Жұма, 20 Қараша 2015   |   5331 рет оқылды

Бала тәрбиесінің кейбір қырлары

Имандылық – бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Сондықтан тәрбиені діннен бөлек алып қарауға әсте болмайды. Қаншалықты жақсы тәрбие көрсе де, дініне енжар, селқос қарайтын, имандылық негіздеріне аса мән бермейтін ұрпақ екі дүниеде де мұратқа толық жете алмайды.

Қазіргі жаһандану заманында қоғамымыздағы кейбір жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге үйір болып, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық, рухани құндылықтарға қарсы келуінің басты себебі де, сөз жоқ, нақ осы имандылық тәрбиенің әлсіздігінен немесе жоқтығынан.

Жалпы бір ғасырдай уақыт бойы ажырап қалған төл дінімізге оралу, рухани құндылықтарды басты назарда ұстау қоғамда қордаланған талай түйіткілді мәселелердің шешімі болып табылады.

Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ер жеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَ أَهْلِيكُمْ نَارَا وَقُودُهَا النَّاسُ وَ الْحِجَارَةُ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан(тозақтан) құтқарыңдар[1]».

وَاعْلَمُوا أَنَّمَا أَمْوَالَكُمْ وَ أَوْلَادُكُمْ فِتْنَةٌ وَ أَنَّ الله عِنْدَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ

«Біліңдер! Шындығында мал-мүліктерің және балаларың сынақ, ал Алланың алдында – үлкен сый[2]».

Ибн Омар (р.ғ.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін риуаят еткен:

كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤول عَنْ رَعِيَّتِهِ، الإِمَامُ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَمَسْؤولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا، وَالْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سَيِّدِهِ ومَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، -قَالَ: وَحَسِبْتُ أَنْ قَدْ قَالَ: وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي مَالِ أَبِيهِ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ- وَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَمَسْؤولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!».

Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру – әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыда ең бірінші үлгі тұтарымыз – пайғамбарымыз (ﷺ). Ол бірде балаларын сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейірімді алып қойған болса, мен не істейін енді?», - деп реніш білдірген. Себебі, мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады.

Тәрбиенің басты ұстындары

Жанұя құрумен бірге ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершіліктері де аса зор. Балалық шақ және жасөспірімдік кезең адам өміріндегі сенім мен мінез-құлық сияқты басты ұстанымдардың қалыптасатын кезеңі. Адамның тұлғалық жағынан қалыптасуы отбасынан бастау алады. Жанұя тұлғаның шынығып, қалыптасатын шеберханасы десе де болады. Тұлғалық қасиеттер жанұя жағдайында бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қалыптасқан қасиеттер, әдетте, ешқандай өзгерістерге ұшырмайды да, мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады.

Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды. Сондай-ақ айқай-шу, төбелес сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал.

Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда, көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өйткені, олардың өздері де сондай түрлі қателіктерге ұрынып, жүйке жүйелері бұзылған жандар. Өз қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен, сәбилерінің неліктен ондай болып шыққандығына қайран қалады. Осыған байланысты пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:

كُلُّ مَولُود يُولَدُ عَلَى الفِطْرَةِ حَتَّى يَكُونَ أَبَوَاهُ هُمَا اللَّذَانِ يُهِوِّدَانِهِ وَيُنَصِّرَانِهِ

«Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы етеді [3]».

Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы.

Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы он жылдығы болып саналады. Педагог-психологтардың айтуларынша, баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80 пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі. Сондай-ақ, тұлғалық жан-жақты және үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді.

Әсіресе, алғашқы екі жылдағы тәрбиенің маңызы өте зор. Себебі, бұл сенімділік, шынайылық сезімдерінің іргетасы қаланатын кезең. Сондықтан да осы кезеңде нәрестеге тұрақты әрі үйлесімді сүйіспеншілікпен, үлкен мейірім-шапағатпен қарау керек. Мәселе нәрестені кім бағып жатқандығында емес, сүйіспеншіліктің тұрақты болуында. Тәжірибелердің көрсеткеніндей, тез ауысып, өзгеріп тұратын орталарда өскен балалардың бойында уақыт өте келе қоршаған ортаға деген сенімсіздік пайда болады. Мысалы, Филиппин елінде жүргізілген тәжірибелерде балалық шағында сүйіспеншілік пен ыстық ықыластың құшағында өскен балалар есейген кезінде аса сабырлы, байыпты әрі ұстамды болып қалыптасқан. Сондықтан ештеңеден хабарсыз болып көрінетін алғашқы сәбилік кезеңнің, шын мәнінде, бала санасының қалыптасуындағы рөлі ерекше.

Сонымен, бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:

1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда, мейірімнің өзі мөлшермен берілуі тиіс. Шектен тыс әлпештеп, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.

2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала басынан-ақ өзінің қалауының шектелуі екенінен нақты, шынайы түрде хабардар болуы қажет.

Әсіресе, қандай жағдайда да балаға жалған сөйлемеген жөн. Бұған Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадисі дәлел. Абдулла ибн Амир (р.ғ.) былай дейді: «Бір күні үйімізде Алла Елшісі (ﷺ) отырған кезде анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», - деп мені шақырып алды. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Оған не бермекші едіңіз?» - деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», - деді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді», - деді.[4]

3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе, ұлы жақсы болғанмен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсы болғанмен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.

4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде Ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Алланың алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айтқан жөн. Алла Елшісі (ﷺ) былай деп өсиет еткен:

إِذَا مَاتَ ابْن آدَمَ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إِلاَّ مِنْ ثَلاَث صَدَقَة جَارِيَّة أَوْ عِلْمُ يَنْتَفِعُ بِهِ أَوْ وَلَدٌ صَالِحٌ يَدْعُو لَه

«Өлген соң адамның барлық амал дәптерлері жабылып, тек мына үш амалдың ғана сауаптары оған үздіксіз жетіп тұрады. Олар: берген жария садақасы, (мысалы, құдық, көпір, медресе салу) пайда келтіретін білімі, (таратқан білімі) артынан қалған игі перзентінің жасаған дұға-тілегі».

Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы қияметте жұмақ қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе, мен де кірмеймін»,- деп отырады. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар.

Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:

1. Отбасы;
2. Сыртқы орта («көше»);
3. Мектеп;
4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.

Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді жалпы мұсылман қоғамының ортақ ісі. Жаратушы Хақ Тағала мұсылмандардың ізгі істерде әрдайым тізе қосып, бірге іске асыруларына үндейді. Осыған байланысты Алла Тағала:

وَ تَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَ التَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَ الْعُدْوَانِ

«Ізгілік пен тақуалықта ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандықта ынтымақтаспаңдар[5]», - деген.

Сонымен қатар, баланы тым әлпештеп, аялап, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Қарапайым тіршілікке, қанағатшылдыққа баулу керек. Өйткені, шектен тыс рахат, тоқшылық ортада өсу ұрпақтың әлжуаз, аурушаң немесе кердең-кербез болып шығуына апарып соқтырады. Хадисте былай делінеді: «Тым тоқшылдықтан сақ болыңдар! Расынды Алланың құлдары қанағатсыз емес[6]».

Абай атамыз айтқандай:

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын!».

Ата-ананың есейген балаларын ерте жастан еңбек етуге үйретіп, өзінің құрдасындай тұтып, кей істерде ақылдасып, кеңесіп отырғаны жөн. Сонда ғана бала өз бетінше еңбек етуге үйреніп, алдынан шыққан қиындықтардан оңай жол табатын болады. Халық нақылында: «Алтыға дейін патшаңдай сыйла, алтыдан кейін құлыңдай жұмса, он алтыда досыңдай сырлас» делінеді.

Кімде-кім баласын тәрбиелеуге, оған пайдалы нәрселер үйретуге салғырт қараса, орны толмас қателік жасаған болады. Балалардың әдепсіз бұзық болып шығуына көбіне ата-аналардың өздері кінәлі. Өйткені олар балаларына дұрыс тәрбие беруге, діннің алғы шарттары мен Пайғамбар (ﷺ) сүннетін үйретуге немқұрайлы қарайды. Көбі мұны өздері де білмейді. Баланы жасынан ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелемеген соң, есейген кезде олар ешкімге де опа бермесі анық.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

لِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا هُمْ نَاسِكُوهُ

«Әрбір үмбетке өздері ұстанатын құлшылық ету ережелерін белгіледік».[7]

Соларды біздің ата-бабаларымыз салт-дәстүрімізбен біте қайнастырып ұстанып келген. Имандылық тәрбиенің жоқтығынан немесе асыл дінімізді жетік танымағаннан болып бүгінгі таңда көптеген жастарымыз ата-анаға, үлкенге, ұстазға, басшыға, тіпті мешіттегі имамдарымызға дейін қарсы шығып олардың сөзін тыңдамай, бағып-қаққан ата-анасының тамағын ішпей кетіп жатқан қаншама жастырымыз бар.

Ал Құранда Алла Тағала ата-ананы сыйлау керектігі жайлы қаншама аяттарда ескерткен.

Соның бірінде әке-шешеге құрметтің нағыз шыңын көрсетеді.

وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً . وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً

«Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешелеріңе жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр!»[8]. Бұл жердегі әрбір сөзге терең мән беріп қарау керек.

Екінші мәселе: отанға деген сүйіспеншілік

Бүгінгі таңда отанға деген сүйіспеншілік жастар арасында қалып бара жатқан сияқты. «Отанды сүю иманнан» деген керемет қанатты сөз бар. Осы қанатты сөзді жадымыздан шығармай осының аясында әрекет етуіміз керек. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі.

Сондықтан осы бесеуін ту етіп ел ішінде бүлік шығарудан сақ болғанымыз дұрыс. Қаншама ұлт бар өз тілінде сөйлей алмайды, тәуелсіздіктің исін де сезе алмайды, дінінде еркін құлшылық жасай алмайды. Міне осыларға қарап Аллаға шүкір етіп елге, жерге, дінге, тілге қызмет етуіміз керек.

Үшінші мәселе: білімге көңіл бөлу

Бір тағылымды кеңесте «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» делінген. Соңғы ғасырлардағы ірі ғұламалардың «Мұсылмандарды артта қалдырып отырған үш кесел: білімсіздік, өзара алауыздық, кедейлік» деп атап көрсеткендей, бүгінгі күнгі көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандардың елге деген жанашырлығы жас ұрпақтың заманға сай озық білім алуына, сондай-ақ ұлтжандылық пен мұсылмандық тәліммен де сусындауында жатыр. Ал жастарға білім алуға мүмкіншілік жасалған кезде тереңінен білім алып, жан-жақты кең ойлап ортаға сай амал жасауы тиіс.

Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған. Олай болса жастардың білім алуына жағдай жасау ел ағаларының басты міндеті. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір, біз өз тарапымыздан жастардың діни білім алу жағынан қолымыздан келгенше әрекет етудеміз. Мәселен 9 медресе мен «Нұр-Мүбәрак» университетінің қызмет етуі осының айғағы.

Төртінші мәселе: басшыға бағыну

Басшыларға бағыну да әркімнің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пайғамбарымыз (ﷺ) өз сөзінде: «Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар», - деп тапсырған. Өйткені, Құранда:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару - кісі өлтіруден де ауыр күнә[9]», - делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Сол себепті басшыларға, мешіттерде имамдарға бағыну да тып-тыныш жатқан елді ала тайдай бүлдірмеу үшін аса қажет. Қандай да бір діни мәселеде талас туған жағдайда «бас-басына би болу емес» жүгінетін орын - Діни басқарма немесе Діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамы болуы тиіс. Бұл еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қажет.

Бір елдің нанын жеп, бір жердің суын ішіп отырғандықтан мұсылман мұсылманға қаталдық танытпай, бауырмалдығын көрсетуі тиіс. Бұл - Исламның бұйрығы. Құранда:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ

«Күмәнсіз, мұсылмандар бір-біріне бауыр[10]», - деп баяндалған. Екі мұсылман ренжіссе арасын татуластыру әрі үлкен сауап екендігі айтылған. Хадистерде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар[11]».

«Мұсылмандар қабырғалары бір-бірін мықтап ұстап тұрған ғимарат тәрізді»[12], «Мүміндер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді[13]», «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман - мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті[14]», - делінген. Сол себепті ансар мен мұһажир сахабалардың бауырластығы тәрізді қиналғанда бір-біріне қол ұшын созып, әрдайым көмекке әзір тұру, бір-бірін жақын тарту - бүгінгі мұсылмандарға жетіспей жатқан қасиет деуге болады.

Бесінші мәселе: үлкенге құрмет кішіге ізет көрсету

Исламда жастардың тағы бір көңіл бөлетін нәрсесі үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا وَيُوَقِّرْ كَبيرَنَا

 «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес», - делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осы орайда бүгінгі күні жастар өздерін имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу жағын күшейтуді басты мәселе деп қарауды ұмытпауы қажет.

Серікбай қажы ОРАЗ
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
 «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы 



[1] «Тахрим» сүресі, 6-аят.
[2] «Әнфал» сүресі, 28-аят.
[3] Бұхари.
[4] Әбу Дәуід.
[5] «Мәида» сүресі, 2-аят.
[6] Имам Ахмад.
[7] «Хаж» сүресі, 67-аят.
[8] «Исра» сүресі, 23-24 аяттар.
[9] «Бақара» сүресі, 191- аят
[10] «Хужурат» сүресі, 10-аят
[11] Муслим.
[12] Муслим.
[13] Муслим.
[14] Муслим.

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы