Жексенбі, 22 Наурыз 2015   |   8780 рет оқылды

Құлшылық жасаудың басы – тақуалық

Тақуалық сөзі «уиқая» түбірінен шығып, сақтану, қорқу деген мағыналарды білдіреді. Дінімізде тақуалық сөзі арнайы Алладан қорқу деген мағынада жұмсалады. Құлшылық пен тақуалық бір-бірінен ажырамас екі ұғым. Себебі Құран Кәрімнің көптеген аяттарында Алла тағала кез келген құлшылықты тақуалықпен байланыстырып отырады.

Мәселен, оразаның парыз болуын білдірген аятта Алла тағала: «Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгені сияқты сендерге де парыз етілді, бәлкім (Аллаһқа қарсы келуден) қорқарсыңдар», (“Бақара” сүресі, 183-аят) – дейді.

Ойымызды дәйектейтін тағы бір аят ол құрбандық жайында. Алла тағала Құранда: «Оның (құрбандықтың) еті де, қаны да Аллаға бармайды. Тек сендердің тақуалықтарың ғана Оған барады» (“Хаж” сүресі, 37-аят), – дейді. Бұл аяттан біз кез келген құлшылықтың Алла тағалаға тигізер еш пайдасы жоқ екенін түсіндік.

Құдірет иесі Алланың «Ол сондай сендердің қайсы бірің амал жағынан ең жақсы екен деп, сендерді сынау үшін өлім мен өмірді жаратты»(“Мүлік” сүресі, 2-аят), – деуі құлшылық атаулының мұсылман адамнан тек сынақ үшін ғана талап етілетінін білдірсе керек.

Құрбандық құлшылығының бастауының өзі тақуалықтан келіп туындағаны рас. Бір сәт тарихты еске түсірсек, Ибраһим (а.с.) Алладан перзент сұрап, уақыты келгенде оны Жаратқанның жолында құрбан етемін деп уәде берген-ді. Пенделерінің дұғаларын қабыл етуші Алла Ибраһимнің (а.с.) де сұранысын жерге тастамай, оған Исмаил (а.с.) есімді ұл перзент сүйдірді. Ұлы ес біліп, ақылы толыққан шақта Хақ тағаладан аян келіп, Ибраһимге (а.с.) бұрын берген уәдесін іске асырар уақыттың таяғаны ескертілді.

Ол мұны баласы Исмаилге (а.с.) айтты. Әкелі-балалы екеуі Алланың әміріне бойсұнды. Мұндай екінің бірінің қолынан келе бермейтін қадамға оларды баяғы сол тақуалықтары жетеледі. Алла мен араларындағы уәдені жүзеге асыруға айласы бітпес шайтанның өзі де тосқауыл бола алмады. Ақырында қылыштай өткір пышағын бауыр еті баласының әппақ тамағына тақап, бір-екі жүргізгенді. Бірақ, пышақ өтпеді. Ашуланған әке пышағын қасында жатқан тасқа ұрды. Тас қақ жарылды.

Бұл жерде бір гәп бар. Ибраһим (а.с.) негізі пышақтың өтпегеніне ашуланып тұрған жоқ. Ол мойнындағы құрбандық уәзипасын орындай алмадым, «құлшылығым»кем боп қалды, ендігі халім не болады деп, тұла бойын құдыреті күшті Құдайға деген қорқынышы, яғни «тақуалығы» билеп, нәпсісіне ызаланғаны үшін пышағын тасқа шапты. Бірақ, өзі дәл сол сәтте өткір пышақтың жас баланың жұқа мойнын кеспегені Аллаһтың ісі деп білмеген шығар, сірә.

Өзі де қаршадай жастан ақиқатты таба біліп, қауымының жолымен жүрмей, оларға қарсылық танытып, сол үшін қауымы оны отқа салып жаққалы тұрғанда: «Ей от, сен Ибраһимге салқын, әрі зиянсыз бол» (“Әнбия” сүресі, 69-аят), – деп отқа әмір берген Алла тағала еді. Расында от Құдайдың құдыретімен Ибраһимге титтей де зиян бермеген-ді.

О, тоба, енді міне пышақтың да кесуіне тосқауыл боп отырған жоқ па?! Хикмет иесі Алла бұл оқиғаны адамзатқа үлгі-өнеге болсын деп болдырды. Әйтпесе, көкейдегі ойымыздан хабардар Хақ тағала Ибраһимнің шын ықылас-ниетін әу бастан-ақ білген-ді. Оның міндеттің ауырлығына қарамастан, бұйрыққа қарсы келмей, тақуалықпен, құлшына орындайтыны Аллаға мәлім еді.

Бұл айтылғандар құлшылық пен тақуалық жайлы көптеген Құран аяттарының небәрі бірнешеуі ғана. Ал енді хадиске жол беретін болсақ, Сахаба Ирбад ибн Сария (р.а.) айтты: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бізге көзге жас, жүрекке тебіреніс беретін әсерлі бір уағыз айтты. Біз: «Ей, Алланың Елшісі, бұл қоштасып жатқан адамның уағызындай болды ғой. Ендеше, бізге нені өсиет етесіз?» – дедік. Ол былай деді: «Сендерге Алладан қорқуды, сондай-ақ, қара нәсілді бір құлды басшы етіп тағайындаса да, тыңдауды және мойынсұнуды өсиет етемін…» (Хадисті мәтін өзгешеліктерімен Тирмизи, Ибн Мәджә және Әбу Дәуіт риуаят етті)

Құран Кәрімде Нұх, Һуд, Салих, Лұт пайғамбарлардың (а.с.) өз қауымдарына: «Алладан қорқыңдар, маған бойсұныңдар» (“Шұғара” сүресі, 106; 126; 163-аяттар), – деп айтып өткен. Бұл аяттардан тақуалық пен құлшылықтың тамаша үйлесімділігін көреміз. Алладан қорқу тақуалықтың нақ өзі. Мұны жоғарыда айтқанбыз. Ал енді пенде пайғамбарға бойсұну арқылы құлшылықты үйренеді. Демек бұл аяттар мен жоғарыдағы сахаба Ирбадтың (р.а.) риуаят еткен хадисі исі мұсылман баршамызды тақуалық пен құлшылыққа шақырып отыр.

 Имам Нәуауидің «Қырық хадис» атты хадис жинағында мынадай бір хадис бар. Бірде Жәбірейіл (а.с.) хазрет Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, «Ихсан дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Ол: «(Ихсан дегенің) Алланы көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр», – деп жауап қайырады.

Ихсан тақуалықтан туындайды. Неге десеңіз, хадиске сәйкес, Алланы көріп, Оның құзырында тұрғандай құлшылық ете білу үшін Алладан бек қорқу қажет. Ал қорқу үшін Алланы тануымыз зәру. Алланы тану деген мағынаға келетін сопылық ілімінің термині – Мағрифатуллаһтың маңызы осы ретте айқын көрінеді. Құран Алладан қорықпаған кәпірлер жайында: «Уә мә қадаруллаһа хаққа қадриһи” мағынасы: “Олар Алланы шын мәнінде тани алмады», (“Әнғам” сүресі, 91-аят) – дейді.

Олар Алланы тани алмағандықтан Оған иман етпеді, азабынан қорықпады да. Осылай бола тұра олар қайдан құлшылық етсін?! Ал момын-мұсылман өзінің жасаған құлшылығы мәнді болу үшін Мағрифатуллаһқа = Алланы тануға ұмтылғай. Алланы таныған сәтте Оның құдіретін мойындап, Одан шын мәнінде қорқа бастайды.

Қасиетті Құранда: «Аллаһтың құзырында ең құрметтілерің тақуалықты ең жақсы ұстанғандарың», (“Худжурат” сүресі, 13-аят) – делінген.

Құдайдан қорыққанның көрсеткіші құлшылыққа құлшына кірісу. Кеңестік дәуірдегі жағдайымыз мәлім, ал егемендік алғалы бері төл дініміздің амалдарын орындай алмасақ, махшар күні Алла тағалаға қандай сылтау айтады екенбіз? Осы тұста бір мысал бергім келіп отыр.

Мәселен Елбасымыз бір құрылыс компаниясына оқу орнын салуды бұйырды делік. Бірақ әлгі компания «Университет салу бізге қиын, әрі бізге тигізер пайдасы да шамалы. Онсызда оқу орындары жеткілікті. Біз одан да бір әмбебап дүкен соғалық» деп университет емес, әмбебап дүкен соқса, бұл құрылыс компаниясы, соққан дүкені ел-жұрттың кәдесіне жарап жатса да, Елбасының тапсырған тапсырмасын орындаған болады ма?

Әрине, жоқ! Дәл сол сияқты Жаратушы Жаббар Иеміз біздерге: «Ей құлым, намаз оқы, ораза тұт…» деп, бұлтартпас Құран аяттары немесе біздерге жіберген сүйікті Елшісінің хадистерімен бұйырып отыр. Алайда, біз: «Дұрыс қой, ораза-намаз баршамызға парыз. Бірақ, менің жұмысым бұған мүмкіндік бермейді. Мен оданда жұма сайын мешітке барып, Құран оқытып, садақамды беріп жүрейін» десе, Алланың бұйрығы орындалмай қалады екен.

Дұрыс, әлгі дүкен сияқты әруақтарға Құран оқытып бағыштаудың да пайдасы бар. Дегенмен, мойнымыздағы негізгі міндетіміз қалып қоятыны тағы ақиқат. Жаратқанның жолында жалғыз ұлын құрбан етуге әзір, құлақ кесті құл бола білген хазрет Ибраһим (а.с.) біздерге үлгі. Құдайдан шын мәнінде қорқатын болсақ, Оның бұйырған құлшылықтарына құлшына кіріселік, ағайын.

Сөзімізді хазрет Пайғамбарымыздың Имам Нәуауидің аталмыш кітабында орын алған «Қай жерде болсаң да, Алладан қорық, жамандықтың артынша жақсылық жаса, істеген жақсылығың жамандығыңды жуып, шайсын. Әрі адамдармен жақсы қарым-қатынаста бол», – деген хадисі мен дана халқымыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айтқан мәнді де мағыналы сөзімен аяқтауды жөн көрдік.

Қанат Жұмағұлов,

“Нұр Астана” орталық мешітінің найб имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы