Бейсенбі, 05 Сәуір 2018   |   84 рет оқылды

Балаңызды дінмен қорқытпаңыз

Қасиетті Құранда: «Алла құлдарына өте шарапатты. Қалағанына (қалағанынша) ризық береді. Ол – шексіз күш-қуат иесі, бәрінен үстем һәм құдіретті»,- делінген.

Бәріміз дерлік Жаратушының мейірімді екенін білеміз. Алайда біздің кішкентай балаларымыз не ойлайды екен? Бала тәрбиесіндегі ең үлкен жауапкершілік анасына жүктелгендіктен, ананың айтқан сөздері, жасаған амалдары мен әдеттерінің барлығы кішкентай баланың қылықтарынан көрініс табары анық. Жастайынан Алла тағаланы танып өсуіне анасы жәрдем беруі қажет. Рақымды болған Раббымыз біздерге баланы сеніп тапсырғандықтан, балаға Өзі жайында қандай түсінік қалыптастырғанымызды да сөзсіз сұрайды.

Балаңыз Алла Тағаланы қандай деп білетіні жайында ой жүгіртіп көріңіз. Жаратушының құлдарына деген сүйіспеншілігі жайлы қаншалықты жиі айтып отырасыз? Өзін Алла Тағаланың жақсы көретініне балаңыз сенімді ме? Бәлкім, сізге бәрі жақсы болып көрінуі мүмкін, өйткені кезінде балаңызға бұл жайында аз-маз мәлімет берген болатынсыз. Алайда, құры сөзден гөрі, тәжірибеде жүзеге асыру өте маңызды. Өкінішке орай, ата-аналардың бұл мәселеде балаға көңіл бөлуі ақсап қалып жатыр.

Баланы тәрбиелеу мақсатында оларды дінмен қорқытудан аулақ болу бәлкім, қиын болар. Себебі, ғасырлар бойғы бала тәрбиесіне сіңіп кеткен қарапайым әрі оңай тәсіл – қорқыту. Балаларды қорқытуға ат салысып келе жатқан дәстүрлі кейіпкерлердің басым көпшілігі аңыз кейіпкерлері. «Көзіңді жұм, әйтпесе жалмауыз кемпір алып кетеді» немесе «Әкеңнен таяқ жейсің» деген сөздермен қорқытатыны баршамызға белгілі. Ал кейбір отбасылар: «Алла сені тозаққа жібереді, ауру береді» деген секілді сөздермен баланы қорқыту тәсілін қолданады. Діннен хабары бар ата-аналар, баласын тіпті Алла Тағаламен қорқытып жатады.

Енді қараңыз, бірде бір қорқыту әдісін психолог ғалымдар нәтижелі әрі тиімді деп таппаған. Мұндай тәсілдің қайсысы болмасын, нәтиже берген болып көрінгенімен, аз уақыт ішінде күшін жояды да, керісінше, зияны ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Атап айтқанда, балаңыз беймаза, жасқаншақ, шектен тыс секемшіл болады, кез келген нәрседен қорқатын болады. Әсіресе, қорқытушы құрал ретінде пайдаланған дүниеңіз балаңыздың түсінігінде жақсы нәрсе болып қалыптаса алмайды. Егер сіз оны әкесімен қорқытар болсаңыз, онда күйеуіңіз үйде болған кезде бала өзін қауіпсіз сезіне алмайтын күйге түседі.

Ендеше, баланы дінмен немесе Алла Тағаламен қорқытудың қандай нәтиже беретінін ойлай беріңіз. Жас сәбидің санасында Рахман әрі Рақымды Жаратушымыз қандай сипатта қалыптасады? Олай болса, ең алдымен, балаңыздың түсінігіндегі Алла үрей мен қорқыныш жеткізуші емес, шексіз махаббат пен қуаныштың жаршысы болып қалыптасуы үшін барыңызды салыңыз. Содан кейін барып, ержете келе Алланың алдындағы міндеттерінің дәрежесі мен құндылығы жайлы түсіндіріп бересіз.

Өз тәжірибемнен кеңестер

Отбасымызда қандай қуанышты жағдай болмасын, «Алланың мейірімділігінен осылай қуанып отырмыз, өйткені Ол бізді қатты жақсы көреді» деп айтып отырамын. Бір қиыншылық келе қалса, дұға жасауға шақырамын, «Алла бізге жәрдем береді, дұға жасайық, өйткені Ол бізді жақсы көреді ғой» деймін.

«Олай істеме, Алла сені жазалайды» дегеннің орнына «Егер сен мынаны, мынаны жасамайтын болсаң, Алла Тағала саған разы болады» деп қолданамын.

Өзге адамдардың теріс қылықтарына баға берерде: «Ондай адамдарды немесе ондай әрекетті жасайтындарды Алла ұнатпайды» деп айтып өтемін.

Ұйықтатар кезде: «Сені анаң жақсы көреді, әкең жақсы көреді, Алла жақсы көреді, інің жақсы көреді, атаң жақсы көреді, Алла жақсы көреді, апаң жақсы көреді» деп әндетемін, осылайша барлық туған-туыстарды «Алла жақсы көреді» сөйлемін араластыра отырып айтып шығамын.

Балаларын кішкентай кезінен қорқытып келген аналар сәбиінің жан дүниесінде не жатқанын біле алмайды, себебі олар анасын қорқытушы адам ретінде қабылдап алғандықтан,  аналарынан жәрдем сұрауға да қорқады, жасқанады. Егер тәртіп бұзар болса, қателік жасар болса қандай жаза алатынын көз алдына елестеткен олар, үнсіз қорқынышта жүретін болады. Олар тіпті, Алла Тағаланың мейірім иесі екенін де білмей өседі.

Уақыт өте келе ондай балалардың Алла Тағаланың Рахман әрі Рақымды деген секілді көркем есімдерін түсінуі қиынға соғады. Құранда:

«Аяттарымызға иман келтіргендер алдыңа келген кезде: «Сендерге бейбітшілік, есендік тілеймін»,- деп айт. Раббыларың рақымдылық танытуды өзіне лайық қасиет һәм Өзінің басты ұстанымы қылды. Араларыңнан кімде-кім білместікпен қандай да бір жамандық істеп, кейін сол ісіне өкініп тәубеге келсе һәм түзелсе, шүбәсіз, Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді»,- делінген.

Балаңызға «Алла сенің жазаңды береді» дей тұра, сіз, жалған сөйлеген боласыз. Оны сіз біле алмайсыз. Өйткені Раббымыз рақымдылықты өзіне басты ұстаным қылды. Тамақты тауыспағаныңыз үшін қанша рет жазаландыңыз? Киімдерді шашқан үшін ше? Тіпті, өзіміз жазалануға лайық қаншама күнәлі істер жасасақ та Раббымыз рақымшылық танытты емес пе?! Ендеше, бауыр ет баламыздан Оның рақымын неге қызғанамыз? Баламыз қабырғаға сурет салып, шимайлауын қоймаса да, Алланың мейірімі шексіз, ал сіздің ше? Балаңызды дінмен қорқытпаңыз.    

 muftyat.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы