Бейсенбі, 05 Сәуір 2018   |   149 рет оқылды

Әкенің ұлының бойына сіңіруі тиіс 3 қасиет

Баланы тәрбиелеудің, тағылым берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкентай балалар үшін бұл қасиеттердің орны айырықша екенін ұғынғанымыз жөн. Кез келген жеткіншек ата-ана махаббатына қашан да шөлдеп, шөліркеп тұрады. Олар тек сүйіспеншілікпен ғана өсіп-жетіледі, есейеді, дұрыс жолға түседі. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді, әрдайым іздеп тұрады. Оны ренжіткісі келмей, мейірімі мен сүйіспеншілігінен ажырап қалмау үшін айтқандарын екі етпей орындауға тырысады. Тіпті, өзі жақсы көрген кісіге еліктеп, ұқсағысы келеді. Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне аса бір сыни көзбен қараған. Бала оң-солын тани бастасымен ата-ананың, достарының, араласатын ортасына қарап жеке тұлға қалыптасады. Ананың аялы алақанымен қатар, әкенің де бала тәрбиесіне аса зор ықыласпен, айрықша ынта-жігерменат салысу керек. «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» демекші, ер бала әкесінің іс-әрекеті, мінез-құлқына қарап еліктей бастайды. Сондықтан, мейлінше уақыт тауып, сәби кезінде түрлі ойындарды бірге ойнап, есейгенде баланың ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, сырласар жақын досы бола білген жөн.  

Сенімділік

Баршаға белгілі хадисте әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман жақсырақ делінген. Көп жағдайдалар адамның өзіне, өз күшіне сенімділігіне байланысты болады. Балаңызды дінінде сенімді етіп тәрбиелеңіз, кез келген уақытта әрі жағдайда шариғат міндеттерін тұрақты әрі жасқанбай орындайтындай болсын. Арамызда жұмыс орынын сөгіс естіп қалудан қорқып намаздарын қаза етіп жүрген адамдар қаншама. Кейбіріміз тіпті шариғаттың міндеттерін мүлде орындамаймыз. Мұның барлығы сенімділіктің жоқтығының нәтижесі. Жаратушының құлы бола тұра адамдардың емес, Раббымыздың разылығына ұмтылуымыз қажет. Баланың бойына сенімділік қасиетін сіңірудің әрі адамның емес, бірінші кезекте Алланың разылығы тұру керектігін үйретудің маңызы зор. Ол үшін алдымен, өзімізден бастағанымыз дұрыс. Егер балалар бізден адамдарға ұнау үшін жасалған екіжүзділікті байқар болса, олардың тәрбиесіне айтарлықтай із қалдырып кетуі ықтимал.  

Жауапкершілік

Өзің ұшыраған сәтсіздіктерге өзгені кінәлау – бақытсыз ғұмырға басылған дұрыс қадам. Ата- ана ретіндегі біздің міндетіміз бала кезден істеген ісіне жауап беруге үйрету. Алла Тағала Құранда:

«Алланың алдында есеп беру аяқталып, іс тамам болғаннан кейін шайтан оларға: «Алла сендерге шынымен болатын нәрсені уәде еткен еді. Мен де сендерге өзімше уәде бердім, алайда, уәдемнен тайқыдым. Әйтсе де, менің сендерге қалағанымды істете алатын пәрменім жоқ болатын. Мен бар болғаны сендерді шақырдым, ал сендер менің азғырғаныма ердіңдер. Ендеше, мені жазғырмаңдар, өздеріңді жазғырыңдар. Ал енді бүгін мен де сендерді құтқара алмаймын, сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Сондай-ақ, бұдан бұрын мені Аллаға серік етіп қосқандарыңды да мойындамадым»,-деп айтады». (14:22).

Егер балаңызды өзіне-өзі сенуге әрі жасаған істеріне жауап бере білуге үйретер болсаңыз, болашағынан зор үміт күтетін ұрпақ тәрбиелеген боласыз. Балаңызды жауапкершілігі бар деп санап, аздаған мәселелерді жауапкершілігіне алып, өзінің шешуіне мүмкіндік беріңіз. Қателессе де, сабақ алатынын естен шығармаңыз.

Оптимизм

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Алла Тағала: «Пендем Мен жайында қалай ойласа сондаймын. Ол Мені еске алуын тоқтатпайынша Мен онымен бірге боламын. Егер ол Мені жалғыз еске алса, Мен де оны жалғыз еске аламын; егер ол Мені көпшіліктің арасында еске алса, Мен де оны ол отырған жиыннан да құрметтірек жиынның (періштелердің) ішінде еске аламын; ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір кез жақындаймын; егер ол Маған бір кез жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын; пендем Маған қарай жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін»,- деген,- деп айтқан. Жаратушы жайлы жақсы ойда болу, сенім мен үміт өмірге ең қажетті қасиеттер. Адам баласы өзінің ойы арқылы сезімін әрі көңіл-күйін басқара алады. Сондықтан да баламызды тек жақсылыққа үміт етуге, кез келген мәселеде жақсы ойда болуға үйретуіміз керек. Алла Тағала Құранда бірнеше рет Өзінен тек жақсылық күту керектігін айтады. Және де ізгі ниетпен, үкілі үмітпен дұға етуді бұйырады. Бұл адам баласы күнәлі іс жасаған соң өкініш пен қайғыға батып кетпей, мәселенің шешімін тауып, Жаратқанның рақымынан үміт үзбеуге үйрететін жақсы қасиет.

Жаратушы Хақ Тағала баршамызға ерік-жігері мықты салихалы ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп етсін! Әмин!

muftyat.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы