Жексенбі, 22 Наурыз 2015   |   10235 рет оқылды

Тәубе және истиғфар

Адам баласы нәпсіге жеңіліп, иманының күш-қуатын жоғалтқан кезде күнә істеуге бейім келеді. Сондай-ақ, өзін қолдап-қолпаштап тұратын көркем мінездер азайған сайын рухани кемелділіктен алыстай бастайды. Истиқамат, яғни әрқашан туралықта болуда әлсіздік танытады. Осының нәтижесінде күнәлі істер сиқырлы әуен секілді нәпсіні өзіне баурап алып, ақиреттегі жауапкершілікті ұмыттырады.

Негізінде, адам баласы дүние есігін күнәдан пәк, тап-таза күйінде ашады. Ал, дін – оның жаратылыс тазалығын, пәктігін сақтау үшін берілген Аллаһ тағаланың мейірімі. Сол себептен, адам баласы жаратылысындағы тазалықты сақтап, дінінің рухани күшінен нәсіп ала отырып, бейқамдықтан сақтанатын болса ғана пенделікпен қандай да бір күнә істеп қойғанда оның ауырлығын жан-тәнімен сезінеді. Сондай-ақ, оны ішкі жан дүниесінде жасырын тұрған ізгі сезімдері мазалап, ояна бастайды. Өзегін өкініштің оты өртеп, көз жасын төккен күйде шын жүрегімен Раббысына бет бұрады. Міне, осы өкініш пен көздегі жас «тәубе» болып табылады. Артынша мағфират (кешірім) тілеу үшін жүрек жарды жалбарынулар «истиғфар» деп аталады.

Күнә жәннатқа кіруге кедергі келтіреді. Ал, салих амалдармен қуаттандырылған және шын көңілмен сұралған тәубе жәһәннамнан сақтайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген:

«Адам баласы бір күнә істегенде жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнәні тәрк етіп, Аллаһтан кешірім сұрап, тәубе етсе жүрегі тазарады. Ал, күнә істеуді одан ары жалғастыра беретін болса, қара дақтар көбейе түсіп,  соңында бүкіл жүрегін қара дақ басып қалады. Аллаһ тағала:

«Жоқ! (олай емес), бәлкім олардың істеген күнәларының таты басты» («Әль-Мутаффифин» сүресі, 14-аят) дей отырып, осыны меңзеген»

( «Тәпсір», Тирмизи, 83/3334).

Келесі бір хадисте:

«Ең үлкен дерт  күнә. Ал оның дәрісі түн ортасында тұрып истиғфар тілеу» делінген.[1]

Пенде қандай да бір күнә істеп қойғанда дереу тәубесіне келіп,  Аллаһтан истиғфар тілеу керек.  Жаратушының  ризалығына бөленген тақуа құлдарын Құранда былайша дәріптейді:

 «Олар қашан күнәлі іс істесе, не өздеріне өздері зиян келтірсе, Аллаһ тағаланы естеріне алып, күнәларын кешіруін тілейді. Күнәні Аллаһ тағаладан басқа ешкім кешірмейді. Олар істеген күнәларынан арылып, оны ары қарай жалғастырмайды»  («Әл-Имран» сүресі, 135-аят). 

«Ол тақуа құлдар түнде аз ұйықтайды, сәресі уақыттарында үнемі истиғфар етеді» («Зарият»  сүресі, 17-18 аяттар).

Аллаһ тағала көптеген аятта тәубе еткен құлдарды кешіретінін  айтады. Тіпті, шынайы тәубе жасағандардың  күнәларын сауапқа айналдыратыны жөнінде:

«Ал тәубе етіп, иман келтірген, ізгі іс істеген пендеге Аллаһ тағала олардың күнәларын жақсылықтарға айналдырады. Аллаһ тағала өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Әл-Фурқан» сүресі, 70-аят),– делінген.

Ал, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Аллаһ тағала күндіз күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін түнде қолын ашады. Түнде күнә істеген кісінің тәубесін қабыл алу үшін күндіз қолын ашады. Осы әрекет күн батқан жерінен шыққанша, яғни қияметке дейін( осылай)  жалғаса береді» (Мүсілім, «Тәубе», 31).

Алайда, тәубенің қабыл болуы үшін шынайылық пен ықыластың маңыздылығы өте зор. Сөзінде тұрмайтын, уәдесін жиі бұзатын кісі шайтанға күлкі болады.   Бұл жөнінде  Құран кәрімде:

«...Аллаһ тағаланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі еліктірмесін. Аллаһ тағала туралы жалған айтып, өте айлакер (шайтан) азғырмасын» («Лұқман» сүресі, 33-аят),–делінген.

Тәубе мен истиғфар бұл пәниде де ақиретте де азаптан құтылудың бірден-бір жолы екенін Расулуллаһ (с.ғ.с.) былайша түсіндіреді:

«Аллаһ тағала (мына аят арқылы) үмметім үшін азаптан құтылудың екі жолын берді:

  1. Сен олардың араларында болған мерзімде Аллаһ оларға азап жібермейді.
  2.  Олар истиғфар етуді жалғастырғанда (кешірім тілеп жатқан уақытта) Аллаһ оларды азаптамайды («Әнфал» сүресі, 33-аят). 

Мен олардың арасынан кеткенімде (Аллаһтың азабынан құтқаратын екінші жолды) истиғфарды қияметке дейін үмметімнің жанында қалдырамын» (Тирмизи, «Тәпсір», 8/3082).

Тәубе мен истиғфар – құлды Аллаһқа жақындататын ең әсерлі жолдардың бірі. Аллаһқа бетбұруда және жүректің рухани дәрежеге жетуінде өзіндік маңызы бар истиғфар рухани кірлерден тазаланудың бірден-бір жолы. Қабыл болған тәубе құл мен Раббысы арасындағы бөгеттерді бұзып, Аллаһтың сүйіспеншілігіне бөлейді. Бұл жайында Аллаһ тағала   пенделеріне былайша сүйіншілейді:

«Күмәнсіз, Аллаһ көп тәубе етушілер мен көп тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара»  сүресі, 222-аят).

Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.):

«Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Аллаһ тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді»,– деп айтқан (Әбу Дәуіт, Үтір, 26/1518; ибн Мәжә, «Әдеп», 57). 

Дегенмен, құлдардың ең маңызды мәселесі «тәзкиятун-нәфс» және «тасфиятул-қалб», яғни нәпсі мен жүректі жаман қасиеттерден тазарту. Ол үшін тәубе мен истиғфар атты «сарай» қақпасынан еркін кіріп, міндетті түрде салих амалдарға ден қою керек. 

                                                                                 Осман Нұри Топбаш

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы