Сейсенбі, 11 Тамыз 2015   |   8492 рет оқылды

Отбасындағы жауапкершілікті сезіну

 

 

 

Жауапкершілік – дін ережелеріне сай міндеттелген, орындалуы мақұлданған, қайырлы әрі ізгі қасиет болып табылады. Бұл анықтамаға сәйкес жауапкершілік екі түрге бөлінеді. Біріншісі, дін бойынша адамға парыз етілген, яғни орындалуы міндетті болып келеді. Мұны орындамаған жағдайда оның азабы мен нәтижесі қиын соғады. Бұған мысал ретінде намаз, ораза, зекет т.б. атауға болады.

Жауапкершіліктің екінші түріне дін бойынша парыз етілмеген, бірақ жасаса пайдасы мол, яғни жасалуы құпталған іс-әрекеттер мен нәпіл амалдар жатады. Бұларды жасағанның сауабы мол болып, оны орындаудың өзі адамды Алла тағаланың алдында биіктете түседі. Ал мұны орындамау құлшылық амалындағы кемшіліктердің қатарын толықтырады. Нәпіл намаздар, кедейлерге берілген пітір-садақалар, адамдарға көрсеткен жақсылықтар және айналаға көркем мінез-құлықпен қарым-қатынас жасау т.б.

Өзге бір көзқарас бойынша жауапкершіліктің тағы бір қыры бар. Мәселен, жауапкершіліктің тек Алла разылығына ие болуы үшін жасалғаны және кейбір адамдарға, отбасыға немесе тек мешітке жасаған түрлері де болады. Бұған сай жауапкершілік иләһи, адамдар арасында, отбасында және қоғам алдында дегендей түрлерге бөлінеді. Отбасындағы жауапкершілікке келсек, жанұя өмірі – қоғамдық болмыстың өзегі. Отбасы мүшелері ер мен әйелден және олардан тарайтын бала-шағадан тұрады. Отбасын құрайтын әрбір кісінің өз жауапкершілігі, өз орны болады.

1. Отағасының басты жауапкершілігі: әйелімен жақсы қарым-қатынаста болу, оны қорғау, қажетті материалдық жағдаймен қамтамасыз ету, жарына сеніммен қарау. Бір хадис шәріпте «Араларыңдағы ең қайырлыларың – әйеліне жақсы қарағандарың» делінген. Әйелдің басты жауапкершілігі мынадай: күйеуінің дінге сай әмірлеріне мойынсұну, оның намысы мен абыройына сызат түсірмеу, барға қанағат ету, ысыраптан аулақ болу. Бақытты отбасын құрудың басты қағидалары осылар.

2. Бала-шағаның ата-анасы алдындағы жауапкершілігі мен міндеті мыналар: оларға құрмет көрсетіп, бағыну. Өзін ұзақ жылдар бойы мейіріммен бағып-қаққан ата-анаға баласының «түһ» деп кейіс білдіруінің өзі үлкен күнә. Ата-анасына қарамаған, олардың дінге сай келетін әмірлеріне мойынсұнбаған, қажет кезінде оларға көмек қолын созбаған кез-келген кісі қайырлы ұрпақ өсіру бақытына жете алмайды. Мұндай кісі қоғамда да абыройдан айрылып, ең соңында Алла тағаланың алдында жауап беретін болады.

3. Ата-ананың бала-шағасы алдындағы жауапкершілігі мен міндеті: ұл-қыздарын шамасы келгенше бағып-баптау, оларға тәрбие беру және оқытып, табыс табатын жолға түсіру. Әке мен шеше бала-шағасы алдында бірдей жауапты. Мейірімге бөлеу мен бағуда балалардың арасын бөліп-жармауы тиіс. Ата-ана бала-шағасына мейлінше жұмсақ болуға, өздеріне қарсы шықпайтындай етіп жақсы тәлім-тәрбие беруге және өздері де оларға үлгі болуы тиіс.

4. Бауырлардың басты жауапкершілігі: бір-бірін жақсы көру, қажетті жағдайда өзара көмек көрсетуге асығу, бір-біріне құрметпен қарау. Бауырлардың арасында көзге көрінбейтін қуатты бір байланыс болады. Бауырлар бұл байланысты үнемі сақтауы тиіс. Бауырлар арасындағы үлкені кішілеріне әрдайым әке-шеше секілді құрметті болуы қажет. Дүние-мүлік немесе өзге де материалдық себептерге байланысты ара-қатынасы суыған бауырлар рухани үлгілі адам қатарына жатпайды. Үйдегі қызметшілер де отбасы мүшелеріне жатады. Оларға да құрмет көрсетілуі тиіс. Шамасы келмейтін жұмысты оларға міндеттеуге болмайды.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы