр күнәдан сақтанғаныңа қарай мiндеттi түрде жәннатқа кiресiң!”

Хадистi Тойсалә ибн Маййастан (р.л.ғ.) (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-ана өсiрiп жеткiзгеннiң қарызы

Бүгiнде кейбiр жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды өздерiнiң перзенттiк борышын өтегендiк деп бiледi. Мұны әке-шешесiн аңыратып, ат iзiн салмай кеткендер мен жалғыз басты қарттарын кәрiлер үйiне тапсыруға дәтi барған жүзiқараларға қарағанда адамшылыққа баласақ та, оның да оңып тұрмаған әрi қате түсiнiк екенi анық. Қартайған шағында ата-ананың баласынан күтерi жалғыз материалдық жәрдем емес, бәлкiм жиi-жиi көрiсiп, жүзбе-жүз отырып әңгiмелесiп, мейiрiн қандыру, олардың сый-құрметiн көрiп, көңiлдерi көншуi, хош болуы. 

1. "Әкесi өсiрiп-жеткiзгеннiң қарызынан перзент ешқашан құтыла алмайды. Оны өсiрiп-жеткiзгеннiң қарызынан, тек құлдықта болған әкесi үшiн құнын төлеп, оны құлдықтан азат еткен жағдайда ғана құтыла алады.”

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Мен әкемнiң былай дегенiн естiдiм. Ол Ибн Омарды (р.л.ғ.) көрген едi. Анасын арқалаған йемендiк бiр адам: "Мiнген түйесi мен ер тоқымы қанша шайқалып, тербетiлсе де, ол анама ешбiр әсер ете алмайды”, – деген мағынадағы сөздi айтып жүрiп Қағбаны тауаф еттi (ғибадат ниетiмен айналды). Кейiн Ибн Омардан (р.л.ғ.): "Ей, Ибн Омар! Қалай ойлайсың мен анамның ақ сүтiнен құтылдым ба?”, – деп сұрады. Ибн Омар (р.л.ғ.): "Жоқ! Ол таң сәрiде босанып жатқан сәтiнде, қиналып бiр рет ыңырсығанынан да құтыла алмадың”, – деп жауап бердi. Осыдан соң Ибн Омар (р.л.ғ.) Қағбаны тауаф етiп Ибраһим ғ.с. мақомының (жатқан орны) жанына келiп екi рәкәғат намаз оқыды. Кейiн: "Ей, Әбу Мұсаның ұлы! Нәфiл намаздың әрбiр екi рәкәғаты одан бұрын iстелген жеңiл күнәларды жуып шаяды”, – дедi.”

Хадистi Шуьбадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

3. "Маруан Әбу һурайраны (р.л.ғ.) Хуләйфаға әкiм етiп тағайындаған едi. Әбу һурайра (р.л.ғ.) онда анасымен бiрге бiр үйде тұрды. Әбу һурайра (р.л.ғ.) бiр шаруамен үйiнен шығудан бұрын анасы жататын бөлменiң есiгiнiң алдына келiп: "Анашым! Сiзге Аллаһ Тағаланың сәлемi, рахметi мен берекетi болсын! Менi тәрбиелеп өсiргенiңiз үшiн Аллаһ Тағала сiздi рахметiне бөлесiн!”, – деп айтатын. Анасы оған (р.л.ғ.): "Қартайған шағымда менi құрметтегенiң үшiн Аллаһ Тағала сенi де рахметiне бөлесiн, балам!”, – деп жауап беретiн. Әбу һурайра (р.л.ғ.) сырттан үйiне кiрерiнде де осы сөздi айтатын.”

Хадистi Әбу Муррадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi. 

4. "Бiр адам ата-анасын жылаған күйде қалдырып, Нәбидiң (с.ғ.с.) алдына һижрат (қоныс аудару) еткенге ант бергелi келедi. Сонда Нәби (с.ғ.с.): "Ата-анаңды жылатқан екенсiң, ендi барып қуандыр (яғни, ата-анаң рұқсат берген жағдайда ғана һижрат етуiң мүмкiн)”, – деп бұйырды.”

Хадистi Абдуллаһ ибн Ьамрден (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

5. "Әбу Мурра (р.л.ғ.) Әбу һурайрамен (р.л.ғ.) бiрге Әл-Ьақиқаға (жер атауы) жол жүрдi. Әл-Ьақиқада Әбу һурайраның (р.л.ғ.) жекеменшiк жерi бар едi. Жерiне жеткен уақытта Әбу һурайра (р.л.ғ.) қатты дауыспен: "Анашым! Сiзге Аллаһ Тағаланың сәлемi, рахметi мен берекетi болсын!”, – дедi. Анасы оған (р.л.ғ.): "Саған да Аллаһ Тағаланың сәлемi, рахметi мен берекетi болсын!”, – деп жауап бердi. Менi тәрбиелеп өсiргенiңiз үшiн Аллаһ Тағала сiздi рахметiне бөлесiн! - Қартайған шағымда менi құрметтегенiң үшiн Аллаһ Тағала саған разы болып рахметiне бөлесiн!

Хадистi Әбу Хазимнен (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Аллаһ Тағала ата-анасына жақсылық iстегеннiң ғұмырын ұзақ етедi

1. "Нәби (с.ғ.с.) (ата-анасына жақсылық етушiнiң ақысына): "Ата-анасына жақсылық етушi қуанышқа бөленсiн! Аллаһ Тағала оның ғұмырын ұзақ етсiн!”, – деп дұға еттi.”

Хадистi Асбағ ибн Әл-Фарәждан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. Маған бiр қылыш ұнаған едi. Мен оны қолыма алып: "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), мұны маған берiңiзшi”, – дедiм. Бұған қатысты: "(Мухаммад (с.ғ.с.) Олар сенен соғыс олжасы жайында сұрайды”, – аяты түсiрiлдi. (Әнфәл сүресi, 1 аят)

3. Мен ауырып жатқанымда маған Мухаммад (с.ғ.с.) келдi. Мен Одан (с.ғ.с.): "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), мен малымды бөлiп үлестiрудi қалаймын. Маған малымның жартысын үлестiрудi ұсынар ма едiңiз?”, – деп сұрағаным-да Ол (с.ғ.с.): "Жоқ!”, – деп жауап бердi. Мен: "Үштен бiрiн ше?”, – дегенiмде, Ол (с.ғ.с.) үндемедi. Осыдан кейiн малдың үштен бiрiн үлестiруге рұқсат етiлдi. Күндердiң күнiнде мен ансарлардың (Мәдиналық сахабалар) бiр тобымен iшiмдiк iштiм. Олардың бiрi бетiме түйенiң жүнiн лақтырды (яғни, масқаралады). Мен Нәбиге (с.ғ.с.) болған оқиғаны айттым. Осыдан кейiн Аллаһ Тағала мас ететiн iшiмдiктiң харамдығы жайында аят түсiрдi.”

Хадистi Ибн Әбул-Уаққастан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

4. "Омар (р.л.ғ.) сатылып жатқан жiбектен тоқылған киiмдi көрiп: "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), мына киiмдi сатып алыңыз. Оны жұма күнi немесе алдыңызға адамдар келгенде киерсiз”, – дедi. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Мұны (яғни, жiбек матадан тiгiлген киiмдi) Ақыретте несiбесi болмаған адам ғана киедi”, – дедi.

Бiршама уақыт өткеннен кейiн бiреулер Нәбиге (с.ғ.с.) жiбек матадан тiгiлген киiм алып келдi. Нәби (с.ғ.с.) ол киiмнiң бiреуiн Омарға (р.л.ғ.) берiп жiбердi. Сонда Омар (р.л.ғ.): "(Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.) Сiздiң жiбек матадан тiгiлген киiмге қатысты сөзiңiзден кейiн мен мұны қалай киемiн?”, – дедi. Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Мен мұны саған кисiн деп емес, сатып пайдасын көрсiн немесе бiреуге берсiн деп берiп жiбердiм.”, – деп жауап бердi. Расулуллаһтың (с.ғ.с.) осы сөзiнен кейiн Омар (р.л.ғ.) ол киiмдi Меккедегi мұсылман болмаған туысына берiп жiбердi.”

Хадистi Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-ананы балағаттамау

1. "Нәби (с.ғ.с.): "Бiреудiң ата-анасын балағаттауы ауыр күнәға жатады”, – дедi. Сонда адамдар: "Бiреу өз ата-анасын қалайша балағаттауы мүмкiн?”, – деп сұрады. Нәби (с.ғ.с.): "Бiреудiң ата-анасын балағаттаған адам өз ата-анасын балағаттаған болады”, – деп жауап бердi.”

Хадистi Мухаммад ибн Кәсирден (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Ата-ананы балағаттау – Аллаһ Тағаланың алдында ауыр күнәға жатады.”

Хадистi Мухаммад ибн Сәләмнан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-ананың дұғасы

1. "Үш түрлi дұға қабыл, оған күмән жоқ. Ол: мазлұмның (зұлымдыққа ұшырағанның), мусафирдiң (жолаушының) және ата-ананың баласына қылған дұғасы.”

Хадистi Муьаз ибн Фадаләдан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Басқа дiнде болған ата-ананың мұсылман болуын тiлеу

1. "Мен анамның Ислам дiнiн қабылдауын қалаған едiм, алайда анам қарсы болды. Қанша айтсам да, анам сөзiме құлақ аспады. Мен Нәбидiң (с.ғ.с.) алдына келiп: "Аллаһ Тағаладан анамның Исламды қабылдауын тiлесеңiз”, – деп өтiнiш бiлдiрген едiм Нәби (с.ғ.с.) дұға еттi. Мен анама барғанымда бөлмесiнiң есiгi жабық екен. Анам: "Ей, Әбу һурайра, мен мұсылман болдым”, – дедi. Мен анамның мұсылман болғанын Нәбиге (с.ғ.с.) хабарлап тағыда: "Аллаһ Тағаладан анамның және менiң ақыма дұға етсеңiз”, – деп өтiндiм. Ол (с.ғ.с.): "Я, Тәңiрiм! Құлың болған Әбу һурайра мен оның анасын адамдардың сүйiспеншiлiгiне бөлей гөр!”, – деп дұға еттi.”

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Дүниеден өткен ата-анаға жақсылық iстеу

1. "Бiз Нәбидiң (с.ғ.с.) жанында тұрғанымызда бiр кiсi: "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), ата-анам қайтыс болғаннан кейiн оларға жақсылық iстеудiң жолы бар ма?”, – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): "Иә, бар. Қайтыс болған ата-анаңа төрт жолмен жақсылық iстесең болады: олар үшiн дұға етiп күнәлары үшiн жарылқау тiлеу, орындай алмай кеткен уәделерiн орындау, достарын құрметтеу, ата-анаңды себепшi етiп олардың туыстарымен қатынасты үзбеу.”

Хадистi Әбу Наьимнен (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Жан тәсiлiм болғаннан кейiн мәйiттiң дәрежесi көтерiледi. Сол уақытта мәйiт: "Я, Раббым, бұл не себептен?”, – деп сұрағанда: "Бұған себепкер балаң. Ол сен үшiн жарылқау тiледi”, – делiнедi.”

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

3. "Түндердiң бiрiнде бiз Әбу һурайрамен (р.л.ғ.) бiрге болдық. Әбу һурайра (р.л.ғ.): "Я, Аллаһ! Әбу һурайраның, оның анасының және ол екеуiне жарылқау тiлегендердiң күнәсiн кешiре гөр!”, – деп дұға еттi. Әбу һурайра (р.л.ғ.) айтқандардың қатарында болу үмiтiмен бiзде Әбу һурайра (р.л.ғ.) мен оның анасына Аллаһ Тағаладан жарылқау тiледiк (яғни, Әбу һурайра (р.л.ғ.) еткендей дұға қылдық).”

Хадистi Мухаммад ибн Сириннен (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

4. "Жан тапсырысымен пенденiң барлық амалы тоқтап, тек үш амал өз жалғасын табады. Ол: жәрия садақа, үйреткен пайдалы бiлiм және артта қалған iзгi ұрпақтың дұғасы.”

Хадистi Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

5. "Бiр кiсi Пайғамбардан (с.ғ.с.): "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Менiң анам қайтыс болды. Алайда ешнәрсенi өсиет етпедi. Анамның атынан садақа берсем пайдасы бола ма?”, – деп сұрағанда Ол (с.ғ.с.): "Иә, болады”, – дедi.”

Хадистi Ибн Аббастан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Әкенiң достарын құрметтеу

1. "Бiрде Ибн Омар (р.л.ғ.) сапарда болғанында бiр бәдәуимен (бәдәуи – шөл дала тұрғыны) кездестi. Ол кiсiнiң әкесi Омардың (р.л.ғ.) досы болған едi. Ибн Омар (р.л.ғ.) әлгi кiсiден: "Сен пәленшенiң ұлы емессiң бе?”, – деп сұрағанда ол: "Иә”, – деп жауап бередi. Сонда Ибн Омар (р.л.ғ.) әлгi кiсiнi өз есегiне мiнгiзiп басындағы сәлдесiн шешiп бердi. Ибн Омардың (р.л.ғ.) жанындағылардың кейбiрi: "Оған дирһам сыйласаң да болатын едi”, – дейдi.

- Нәби (с.ғ.с.): "Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасыңды үзбе. Әкеңнiң достарымен қарым-қатынасты үзер болсаң, Аллаһ Тағала нұрыңды кетiредi”, – деген.”

Хадистi Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Тақуалық құлықтың ең абзалы – бала әкесiнiң достарымен қарым-қатынасын үзбеуi.”

Хадистi Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Достық - ұрпақтан ұрпаққа өтетiн мирас

1. "Расулуллаһтың (с.ғ.с.): "Достық - ұрпақтан ұрпаққа өтетiн мирас”, – дегенi сен үшiн жеткiлiктi емес пе?”

Хадистi Башар ибн Мухаммадтан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Баласы әкесiн атымен атамайды, одан бұрын отырмайды және жолын кеспейдi 

1. "Әбу һурайра (р.л.ғ.) екi адамды көрiп, бiреуiне: "Бұл кiсi саған кiм болады”, – дедi. - Бұл - менiң әкем. Әкеңдi атымен атама, жолын кеспе және одан бұрын отырма.

Хадистi Әбу Ар-Рабиьтен (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Әкенi лақап атымен атау

1. "Бiз Ибн Омармен (р.л.ғ.) бiрге болғанымызда Сәлим оған (р.л.ғ.): "Ей, Абдур-Рохманның әкесi! Намаз оқимыз”, – дедi.”

Хадистi Шаһр ибн Хаушабтан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Шариғатқа қайшы келетiн iсте ата-анаға мойынсынбау

Ата-ана да адам, сондықтан олардың қателесетiн, жаңылысатын, ағаттық жiберетiн кездерi болады. Мысалы, дiннен хабары болмау себебiнен ата-анасы баласынан шариғатқа қайшы келетiн нәрселердi талап етуi мүмкiн. Мұндай жағдайда шариғат дiн талабын үстем тұтуды рұқсат етедi. Мұндай жағдайда әдептi кiсi зiркiлдеп, дауыс көтерiп шыға келмейдi. Керiсiнше, ата-ананың бiлместiктен iстеген iсi, айтқан сөзi жанына қатты батса да, сабiр етiп, өзiн-өзi басады, ата–ананың қасиеттi мәртебесiн, өзiн дүниеге әкелiп, зор мехнатпен әлпештеп өсiргенiн есiне түсiрiп, кешiрiмдi болады.

1. "Итағаттылық тек Аллаһ Тағаланы разы ететiн нәрседе болуы тиiс!"

Хадистi Имам Әбу Дауд риуаят еттi.

2. "Жаратушысына қарсы келу iсiнде мақұлыққа итағаттылық етiлмейдi!”

Хадистi Имам Тирмизи риуаят еттi.

Ата-ананы қадiрлемеу – ауыр күнә

Ата-анаға не iстесең, алдыңа сол қайтады. "Әкесiн сыйламағанды, баласы сыйламайды”, - деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездiк жасаған адам дүниедегi ең күнәсi көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы мейiрiмiмен, жақсылықпен өтелмек. Мұны әрбiр жан өзiнiң адамдық мiндетi деп бiлуi керек. Ата-ананың сөзiн құлаққа iлмеген, олардың төрдегi басын есiкке сүйреген баланы халық жетесiз дейдi. Ендеше жетесiз болудан аулақ болу да әрбiрiмiздiң бойымызда табылуға тиiстi қасиет.

1. "Расулуллаһ (с.ғ.с.) үш қайтара: "Сендерге ауыр күнәлардың iшiндегi ең ауыры қандай күнә екенiн айтайын ба?”, – деп сұрағанда, адамдар: "Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), айтыңыз”, – дедi.

- Аллаһ Тағалаға серiк қосу және ата-ананы қадiрлемеу.

Хадистi Мусаддадтан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Муғауийа Әл-Муғираға (р.л.ғ.): "Маған Расулуллаһтан (с.ғ.с.) не естiгенiңдi жазып жiбер”, – деп хат жазған едi. Әл-Муғира Муғауийаға (р.л.ғ.) беретiн жауабын маған айтқан уақытта, мен оны өз қолыммен жазып тұрдым: "Мен Расулуллаһтың (с.ғ.с.): орынсыз артық сұрақ беруден, малды ысырап етуден (шашудан) және "былай делiнген-дi”, "пәленше былай дептi” деген (өсек сөзге еруден) қайтарғанын естiдiм.”

Хадистi Мухаммад ибн Сәләмнан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-ананы қадiрлемеудiң жазасы

1. "Осы дүниеде жазасын кешiктiрмей көруiне себеп болатын және Ақыретте қатты азапқа душар ететiн азғындық пен туған-туысқанмен қатынасты үзуден басқа лайық күнә жоқ.”

Хадистi Абдуллаһ ибн Язидтен (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

2. "Расулуллаһтың (с.ғ.с.): "Сендер зинақорлық, iшiмдiк iшу мен ұрлық жайында не деп айтар едiңдер?”, – деген сұрағына бiз: "Оны бiзден гөрi Аллаһ Тағала мен Оның Елшiсi (с.ғ.с.) артық бiледi”, – деп жауап бердiк.

Мұның барлығы азғындық. Әрi олардың нәтижесi ауыр жазаға алып барады. Ауыр күнәлардың iшiндегi ең ауыры қандай күнә екенiн сендерге айтайын ба? Ол: Аллаһ Тағалаға серiк қосу және ата-ананы қадiрлемеу.”

Бұл сөздi айтқанда Расулуллаһ (с.ғ.с.) арқасын сүйеп отырған болатын. Кейiн бiршама уақыт әзiрлене отырып: "Әрi жалғандық”, – дедi.”

Хадистi Әл-Хасан ибн Башардан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Ата-ана көз жасын төгуiнен сақтану 

1. "Ата-ананы құрметтемей жылатудан және үлкен күнәлардан сақтаныңдар!”

Хадистi Мусадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят еттi.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы