Жексенбі, 22 Наурыз 2015   |   7308 рет оқылды

Қайырымдылық - қадірлі іс

Қабылбек Жұмабеков,
ҚМДБ-ның Жезқазған аймағы бойынша өкілі

«Алланың жолында не жұмсасаңдар да,
Алла тағала міндетті түрде
оның орнын толтырады».
(«Сәбә» сүресі, 39-аят)

Әлемді жоқтан бар еткен Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қайырымдылық - көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін, адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), Екіншісі — іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу).

Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты - мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайыр садақа берумен де көрініс табады.

Бұдан тыс, Алла тағала әлем сұлулығын тамашалау үшін әке-шеше қуанышын, бала-шағаның жүзін көре алу үшін көзді берді. Сіздер мен біздер әдеттегіндей әр күні таңда тұрып көз ашқанда барлық нәрсені көріп, әрбір сөзді есіте береміз, қалаған нәрсені ойлап-ойламай сөйлей береміз. Орынымыздан ыршып тұрып, қаншама қашықтықты жүреміз, осы нығметтердің қаншалықты ұлы екенін ойлап та көрмейміз. Адамзат әр нәрсенің нығметін, өкінішке орай кем ойлайды. Адам баласы опасыз боп келеді. Раббысының нығметтеріне шүкіршілік жасамайды, сол нығметтерден айырылғанда ғана Алла тағаланы еске алады. Қартайып көзі жақсы көрмей қалған атадан немесе анадан, яки туылғаннан көр болып туылған адамнан көздің қандай нығмет екенін сұра"! Бір сөз айтсаңыз "Не дедің?" деп құлағын тосқан керең адамнан құлақ нығметінің қаншалықты керек екенін сұра! Саған дертін түсіндіре алмай, қызарып тұрған сақаудан тіл нығметінің қадірін сұрап біл және аяқ-қол, ішкі мүшелердің жұмыс істеуі. Әрқайсысы бір нығмет. Бұлардың әрқайсысына шүкір ету қажет. Деміңіз қысылып, жүрегіңіз ойнап, бауырыңыз ауырып, өкпеңіз шаншып тұрса, тамақ жесеңіз қорытылмаса, қорытылған нәрсе шықпай тұрса, қандай күйге түсесіз ойлап көріңіз! Сондай-ақ қол жеткізген жетістіктер, абырой-атақ, мал-дүние, бала-шаға, мұрат мақсатқа жету, бәле-жала, кездейсоқ қауіп-қатерден аулақ жүрудің бәрі-бәрі Алланың нығметтері. Алла ескерткеніндей санап санағына жету қиын. Шүкір айту үшін адам ынсапты, иманды болу керек. Сонда инша Алла шүкірімізді қабыл етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бес нәрседен алдын бес нәрсенің қадірін біл. Олар: өлімнен алдын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, зағиптықтан бұрын жастықтың, кембағалшылықтан бұрын байлықтың қадірін біл", - деген. Міне, осы жалған дүниенің «қамшының сабындай» қысқа ғұмырында  Алла тағаланың беріп жатқан сансыз нығметтеріне шүкір етіп, сауапты амалдарымызды арттырғанымыз абзал.

Кедейліктен қорқып сараң болмайық. Өйткені бұл бізге садақа бергізбеу үшін шайтанның азғыруы болып табылады. Мұндай қорқынышпен күресу үшін илаһи жомарттық пен рақымдылықты еске алайық. Дұрыс ақылдың белгісі – шайтанның арбауынан гөрі Алланың уәделеріне дең қою болып табылады. Діни көзқараста ақылды адам – өзінің немесе басқалардың нәпсіқұмарлығына еретін емес, қайта Аллаға бағынатын адам.

  Құран Кәрімде Алла тағала:

﴿لَّيْسَ عَلَيْكَ هُدَاهُمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ يَهْدِي مَن يَشَاءُ ۗ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَلِأَنفُسِكُمْ ۚ وَمَا تُنفِقُونَ إِلَّا ابْتِغَاءَ وَجْهِ اللَّهِ ۚ وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْ لَا تُظْلَمُونَ ٢٧٢﴾

 «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады.Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)»[1] .

Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Бұл жайында қазақ халқының салт-дәстүрінің сонау белестерінде де көптеп айтылған.

Қайырымдылық жасасаң,

Қайырын өзің көресің, -  демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен. Шағырай шешен өз кезегінде:

Өзін ғана ойлаған,

Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.

Үлгілі сөз білмеген,

Надандықтың белгісі.

Бар-жоғына қарамас,

Анық жомарт, ер кісі.

Осы өлең жолдарымен адам санасына жомарттықтың қандай екенін жеткізген. Қоғамда да  күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің  мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – дегенін  ұмытпайық. Бес күндік пәни дүниеде қайырлы іс жасап, көп балалы отбасына, балалар үйіне, қарттар үйіне аса көңіл бөлейік.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулыдан өзіне көрсетілген қызмет емес, керісінше өзінің адамзатқа тигізер жәрдемі мен қызметі болатын. Сондықтан да болар, қолына не нәрсе түссе де, мұң-мұқтажға таратып беріп, өзі кимесе де өзгені киіндіріп, өзі ішпесе де өзгеге ішкізіп, қарамағындағы адамдардың сәл де болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептейтін.

Бұл жолы да қолына келіп қалған дүниені зәру жұртқа таратып бермек ниетпен ел арасына шабармандар жіберді. Мәдина көшелерімен жолға түскен шабармандар: – Уа, халайық!- деп жар салысты, – Алланың ардақты пайғамбары Мұхаммед мешіт алдында мұқтаж адамдарды күтуде. Күнкөріс тапшылығын тартқандар мен өте кедей көмекке зәру жандар өз үлестеріне тиген көмекті алсын. Ешкім де бұл көмектен мақұрым қалмасын!

Сәлден кейін-ақ мешіт алдына көп бейнет көріп, тұрмыстың қыжалатын тартқан, көмекке зәру жандар жиналды. Бірақ олар бұл жолы тым көңілді. Өйткені біріне тартсаң біріне жетпей, зарығып келе жатқан үйге керекті заттардың, ең болмаса, біршамасына қол жеткізу мүмкіндігі туып тұрған еді.

Расында да, өздері ойлағандай болды. Пайғамбарымыз келген жұртты жалпылама бір шолып шығып, қолда бар затты бәріне бірдей ғып үлестіре бастады. Бұл іске іштей өзінің де қуанышты екендігін елге ерекше бір жылы жүзбен қарап, күлімсіреуімен аңғартты. Иә, ол қуанышты болатын. Өйткені, ол үшін өмірдегі ең үлкен қуаныш – басқалардың қажетіне жарау, қиналғандарға қол ұшын беру, халыққа қалтқысыз қызмет ету. Ал мына сәт – сол бір тәтті қуанышқа кенелген, халықтың игілігіне жарап, барынша қызмет көрсеткен, жарлы-жақыбайлардың мұң-мұқтажын елеп, шамасы жеткенше қол ұшын созған сондай бір қимас сәт. Ақыр соңында, қолындағы дүниелер де таусылды. Кедей-кепшіктердің де аяғы саябырсыды. Дәметіп кеп, дәнемеге қол жеткізе алмай қалған ешкім болған жоқ. Демек, ішкі есептің дұрыс шыққандығы.

Бірақ сол мезет сонадай жерден өзіне қарай асыға ентігіп жүгіріп келе жатқан бір бәдәуи қартты көзі шалды. Қарсы алдына келіп, аз демін алғаннан кейін бәдәуи былай деп тіл қатты: – Сіз көмек таратып жатыр дегенді естіп жүгіре жеткенімше үлгермегенімді қарашы?! Менің-ақ, әйтеуір, ісім өмірі өрге басып, жолым болып көрген емес.. Әлгі кедей байғұс онсыз да тағдырдың өзін өмірі кисе киімге, ішсе асқа жарытпағаны аздай, енді бұдан да дымсыз қалғанына налығандай кейіпте болатын. Айтуына қарағанда, керекті қыжалаты да біршама көрінеді. Тым құрыса, осы бір мүмкіндікті жіберіп алмайыншы деп, ести сала екі өкпесін қолына алып жүгіріп келген беті екен. Қолына ештеңе тимей, сан соғып қалғаны кедей жанына қатты батты.

Әлгі байғұстан:- Зәру затың көп пе еді?- деп сұралғанда үміт ұшқыны қайта қылаң бергендей болды. Санай бастады… Расында да, көмекке қолы жетсе, біразынан құтылып, көңілі бір жұбанып қалғандай екен. Айтқандарының бәрі де күнделікті тұрмыс үшін ауадай қажетті заттар болатын. Алайда, қамкөңіл Пайғамбарымыз аз ғана уақыт бұрын қолындағы бар дүниенің бәрін келген жұртқа бірін де қалдырмастан сол күйі түгелімен таратып бергендіктен, дәл қазір қолында бір тиын да қалмаған еді. Енді не болмақ?!

Пайғамбарымыз іштей терең тебіреніп, қатты аяушылық білдіріп, пақыр бәдәуи жүзіне мейіріммен көз тастады. Сөйткенше болмай, күтпеген жерден оқыс шешім айтты: – Қамықпа, қажетті затыңның бәрін де аласың!
- Қалайша?- деп сұрады көзі шарасынан шыға таңғалған кедей байғұс. Пайғамбарымыз болса, бұл жолы әр сөзін нықтап, анық-анық айтты: Қазір осы тұрған бойда қаланың ішіне бар. Қай жерден керекті затыңды көрсең, өзіңе ал да, сатушысына: “Мына затыңды мен алам, ал ақшасын Алла елшісі Мұхаммедтің өзі төлейді. Қалағанымды бер!”-дегейсің. Пайғамбарымыз беретін ақшасы болмаған кезде осылайша кедей-кепшіктердің мұң-мұқтажын өтеп беруді өз мойнына алатын. Тіпті ол үшін өзінің қарызданғандығын да елемейтін. Әйтеуір, ретін тауып төлермін деген оймен оларға деген көмегін еш аяған емес. Адам баласына деген қызметті оның қашанда бірінші орынға қоятыны осыдан-ақ байқалатын еді. Әлгі бейбақ мұны ести сала, қуанышы қойнына сыймастан қала ішіндегі базарға бет алды. Бір жағынан, өзіне керекті алатын нәрселерін де ойша елестетіп бара жатқан күйде еді.
Бұл жайдың куәсі болған Омар (р.а.) мұншалықты жанашырлық пен мейірбандықтың көрсетілгенін іштей аса құптамады. Ақыры, өзін іштей мазалаған ол ойын айтпай да тұра алмады: Иә, Расулаллаһ! Сіз шама-шарқыңыз жететін нәрсеге ғана жауапты емессіз бе?! Қолыңыздағы дүниенің бәрін жұртқа түгін қалдырмай таратып бердіңіз. Мейлі ғой, бар болса берерсіз, жоқ болса, өзіңізді белшеден қарызға батырып, біреуді жарылқаудың не керегі бар еді?! Бұл артықтау болды-ау деймін! Пайғамбарымыздың бұл айтылғанды іштей жақтамағандығы оның жүзіндегі күлімсіреудің байқалмағандығынан сезілді. Әйтпесе, ол дәл сол уақытқа дейін өте бір қуанышты күйде еді. Жүзінен жылылық пен күлімсіреудің табы ешқашан байқалмай қалған емес-ті. Сөйткенше болмай қастарындағы тағы бір адам сөзге араласты:- Уа, Алла тағаланың құрметті Елшісі! Омарды тыңдап қайтесіз, сіз одан да қолдан келгенше жақсылық жасап, жұртқа беруіңізді тыймағайсыз, Ғарыштың Егесі сізді қараусыз қалдырмас!

Мұны естігенде, Пайғамбарымыздың жүзі қайта күлімсіреді, өйткені оған “Жомарт бол, жұртқа жақсылық жасағаннан жалықпа” дегені ұнаған-ды.
Иә, жомарттық Пайғамбарымызға тән қасиет еді. Әсіресе, Рамазан айларында оның жомарттығы мен мәрттігінде тіпті шек болмайтын.

Әрбір адамның өзіне үлгі тұтар тұлғасы, адамзаттың асыл тәжі, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен тәлім алып, оны күнделікті өмірімізде көрсетуге талпынуымыз қажет.

Қасиетті Құранда:

﴿وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَىٰ ۖ قُلْ إِصْلَاحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ ۖ وَإِن تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ ۚ وَاللَّهُ يَعْلَمُ الْمُفْسِدَ مِنَ الْمُصْلِحِ ۚ وَلَوْ شَاءَ اللَّهُ لَأَعْنَتَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ٢٢٠﴾

 «Сенен жетімдер туралы да сұрайды. Оларды пайдалы және жақсылап жетілдіру қайырлы іс. Егер олармен бір жерде өмір сүрсеңіз, олар сіздің бауырларыңыз. Алла жетімдерге қамқор(болмақ) болғандар мен пасықтық жасағандарды біледі»[2],-деп мәлімделген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): « Жетімді өз қолына алған адам, мына екеуі сияқты жәннатта жақын (аға — іні) боламыз», — деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен. Жоғарыдағы аят, хадистерде жетімдер хақысы жайында, оларға қамқорлық жасаудың сауабын жәннатпен сүйіншілеген. Яғни, Алланың берген мол ризық несібесінде жетім-жесірдің де үлесі барлығын білеміз.

Осы ретте ғибратқа толы мына хикаяны келтірейік. «Бір кездерді, шарап ішкіш маскүнем жан болыпты. Шарап ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті одан да артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көріпті. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол уақыт мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып келе жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің Раббыма арызым бар», – деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін: «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!», – деген дауыс естілді. Сөйтіп тұрғанда, мен оянып кеттім». Сол түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді біржола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты». Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген.

Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы