Бейсенбі, 07 Мамыр 2015   |   7233 рет оқылды

ОТАНДЫ СҮЮ ИМАННАН

Бізді жоқтан бар етіп жаратқан, оның ішінде адам, қала берді асыл дінімізді ұстанатын мұсылман етіп жаратқан Жаппар Иеміз Алла тағалаға сансыз мадақтар болсын! Әрбір ісіміздің өзі мүбәрак амалдарымен шапағат болатынын баяндап өткен Алла елшісі Мұхаммедке салауаттар болсын!

Әңгіменің әлқиссасын Отан деген ұғым жөнінен басталық. Әрбір адамның кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген киелі мекені болады. Бұл қастерлі мекенді ата-бабасы көне заманнан мекендеп, сол жерде тіршілік етеді. Оны «атамекен» деп атайды. Нақтысы, бұл киелі топырақ, өскен орта «Отан» деген қастерлі ұғым саналады. Ғылыми тілде байлықтары, қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, тіл, мәдениет, тұрмыс-салт және әдеп-ғұрып ерекшелігі бар белгілі бір халықтың тарихи тұрағына айналған аумақ «Отан» деп аталады.

Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпағын туған топырақты шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға тойтарыс берді. Сынық сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұрды. Соның бәрі осы топырақ пен жайлаулары мен қасиетті шаңырақтары үшін екен. Қазір арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламыз сондай жанқиярлық ерліктің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз. Қысқасы, біздің ата-бабалар туған жерді шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді. Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады.

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің мәніне үңіліп қарасаңыз, көп нәрсені айқын аңғаруға болады. Өйткені әрбір шаңырақта тыныштық, жақсылық, қуаныш болса, ол сол мемлекеттің берекелі өмірінің бір көрінісі емес пе?! Осындайда тіл ұшына орала кететін «Отбасы - шағын мемлекет» деген нақылдың растығына көзіңізді айқын жеткізуге мүмкіндік туады. Ізгі қасиеттері бойында сақталған әрбір азамат өзінің Отанын шексіз сүйеді. Сол мақсатта өмір сүріп, туған өлкенің өркендеп-өсуіне жұмыс жасайды. Осындай имандылық әрбір азаматты алға жетелеп, биік-биік белестерге бастайды.

Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айырықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?»-деп сұрағанда, Алла елшісі (ﷺ): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», - депті.

Ертеде көшпенді өмірдің берекесін көрген қазақ өркениетінде отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа қашалған Күлтегін ескерткішінде де ол жайында көптеген сөздер жазылған. Оларда ел билеген азаматтардың отаншылдық үлгілері жайында көрініс тапқанын көпшілік жақсы біледі. Одан бергі кезеңдегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар да Отанды сүюге бағытталған мағыналы әңгімелерін ел-жұртқа жая білді. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев секілді қазақтың ұлт зиялылары мен қайраткерлері отансүйгіштік жайында тек жазып қана қоймай, оны іспен де көрсете білді емес пе?! Міне, біздің дәстүрлі дін деп жүргеніміз осы болар...

Қашаннан да имандылық жүрегінде ұялаған адам ешқандай жат қылықтарға бармайды. Ақыл мен жүректің түйісіп, өзара ортақ әрекеті нәтижесінде өмірдің мән мен мағынасын ұғынатын әрбір адам имандылықты өте жоғары бағалап, соны жүрегінен өшірмеуге назар аударады. Иман - адамзат баласы үшін асыл қазына. Ол адам баласын пәни дүниеде де, бақилық өмір ақиретте де бақытқа бөлейді. Осындай тылсым қазынаны бағалай білу кей жағдайда адам баласының барлығына бұйыра бермейтіні өкінішті. Дегенмен, Жаратушы Иеміз бізге ақыл мен сана беріп, он сегіз мың ғаламның сырын ұғынатын дәрежеге жеткізді. Алайда, кейбір адамдар фәниде пендешілікке ұрынып, сондай баға жетпес қазынаның қадірін түсіне алмай жататыны көкейге өкініш ұялатады.

Отанды сүю иманнан. Әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен, яғни өз отанынан қымбат жері жоқ. Қандай бір шет елде болса да сол бір шаң басқан, қаңбағы желмен қаңғырған туған жерін сағынады да тұрады. Отанымыздың ұлтарақтай ғана жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз ата-бабаларымыздан мирас етіп қалдырған жерді аманат деп, көздің қарашығындай сақтау баршамыздың борышымыз. Әр адамға өз отанын қорғау, оны сақтау парыз екен.

Иманды жандар, жүрегі түзу мұсылмандар өзінің отанын қастерлеу, өзінің отанын қорғау, отанын сүю киелі ұғым екенін білуі керек.

Ең алдымен әрбір адам баласы мынадай сауалға жауап іздегені артық болмас:

Жаратушы иеміз әрбір сана иесіне әу баста адамды айналасына қарап, Ұлы иесін тапсын, танысын, иман етсін, илансын, Жаратушысының құдіретінің, ұлылығының, шеберлігінің алдында таң қалып, бас исін деп пәни жалғанға аттандырған. Алла тағала қоршаған ғаламды өзін танытатын өте бір үлкен кітап секілді етіп жаратқанына талай мәрте көз жеткізіп жүрміз. Сол бір өмір ағымындағы әрбір тылсым сырына қанығып, жаратылысы жайында өзіндік ой-пікірін көкейіне түйген адам өз болмысымен, бойында мөрленген ғажайып нақыштарымен даралана түседі.

Ислам дінінде жүрек - адамның өзегі, дәні деген ұғым бар. Адам баласы ес білгеннен жүрек арқылы жетіледі. Жұмыр басты пенденің тұла бойындағы ізгі қасиеттің барлығы жүректен шығады. Жүрек қандай болса, адам да соның ыңғайымен жетіледі немесе өзіне талап етілетін мәртебесінен төмен түседі екен. Мұсылман ұғымында иман ұясын салмаған жүрекке перде тұтылады, оны кір шалады деген түсінік бар. Мұндай жүрек адами қасиеттен адыра қалып, өзінің бет-бейнесін жоғалтып алатыны айқын, яғни олар Жаратқанды танып-білуге қабілетсіз деген мағына шығатындай.

Алла тағаланың Құран кәрімде «Рағыд» сүресінің 28 аятында:

أَلاَ بِذِكْرِ اللهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Біліп қойыңдар! Сендердің жүректерің Алланы еске алумен ғана тыныштық табады»-деген терең мағыналы сөзі бар. Міне осы аятты терең түсіне білуіміздің өзі барлық мұсылмандық болмысымызға жеткілікті десек болады. Себебі қандай да бір кісі ұрлық жасаса, кісі ақысын жесе, кісіге қол жұмсаса, ішімдікке салынса деген сияқты барлық жаман әдетке жүрегінде «Алла» деген қорқынышы мен үміті, Оның мейіріміне деген ниеті болмағандықтан иманы әлсіздік танытып, азғырушы әзәзіл Ібілістің жетегіне орай беріліп кете береді екен. Кімде-кім Аллаты үнемі есіне алып, Оның берген нығметіне шүкіршілік етіп, сәждеге бас қойып, иманның биігінен табылса, онда оның жүрегі жай табары сөзсіз. Өмірдің кей сынақтарымен қиыншылықтар келгенімен, оны Алланың бір сынағы ғой деп сабырлықпен қарсы алар еді. Міне, осыдан кейін ғана ақылы бар әрбір азаматтың жүрегінде отансүйгіштік қасиет пайда болып, «осы еліме ол берік болып, ауызбіршілігі мен бейбітшілігінде шалқып өмір сүру үшін не істесем болады екен?!», - деген сауал туындары хақ. Қайсы бір қазақ даналарының өлеңдерінен  де, осы мағына қамтылғанын байқай аламыз.

С.Торайғыровтың «Шәкірт ойы» деген өлеңіне үңіліп қарайықшы:

«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып Күн болам.
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?!

Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін.
Еңбек, бейнет тарауы,
Рақатқа сарқылар.

Қыздырып Күннің қарауы,
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.

Тұрмыс, тағдыр - бірі де,
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де,
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі».

Иманды жан айналасындағы үлкенді-кішілі барлық нәрсенің өзіне қызмет етіп тұрғанын көріп, жүрегінде Жаратушы иесіне деген ерекше махаббаты оянады. Осының нәтижесінде жүрек түкпірінде жатқан имандылық нұры тұла бойын ерекше күйге бөлеп, оны сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты көркем сипаттар баурай түседі. Иман нәрімен сусындаған осындай жан жалпы айналасына ерекше мейіріммен көз салып, әрбір іске байыпты байлам жасауды үйретеді.

Ақылдың шектеулі өлшемімен шешілмейтін небір тылсым әрі тұңғиық түйінді мәселелерді талқыға салмай, таразыламай тәсілім ету (қалтқысыз сену) керек. Жалпы, иман тақлиди және тахқиқи деп екіге бөлінеді. Алғашқысы қоршаған ортаның әсерімен немесе біреулерден естіп, соларға елітіп мақұлдау болып табылады. Бұл иманның әлсіз түрі болып саналады. Ол жайлы қазақтың дана ақыны, ғұламасы Абай:

«Оны сақтауға қорықпас жүрек,
Айнымас көңіл, босамас буын керек», -деген ойын білдірген. Ал тахқиқи иман дегеніміз - санамен саралап, сезіммен қуаттап, зерттеп іздену нәтижесінде толық көз жеткізу екені белгілі. Мызғымас бекем сенім болып табылатын мұндай иман жоғары бағаланады.

Талай даналығымен дүйім елдің ардақтысына айналған Әйтеке би:

«Өмірім халықтыкі, өлімім ғана өзімдікі», -деп халыққа қызмет етуді өзіне басты парыз санаған. Оны отаншылдықтың нағыз айнасы деп айта аламыз. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына көп еңбек сіңірген Тәуке хан өмір сүрген заманда қазақ үшін отаншылдық байлықтан да жоғары бағаланды. Өкінішке орай, қазіргі таңда кейбір пенделер байлық үшін адалдықтың ақ туын аттап, өзінің азамат деген атына кір келтіретін жат әрекеттерге барып жататынын көзіміз көріп-ақ жүр. Мұндай жағдайда ертедегі қазақ қоғамында қалыптасқан мызғымас өмір сүру дағдысы еске оралады. Сондықтан қай уақытта жүрек түбінде иманды ұялатып, әрбір қадамыңды ойша саралап, ақырын жүріп, анық басқаның артық емес. Бүгінгі таңда ашуға ерік беріп, туған жерге қызмет етуді ұмытып жататын пенделер баршылық.

Қазіргі кезде Қазақстан өмірінде «қазақстандық патриотизм» ұғымы қалыптаса бастады. Қазақстан Республикасының Конституциясы «қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежеге көтерген. Осы тұрғыда қолға алатын істер баршылық.

Ұзақ жылдар бойы отаршылдық қамытын киген қазақ халқы талай нәубет пен запыранды заманды бастан өткізгенімен, қаншама ғасырдан бері бойымызға сіңіп, санамызда жаңғырған асыл қасиеттерді жоғалта қойған жоқ. Осындай имани қасиеттер біздің ұлтымыздың абыройын асқақ етіп, төрткүл дүниедегі тәмам жұртқа жақсы жағынан көрсетіп отыр. Қашаннан да күнделікті өмір сүру дағдысы Ислам дініне сәйкес келетін біздің қазақ отаншылдықты, имандылықты, елжандылықты төрге оздырып, адамгершілік қасиетті ардақтап келеді.

Отаншылдық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болады. Отаншылдықтың іргетасы - ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, жырын жырлай алатын азамат қана отаншыл бола алады. Айтпағымыз, отаншыл болу ғана емес, дүниеге себепкер болып алып келген ата-анамыздың бүгінге дейін тәрбиелегеніне қаншалықты қарыздар болып, оларға жақсылық жасау үлкен парыз болғанындай, бүгінге дейін тыныштықта, көк аспанның астында бейбіт өмір сүріп келе жатқан отанымыздың алдында да борышымыз бен міндетіміз - парыз.

Пайғамбарымыз (ﷺ):

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Барлығың бақташысыңдар(жауаптысыңдар). Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағыларға сұраққа тартылады»деп айтып кеткен. Олай болса, әрқайсымыздың өз жауапкершіліктеріміз бар. Яғни, бір басшының қандайда бір кемшілігін көріп жатсақ, бассалып қарсы шығу емес, өз жауапкершілігімізді түсініп, сол нәрсені болдырмауға тырысуымыз қажет.

Өз заманында Пайғамбарымыз (ﷺ) өзі дүниеге келген қаласы Меккедегі мүшіріктерден көп жапа шегіп, Мединаға қоныс аударып бара жатып, бір тауға шығып, артына қараса, Мекке алақандағыдай толық көрініп тұр екен. Сонда Алла елшісі:  «Ей, Ибраһим ﴾а.с.﴿ дұға еткен шаһар, жетпіс алты пайғамбар өткен шаһар, Құран аяттары түскен шаһар! Ей, Алланың үйі Қағба орналасқан шаһар! Кіндік қаным тамған шаһар! Сені тағы көруді Алла тағала нәсіп етсін!», - деп көзіне жас алып, сағынышы мен қимастығын жасыра алмағанын білеміз. Туған жер мұншама ыстық болмаса, Отан соншама қадірлі мекен болмаса, екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың өзі соншалық толқымас еді ғой.

Ата-анамыз бен өзіміздің кіндік қанымыз тамған ыстық та сүйікті отанымыз біз үшінде қимас отан. Бірақ, Аллаға сансыз шүкірліктер айтуымыз керек, пайғамбарымызды сүйікті Мекке қаласынан біраз уақытқа алшақтатқанындай бізді отанымыздан айырған жоқ. Қашан қаласақ туған мекенімізге еш бөгетсіз-ақ бара аламыз. Бұл үлкен нығмет.   

Бұдан былай ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы, бейбітшілігі мен тыныштығы сол елде өмір сүретін бізге аманат. Бұл жолда біз имандылық сезімін алға шығарып, қасиетті мекеннің әрбір жақсылығы мен қуанышына ортақ болып жатқанымыз артық емес.

Қазіргі таңда Қазақстан жер бетінде тәуелсіз ел ретінде тіршілігін жасап, қаншама жарқын істердің жүзеге асуына ұйытқы болды. Қазақ елі қарыштап дамып, өзге жұрт алдында еңсесін тіктеді. Алға қойған мақсатпен халық болып, елу елдің қатарына ендік. Алла бізді соған жеткізді. Енді отыз елдің қатарында болуды жазсын дейміз. Еліміздің өсуі біз сүйетін отанымыздың абыройы. Абырой бар жерде өзгелердің сыйластығы болары сөзсіз. Сыйластық болған жерде міндетті түрде тыныштық орнары хақ.

Отанымыз - біздің алтын шаңырағымыз. Әрдайым шаңырағымыз биік бола берсін! Алла отанымызды дұшпанның жаман ойынан, халықтың араздығынан сақтап, өмір бойы мәңгілік бақытқа жеткізе бергей! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Талғат Омаров
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы