Дүйсенбі, 08 Мамыр 2017   |   179 рет оқылды

ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН

Отан дегеніміз не? Әуелгі сөзімізді осындан бастайық. Құс екеш құстың өзі де ұясыз болмайды, сол демекші адам баласын да туған жерсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, әрбір адамның туған жері, өлкесі бар. Яғни, кісінің дүниеге келіп, сол жердің топырағына аунап-қунап өскен жерін «Отан» деп атайды. Сондай-ақ, ондағы халықпен бірге тұрмыс кешіп, туған жері үшін жан беретін мекенді айтады. Өз алдына шекарасы, ел басқарар патшасы, құқықтық заңдары, тілі, діні, салт-дәстүрі бар тәуелсіз мемлекетті «Отан» десек, онда татулықта тіршілік кешіп жатқан халық бір-бірін «Отандас» деп құрмет көрсетуі қандай тамаша?! 

Жалпы, отандасып, тірішілік ету сонау алғаш Адам ата кезеңінен басталды десек артық емес болар. Жаратушы Алла Адам ата мен Хауа ананы жаратып, сый ретінде жәннаттың төріне оздырған кезде, оларға: «Ей, Адам! Жұбайыңмен жәннатқа жайғасып, қалағандарыңша жеңдер», – деді («Бақара» сүресі, 35-аят). Алла ол екеуіне сол жерде ешқандай аштық пен шөл қасіретін тартпай, жалаңаш қалмай, қысқасы, ешбір қиыншылық көрмейтіндіктерін білдіріп: «Сонда Адамға: «Күдіксіз осы, (ібіліс) саған да, жұбайыңа да дұшпан. Екеуіңді жәннаттан шығарып жібермесін. Сонда машақат тартасыңдар» дедік. Күдіксіз сен жәннатта, аш-жалаңаш қалмайсың. Сондай-ақ онда шөлдемейсің де күннің ыстығы өтпейді», – деген еді («Таһа» сүресі, 117-119 аяттар).

Жәннатта емін-еркін жүрген Адам ата мен Хауа ана әртүрлі нығметтердің дәмін татып, тамашалайды. Алайда Хақ Тағала бұларға жәннаттың барлық жемістерін жеуге рұқсат бергенімен: «Мына ағашқа жоламаңдар. Онда жазықтылардан боласыңдар», – деп («Бақара» сүресі, 35-аят) бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды.

Дегенмен Адам ата мен Хауа ана ә дегеннен Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін ауызға салды. Өздерінің үлкен қате жасағандарын аңғарып: «Уа, Раббымыз! Екеуміз де нәпсімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізге кешірім етіп, рақым қылмасаң, біз қасіретке ұшырағандардан боламыз», – деп тәубесіне келді («Ағраф» сүресі, 23-аят). Дегенмен, жасаған жаңсақтықтары үшін: «Бір-бірлеріңе дұшпан болып жер бетіне түсіңдер!»,  деп Адам мен Хауа ананы және шайтанды да жер бетіне түсірген. Бұдан кейін олардың жаңа өмірі жер жаһанда басталды.  

Бүкіл пайғамбарлар да ел ішінен шығып, өздері мекен еткен қауымға дін насихаттап, Хақ Алланы танытқан. Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақ халық болып, ұлт пен ұлысқа жалғасып, жер шарында тіршілік етіп келеді. Қарап отырсақ, әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшелігі, тілі, діни нанымдары мен дәстүрі қалыптасқан. Алла Құранда:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят). Аятқа зер салсақ, Алла Тағала адамзатты бір-біріне танытып, өзара қоғам, отан құрумен тіршілік ететінін меңзегендей. Бір атадан тараған жер бетіндегі әрбір ұлт-ұлыстың туып өскен жерін «Отаным» деп марқайып, «елім» деп езіле түсуі бекер емес.

Біздің бабаларымыз да отанның қадірін жете түсініп, «Елім-ай» деп жырлады. Тіпті, «Отан – оттан да ыстық» немесе «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп елін, жерін сүюге үндеген. Өйткені, Отаны бардың құрар отауы бар екенін білген бабаларымыз ұлтарақтай жері болса, бағым сол деп біліп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұрпағы үшін осынша байтақ даламызды қорғай білді.  Міне, біз мекен еткен қазақтың ұланғайыр даласында ғасырлар бойы салт-дәстүріміз қалыптасып, рухани бай мұрамыз сақталып, ұлттық құндылығымыз бен терең тарихымыз күні бүгінге жетті. Отансыз халық болғанымызда осынша құнды дүние сақталар ма еді?! Сол үшін ислам діні әрбір иманды жанға өзі туып өскен отанын сүюге, оны қорғауға үндеп келеді.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін айтқаны бар. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Және бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عينان لا تمسهما النار عين بكت من خشية الله و عين باتت تحرس في سبيل الله

«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» (Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12).

Біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіндегі ең қасиетті мекен Мекке қаласында жарық дүниеге келді. Балалық шағы Меккенің топырағында өтті. Ғаламның Раббысы Алладан пайғамбарлық жауапкершілігі жүктелген күннен бастап, ол кісіге дұшпандықтың қатары артты. Яғни, екі дүние сардары Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі мүшріктерден көп қиындық көріп, исламның ертеңі үшін Мәдинаға қоныс аудармаққа шешті. Мекке шаһарынан қасиетті Мәдинаға қоныс аударуға шыққан кезінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқау көңілмен ұзақ қарап:

– Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен.

Пайғамбарымыздың өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап «Мен үшін сенен артық жер жоқ» деп көңіл құлазыған сәті де біз үшін сабақ. Мұны білген бабаларымыз «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» деп мағыналы нақыл қалдырған. Құранда Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай бұйырылған:

إِنَّ الَّذِي فَرَضَ عَلَيْكَ الْقُرْآنَ لَرَادُّكَ إِلَى مَعَادٍ قُل رَّبِّي أَعْلَمُ مَن جَاء بِالْهُدَى وَمَنْ هُوَ فِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ

 «(Мұхаммед ғ.с.) шәксіз саған Құранды міндетті қылған Алла, әрине сені қайтар жеріңе (Меккеге) қайтарады. «Раббым, туралық келтірген кісіні де ашық адасудағы кісіні де жақсы біледі» де» («Қасас» сүресі, 85-аят).

Отанды қорғау, оны сүю, оған көрсетілген құрмет – мұсылман баласы үшін сауап болып жазылмақ. Бұл жайлы хадисте былай делінген:

رباط يوم و ليلة خير من صيام شهر و قيامه و ان مات جرى عليه عمله الذي كان يعمله و اجري عليه رزقه و امن الفتان

«Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» (Муслим, Имара 163. II, 1520).

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын осынша байтақ жерімізді бабаларымыз бекер жау қолынан қорғаған жоқ. «Өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген сол бабалар «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген еді. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді:

لا تتمنوا لقاء العدو وا سا لوا الله العافية  فاذا لقيتموهم فاصبروا يا ايها الناس

«Сіздер дұшпанмен қарсыласуды тілемеңдер. Алладан кешірім сұраңдар. Ал, дұшпанмен кездескенде сабыр және күштеріңізбен қарсы тұрыңыздар» (Муслим, жихад, 20. III, 1362. Бұхари, жихад,112. IV, 9). Бұл хадиске де бабаларымыз амал жасап, кең даласын найзасымен де, қала берді қызыл тілдің шеберлігімен де қорғай білген.

Орта жүздің биі болған Қаз дауысты Қазыбек би бабамызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол Қазыбек би бабамыздың жастық шағы көрші мемлекеттердің жерімізге көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келген еді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да:

«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» – деген.

Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан деседі (Дереккөз: wikipedia.org).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз жерін қалай сүйген болса, оның ең ардақты достары болған сахабалар да отанын шексіз сүйген. Отан үшін ғұмырларын арнап, білімімен, еңбегімен, сөзімен күш жұмсаған жандар. Бір ғана мысал. Білім қақпасы атанған, төрт халифаның бірі Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Адамгершілігіңе жамандық жасаса, оны кешір. Ал егер ол Отанына және халқына жаманшылық етсе, әсте кешірмеңдер», – деп айтқан екен.

Түсінгеніміздей, Отанға қиянат жасау кешірілмейтін күнә. Кейде көзсіз жасалған қиянат себебінен жазықсыз халықтың зардап шегетіні тағы бар. Сондай қиянаттың бірі – Отанды өрге жетелеген басшыға бағынбай, қыңырлық көрсетіп, ел ішінен бүлік тудыру жағдайы. Ал басшыға бағынумен береке келетінін білдіріп, Құран иман еткендерге былай бұйырады:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ

«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар». («Ниса» сүресі, 59-аят) Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында:

مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهَ ، وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهَ ، وَمَنْ يُطِعِ الْأَمِيرَ فَقَدْ أَطَاعَنِي ، وَمَنْ يَعْصِ الْأَميرَ فَقَدْ عَصَانِي

«Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені», – деген (Муслим риуаят еткен).

Сондай-ақ, бір хадисте былай делінген:

مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ، وَخَرَجَ مِنَ الطَّاعَةِ، فَمَاتَ فَمَيْتَتُهُ جَاهِلِيَّة

«Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі» (Муслим риуаят еткен).

Отанның іргесі мықты болу үшін оның ішкі бірлігі берік болу керек.  Шынында, Алла Тағала құлдарын бірлікке үндейді. Сондай-ақ, берген нығметін еске алып, бейбітшілікті бағалауды нұсқайды. Демек, бөлінбеу, бір болу дұшпандықты жояды. Құранда:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُواْ وَاذْكُرُواْ نِعْمَةَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنتُمْ عَلَىَ شَفَا حُفْرَةٍ مِّنَ النَّارِ فَأَنقَذَكُم مِّنْهَا كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят).

Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ  

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» («Бақара» сүресі, 191-аят). Ал, пайғамбарымыз: «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – дейді.

Иә, Отанды шын сүйген адам бүлікке емес, әуелі бірлікке қадам басады. Бірлікті қалаған адам «жихад» деп соңына жетелеген жалаң ұрандардан сақтанады. Отанын сүйген адам еліне қызмет етуді өзіне қасиетті борыш санайды. Отанды жақсы көрген кісі «Мемлекет маған не берді?» деп емес, «Мен туып-өскен Отаныма қандай үлес қостым» деген үлкен мақсатпен тіршілік кешеді. Нәтижесінде отаншыл адам бос жүрмей, қалт етсе егін егіп, жол салып, ғылымын өркендетіп, тау-тасын қорғап, ұрпақ тәрбиесімен айналысып, мешіт-медресе, мектеп-балабақша тұрғызумен еңбегін сіңіреді. Осылайша еліне материалдық һәм рухани жетістікер әкеледі. Бұл жөнінде Құранда былай делінеді:

وَتَعَاوَنُواْ عَلَى الْبرِّ وَالتَّقْوَى وَلاَ تَعَاوَنُواْ عَلَى الإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәйда» сүресі, 2-аят). 

Ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізге айдап салуға тырысатын топтардан сақтанып, ондайларға көзсіз еріп кете беруге болмайды. Әрине, оның арты өкініш әкеледі. Мұны да Құран бізге анық баян етуде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَأٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Әй, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер» («Хұжурат» сүресі, 6-аят).

Кезінде Алланың халиулласына айналған Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар да әр дұғасында «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер» деп дұға жасайды екен.

Халқымызда да: «Отан отбасынан басталады» деген нақыл бар. Демек, отанды сүю, елге деген сезім, әуелі отбасынан басталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы – еліне, отағасы – отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», – деген.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың»; «Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі; «Адам елінде көгерер, қоға көлінде көгерер»; «Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас» деп бабаларымыз отаннан асқан ыстық жер жоқ екенін топшылап кеткен. Елбасымыз да: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы»,  деп бекер айтпаса керек. Өйткені, шекара асып жырақтап кетсең, құшақ жайып қарсы алар отаның бар екенін, оның қадірін сонда түсінерсің. Сол үшін қайда жүрсек те, Отанымызды қорғап, бағалай жүрейік...

Мансұров Батыржан Берденұлы,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісуді ұмытпаңыздар

Пікір қалдыру


Security code
Жаңарту

Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ресми сайты
Сайтты жасаушы және техникалық қолдау көрсетуші Avant Systems компаниясы