Жұма, 18 Қыркүйек 2015   |   7274 рет оқылды

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ - ҚҰРБАН АЙТ!

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»
("Кәусар" сүресі, 2-аят)

Зүлхиджа айының қасиетті он күндігінің 10-шы жұлдызы мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мереке Құрбан айт екендігі белгілі. Ежелгі заманнан бері қазіргі күнге дейін мұсылмандар үшін қос діни мейрамның ең шоқтығы биігі де – Құрбан айт. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар еді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.):

  أن النَّبيُّ صلَّى اللهُ عليهِ وسلَّمَ قَدِمَ المدينةَ و لَهُمْ يومَانِ يلعبُونَ فيهِمَا فقال رسول الله : « قدْ أبدلَكم اللهُ تعالَى بِهِمَا خيرًا مِنْهُمَا يومَ الفطرِ ويومَ الأَضْحَى»

«Алла Тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі  – Ораза айт, екіншісі – Құрбан айт»1- деді. Осы күннің мереке екендігін қуаттай түсетін тағы бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

أُمِرْتُ بِيَوْمِ الْأَضْحَى عِيدًا جَعَلَهُ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ لِهَذِهِ اْلأُمَّةِ

«Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырылдым.  Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті2», - деді. Бұл мереке – ағайын арасын жақындата түсетін ұйытқы. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге себепші ұлық мейрам. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор.

Еліміздің Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық мерекелердің мәртебесі мен мерейін көтеру бастамасының нәтижесінде  Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мерекеге ұласып, алғашқы күнінде демалыс жарияланып отыр. Олай болса,  қабылданған бұл шешім Құрбан айт мерекесіне деген жоғары құрметті керсетеді емес пе? Ал, Алланың қадір тұтқан қасиетті белгілері мен күндерін құрметтеу  жүректегі тақуалықтың белгісі. Құранда:

ذَلِكَ وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ االله فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ

«Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» - делінген ("Хаж" сүресі, 32-аят).

Мұсылманның өзге үмбеттерден айрықша ерекшелігі – Алла Тағаланың мұсылман үмбетінің көңіл көтеретін мерекесінің өзін ғибадатқа айналдыруы. Демек, Құрбан айт  мұсылмандар үшін ерекше елеулі мейрам болуымен қатар Жаратқанға жақындататын құлшылық-ғибадат болып табылады.  Құрбан айт мерекесі құрбан малдарын шалумен ерекшеленетіні анық.

Негізінде, құрбан шалудың шежіресі сонау Адам ата (а.с.) заманынан бастау алып, Ибраһимнің (а.с.) жолы болып қалыптасып, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) жалғасын тапқан ұлық ғибадат.

Сондықтан да аталмыш ұлы ғибадатты ынта ықыласпен жүзеге асыру өте маңызды. Құран Кәрімде Адам (а.с.) атамыздың дәуірінде де құрбандықтың тек Алла разылығын іздейтін ықыласқа қарай қабыл болатыны туралы хабар бар. Қасиетті Құран Кәрімде:

{وَاتْلُ عَلَيْهِمْ نَبَأَ ابْنَيْ آدَمَ بِالْحَقِّ إِذْ قَرَّبا قُرْبانًا فَتُقُبِّلَ مِنْ أَحَدِهِما وَلَمْ يُتَقَبَّلْ مِنَ الْآخَرِ قالَ لَأَقْتُلَنَّكَ قالَ إِنَّما يَتَقَبَّلُ اللَّهُ مِنَ الْمُتَّقِينَ  لَئِنْ بَسَطْتَ إِلَيَّ يَدَكَ لِتَقْتُلَنِي ما أَنَا بِباسِطٍ يَدِيَ إِلَيْكَ لِأَقْتُلَكَ إِنِّي أَخافُ اللَّهَ رَبَّ الْعالَمِينَ }

«Оларға Адамның (а.с.) екі ұлының әңгімесін оқып бер: «Сол уақытта екеуі Аллаға жақындауға құрбан шалған еді. Сонда (ол) бірінен қабылданып, ал екіншісінен қабылданбады». (Құрбаны қабыл болмағаны): «Әлбетте, мен сені өлтіремін», - деді. (Екіншісі): «Алла сөзсіз тақуалардың құрбанын қабыл етеді», - деді. «Сен мені шын өлтіруге қол көтерсең де, мен сені өлтіру үшін қол көтермеспін. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббы Алладан қорқамын!»3 - деп баяндады. Раббымыз құрбандықтың сонау ықылым заманнан келе жатқан құлшылық екендігін және оның қабыл болуы үшін тақуалық керектігін көрсетті. Демек, құрбандықты ең алдымен, тақуалық және ықыласпен безендіруіміз керек. Оны Алла Тағаланың бізді көріп тұрғанын сезе отырып атқаруымыз ләзім.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

ضحوا فإنها سنَّةُ أبيكم إبراهيم عليه الصلاة السلام

«Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»4 - яғни, жолы деп айтқан.

Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған:

لَن يَنَالَ الله لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَكِن يَنَالُهُ التَّقْوَى مِنكُمْ

«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе - жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет»5. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалық көрсетуінде.

Құрбан шалу қажылықтың бір рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылықтың түріне айналғандығы айдан анық. Құрбан шалу Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екінші жылы қажылықтан тыс мұсылмандарға да міндеттелді. Осы күндері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

وَيَذْكُرُوا اسْمَ الله فِي أَيَّامٍ مَّعْلُومَاتٍ عَلَى مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ

«Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын6».

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»7-деп әмір еткен. Жоғарыдағы аятты  Қатада, Ато, Икрима секілді ғалымдар айт намазы мен құрбан мал шалу жайында меңзелген деп түсіндірген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге  жақындамасын!»8, - деп ескерту жасаған. Жоғарыдағы аят-хадисті зерттеп-зерделеген ғұла-малар; зекет ғибадаты парыз болған жандарға құрбандық шалу уәжіп болады деген. Ал, құрбандық шалу жағдайы келетін мұсылмандар үшін сүннет.

Алла Тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашылығына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа кенелтеді. Құрбан шалу да – Жаратқанның арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұйрықты шын ықыласпен атқарушы Раббысының ризашылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болады, мол сауап иеленеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндірген еді:

وفي الحديث أن النبي - صلى الله عليه وسلم - قال: مَا عَمِلَ آدَمِيٌ مِنْ عَمَلٍ يَوْمَ النَّحْرِ أَحَبَّ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ إِهْرَاقِ الدَّمِّ، وَإِنَّهَا لَتأَتيِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِقُرُونِهَا وَأَشْعَارِهَا وَأَظْلاَفِهَا، وَإِنَّ الدَّمَ لَيَقَعُ مِنَ اللهِ عَزَّ وَجَلَّ بِمَكَانٍ قَبْلَ أَنْ يَقَعَ عَلَى الْأَرْضِ، فَطَيِّبُوا بِهَا نَفْسًا

«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»9 деген. Төмендегі хадисте:

قال أصحاب رسول الله  : يا رسول الله ما هذه الأضاحي ؟ قال : سنة أبيكم إبراهيم .

قالوا : فما لنا فيها يا رسول الله ؟ قال: بكل شعرة حسنة قالوا : فالصوف يا رسول الله ؟ قال : بكل شعرة من الصوف حسنة

«Сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.), құрбандық деген не? - деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, - деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады»10- деп сүйіншілеген-ді.

Иә! Алла Тағаланың бұйрығы мен пайғамбарлар сүннетін орындау - Жаратушы Иеміздің мейіріміне кенелтіп, екі дүниенің сый-сияпатына бөлендіріп,  Раббымызға жақындатары сөзсіз.

Себебі, «құрбан» деп аталуының өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы жайында        ғұламалар:

هي ذبح حيوان مخصوص بنية القربة في وقت مخصوص

«Арнайы уақытта (Алланың ризалығына) жақындау ниетімен белгілі малдың түрін бауыздау»11 - деп айтқан. Сол сияқты Құрбан айт күндерінде (алғашқы үш күнінде) Алла Тағаланың ризашылығын алу ниетімен шалынатын құрбанға «удхия» делінеді. Әр құлшылықтың уақыты мен үкімдері болғандай құрбан малын шалудың  да уақыты мен өзіндік үкімдері бар. Құрбан шалудың  уақыты турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

إِنَّ أَوَّلَ مَا نَبْدَأُ فيِ يَوْمِنَا هَذَا: أَنْ نُصَلِّيَ، ثُمَّ نَرْجِعَ فَنَنْحَرَ، فَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدْ أَصَابَ سُنَّتِي، وَمَنْ نَحَرَ قَبْلَ الصَّلاَةِ فَإِنَّمَا هُوَ لَحْمٌ قَدَّمَهُ لأَهْلِهِ، لَيْسَ مِنَ النُّسُكِ فيِ شَيْءٍ

«Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, содан соң қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», - деп баян етті.

Алла елшісі (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал соятын еді. Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте:

عن أنس  قال : ضحى النبي   بكبشين أملحين أقرنين، فرأيته واضعاً قدمه على صفاحهما يسمِّي ويكبر فذبحهما بيده

«Пайғамбар (с.ғ.с.) құрбандыққа мүйіздері үлкен қара ала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Сондай-ақ, (қырымен жатқызып)  аяғын жамбастарының үстіне қойып: «Бисмилләһи уаллаһу әкбар», - деп өз қолымен бауыздағанын көрдім12», - деп айтқан. Келесі хадисте:

 وقال : بسم الله والله أكبر هذا عني وعمَّن لم يضح من أمتي 

«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан», - деді13»,- делінген. 

Бұл күндері дәулетті қазақ аталарымыз қос өркештілерді қос-қостан сойып, аса мұқтаж бауырларына азық ретінде ұсынатын еді. Сойылған құрбандықтары арқылы иеленетін сансыз сауаптың қадірін де жете түсінген қазақпыз.

Зор сүйінші айтайын,
Мұсылман болып туғанға.
Ислам дінін қуғанға,
Намаз оқып зекет бер,
Айналмаңыз құр малға.
Садақа беріп нашарға,
Жақсы мал шалғын құрбанға!
 - деп Майлықожа ақын бабамыз жырлағандай қазақ қашаннан Исламның негіздерін жүректеріне гүл етіп еккен.

Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздан алдын ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті.

Айт намазынан қайтқанда барған жолдан басқа жолмен қайту туралы хадистерде: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айт күні намазға барған жолымен емес, басқа жолмен қайтатыны» айтылған.

Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ,
Алматы қалалық Орталық мешітінің бас имамы

______________

1 Хадисті Имам Тирмизи және Әбу Дәуіт риуаят етті.
2 Әбу Дәуіт, құрбан, 1/2789
3 «Маида» сүресі, 27-28-аяттар.
4 Хадисті имам Бәйһақи және ибн Мәжә риуаят етті.
5 «Хаж» сүресі, 37-аят.
6 «Хаж» сүресі, 27-28-аяттар.
7 «Кәусар» сүресі, 2-аят.
8 Хадисті Ибн Мәжә риуаят етті.
9 Хадисті имам Тирмизи риуаят етті.
10 Хадисті Имам Ахмад және ибн Мәжә риуаят етті.
11 Әд-дәррул мухтар шарх тәнуир әл-әбсор 6/312
12 Хадисті имам Бұхари риуаят етті.
13 Хадисті Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә риуаят етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы